You are here

Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру

Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру - еңбек ету қабiлетiнен айрылуына және (немесе) жұмысынан айрылуына, сондай-ақ асыраушысынан айрылуына байланысты, жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне орай табысынан айрылуына байланысты табыстың бiр бөлiгiн өтеу үшiн мемлекет ұйымдастыратын, бақылайтын және кепiлдiк беретiн шаралар жиынтығы;

Әлеуметтiк аударымдарды төлеушi – Қазақстан Республикасының заңдылығымен белгiленген тәртiппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды есептеудi және төлеудi жүзеге асыратын жұмыс берушi немесе өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адам;

Әлеуметтiк аударымдар - өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыға, ал асыраушысынан айрылған жағдайда оның асырауында болған отбасы мүшелерiне әлеуметтiк төлемдер алу құқығын беретiн, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетiн Қазақстан Республикасының заңдылығымен белгiленген мiндеттi төлемдер;

Әлеуметтiк қатер - еңбек ету қабiлетiнен айрылуына және (немесе) жұмысынан айрылуына, асыраушысынан айрылуына, сондай-ақ жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айрылуына әкеп соқтырған оқиғаның басталуы, соның нәтижесінде өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы не ол қайтыс болған жағдайда оның асырауында болған отбасының мүшелерi әлеуметтiк төлемдердi алу құқығына ие болады;

Әлеуметтiк төлемдi алушы – әлеуметтік қатер төнгенге дейін Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына ол үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген не өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде оларды өзi төлеген және әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган оған қатысты әлеуметтiк төлемдер тағайындау туралы шешiм шығарған жеке тұлға, ал мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы болып табылатын адам қайтыс болған жағдайда – қайтыс болған (coт хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерi;

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры - әлеуметтiк аударымдарды шоғырландыруды және мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы болған асыраушысынан айрылған жағдайда, оның асырауындағы отбасы мүшелерiн қоса алғанда, оған қатысты әлеуметтiк қатер жағдайы басталған мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыларға төлемдер жүргiзетiн заңды тұлға;

Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi - жұмыс берушiнiң қызметкерге орындалған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер үшiн табыс түрiнде төлейтiн шығыстары. Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамның әлеуметтiк аударымдарын есептеуге арналған объект оның алатын табыстары болып табылады;

Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысудың жалпы өтілі – әлеуметтiк аударымдар түскен айлардың жалпы саны.

Зейнетақы – уәкiлеттi ұйымнан, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң жиынтығы;

Уәкілетті ұйымнан зейнетақы төлемдерi  – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемiнде алты ай еңбек өтілі бар жеке тұлғаларға еңбек өтіліне барабар жүзеге асырылатын ақша төлемдері;

Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi – Қазақстан Республикасының азаматтарына зейнеткерлiк жасқа толуы бойынша берiлетiн ай сайынғы ақшалай төлем;

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан  зейнетақы төлемдері – зейнетақы төлемдерiн алушыларға төленетін зейнетақы жинақтарының төлемдері;

Зейнетақы төлемдерiн алушы – уәкiлеттi ұйымнан зейнетақы төлемдерi тағайындалған және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар жеке тұлға;

Зейнетақы жинақтары – шарттарға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерiктi зейнетақы жарналарын, инвестициялық табысты, өсiмпұлды және өзге де түсiмдердi қамтитын, салымшының (зейнетақы төлемдерiн алушының) жеке зейнетақы шотында есепке алынатын ақшасы;

Ең төмен зейнетақы – республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген ең төмен зейнетақы мөлшерi;

Мiндеттi зейнетақы жарналары – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салынатын ақша;

Мiндеттi зейнетақы жарналарының салымшысы – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке зейнетақы шоты бар жеке тұлға;

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын қызметкерлердің пайдасы үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салатын ақша;

Міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарының салымшысы – қызметкердiң пайдасына өзінің меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын жұмыс беруші;

Зейнетақы аннуитетi шарты – сақтанушы (зейнетақы төлемдерiн алушы) соған сәйкес сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтарының сомасын беруге мiндеттенетін, ал сақтандыру ұйымы сақтанушының (зейнетақы төлемдерiн алушының) пайдасына өмiр бойы немесе белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiнде сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға мiндеттенетін сақтандыру шарты;

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға.

Уәкiлеттi ұйым – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша құрылған "Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталық" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорны;

Уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерiн есептеу
үшiн табыс - 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табыс негiзге алына отырып жүзеге асырылатын және жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы айқындалатын табыс, бұл жерде табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 41 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;

Уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілі - 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге еңбек өтілі, оның ішінде жұмыс,  әскери қызмет, жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы оқу, жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт және т.б.

Мүгедектiгi бойынша жәрдемақы – белгіленген тәртіппен мүгедек болып танылған азаматтарға жәрдемақыға өтiнiш жасалған уақытта жұмыстың тоқтатылғанына немесе жалғасуына қарамастан тағайындалатын  ай сайынғы ақшалай төлемдер;

Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы - асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған мүшелеріне тағайындалатын ай сайынғы ақшалай төлемдер;

Жасына байланысты жәрдемақы - азаматтарға уәкілетті ұйымнан, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін зейнетақы төлемдерiне құқығы болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңдылығымен белгiленген жасқа толғанда тағайындалатын жәрдемақы.

Бөлімдер:
14 қаңтар, 2015 - 15:51 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші