You are here

Әлеуметтің әлеуетін арттыратын жоба, "Айқын" газеті, 9 қыркүйек 2017 жыл

Бірнеше айдан соң Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету жүйесі түбегейлі өзгермек. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жәрдемақының орнына, мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек көлемін кеңейту көзделген, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипаты (АӘК) кәдеге жарайтын болады.

АӘК жаңа үлгіде шартсыз және шартты ақшалай көмек болып 2 түрге бөлінеді.

Бірінші тәсіл «шартсыз ақшалай көмек» деп аталып, ол құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.

«Шартты ақшалай көмек» деп аталатын екіншісі еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасаған жағдайда, сондай-ақ, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі.

Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара жауапкершілікті мойындарына алады. Әлеуметтік қызметтер жұмыспен қамту шараларын қарастырып, жәрдемақы төлесе, көмек алушы тараптан отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына жауапкершілікпен қатысады. Тұлғаларға тек ақшалай көмек ұсынылмайды, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі. Осылайша, отбасы кедейлік жағдайынан шығуға ынталандырылады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің көмегін алу арқылы жаңаша өмір бастауға мүмкіндік бар екеніне сенуге болады.

Бұл жобаның түпкі мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың өз  кәсібін ашып, жағдайын жақсартуына мүмкіндік туғызу. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, жобада бақ сынаушы жақ мемлекетке қол жаюдан арылып, отбасын еркін асырай алатындай еңсесін тіктейді. Осы мақсатта 2014 жылдан бастап еліміздің Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында «Өрлеу» пилоттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Маңызды жоба 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырыла бастады. Сол жылы жобаға республика бойынша 38,8 мың адам қатысты. Жалпы жобаны жүзеге асыра бастағалы бері, оған 200 мыңнан астам адам қатысып, жәрдемге зәру отбасыларды тұрақты әрі кешенді қолдаудың арқасында бұл көрсеткіш ұдайы өсіп келеді.

Жобаны жүзеге асырудың арқасында оған қатысушылардың жан басына шаққандағы кірісі 2 есеге өсіп, еңбекке жарамды тұрғындардың 90,5%-ы жұмыспен қамту шараларына тартылды. Сонымен қатар, пилоттық аймақтардағы атаулы әлеуметтік көмекті алушылар қатары 24,7%-ға қысқарды.

«Атаулы әлеуметтік көмекті «Өрлеу» бағдарламасы арқылы қалай алуға болады?» деген сауалға келсек, бағдарлама аясында аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға шартты ақшалай көмек (ШАК) көрсетіледі. «Өр­леу» жобасына ШАК алуға мұқтаж отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы күнкөріс дең­­гейінен 50%-ға төмен және әлеуметтік келісімнің шарттарын орындауға уәде еткен азамат (отбасы) қатыса алады.

Кедергілер азайып, табыс көбейеді

Жобаның негіз­гі мақсаты — шартты қар­жылай көмек алған аз қам­тылған от­басы тек қана жәрдемақы иеленіп қана қоймай, осы жағдайдан шығуға әлеуметтік тұрғыдан бейімделген, кәсіби бағдарланған болуы тиіс. Бұл дегеніңіз, мұқтаж отбасылармен әлеуметтік шарт түзіліп, алты айға шартты ақшалай көмек беріледі. Оны ай сайын төлеуге немесе көзделген қаржыны бірден беруге болады. Бірақ өтінім берушінің ақшаны қалай жұмсайтыны туралы жоспары болуы қажет. Мәселен, жеке іс бастау үшін тігін машинасын немесе мал сатып ала ма, жоқ шаштараз, асхана, тағы басқа кәсіп ашқысы келе ме, осы жағы мұқият ескерілгені жөн. Бұл ақша қайтарымсыз және тоқсан сайын құжат тапсырудың қажеті жоқ. Осы тұста оңтүстіктегі еңбекқор ағайын үш айға қарастырылған көмек қаржысын бірден алуға бейім. Ал бұл ақша кем дегенде азын-аулақ мал сатып алуға жеткілікті.

Тек жәрдемақымен күнін көріп отырған отбасылар бар. Бұдан өздері де, кейін бала-шағасы да өмір бойы кедейліктің шегінен шыға алмай қиналады. Ал, «Өрлеу» жобасы арқылы кедейлік қамытынан құтылуға мүмкіндік берілген. Біріншіден, оларды мемлекет жұмысқа тұрғызады, екіншіден зейнетақы қорына аударылатын жинағы болады. Өйткені, алдағы уақытта зейнетақы жұрттың бәріне емес, тек шотына белгілі бір қаржы сомасын аударған адамдарға ғана кепілдендірілген. Айтпақшы, үш жасқа толмаған бала немесе мүгедек туыстары бар азаматтардың да жобаға қатысуға мүмкіндігі мол. Бірақ міндетті түрде күнкөріс деңгейі мен табыс мөлшері қатаң ескеріледі.

Бүгінде елімізде аз қамтылған отбасылар жәрдемақының үш түрін алатыны белгілі: 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға, балалары 18 жасқа жеткенге дейінгі берілетін жәрдемақы және ескі үлгідегі арнаулы әлеуметтік көмек. Бұл көмектерді алу үшін азаматтар құжаттарын бір емес, үш жерге апарып тапсыратын. Әрине, мұндай әуре-сарсаңның өзіндік қиындықтары бар екені айтпаса да түсінікті. Сөзбұйдаға салатын кедергілер де аз емес. Сондықтан мемлекет 2018 жылдан бастап әлеуметтік көмек көрсетудің тәртібіне өзгерістер енгізуді құп көріп отыр. Яғни келесі жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік жәрдемақы алатын тұрғындар бұрынғыдай әуреге түспейді, құжаттарын бір ғана орынға өткізіп, бірыңғай жәрдемақыға ие болады.  

Қорыта айтқанда, «Өрлеу» жобасы көмектің белсенді түрін ұсы­нады. Мұнда әлеу­меттік бейімделу, отбасының өмірде кездесетін ауыр кезеңдерден дұрыс өту жағдайы қарас­тырылған. Жоба аясында көмек алған азамат ақшалай қолдаудан басқа, өзіне белгілі шарттармен міндеттер алады. Бұл міндеттер мемлекет жә­не отбасы тарапынан қабылданатын «Өрлеу» жобасының келісімінде көрсетіледі. Ал, ең­бек нарығы дамыған қалаларда бұл жоба әлеуметтік бейімделу – жұмыс орнын іздеу, жұмысы барларға қосымша табыс көзін табу, уақытша жұмыс орнындағыларға тұрақты жұмыс орнын іздеу, оқыту және қайта оқыту көмегін көрсетуді көздейді.

Маңызды бастаманың ауыл тұрғындарына берер көмегін де айта кеткен жөн.  Енді шалғайда тұратын азаматтарға өзіне тиісті жер аумағын кеңей­ту және оны ұтымды пайдалану, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, жеке меншігіндегі өнім­ді өткізу, оны сатып алушыларға көлікпен жеткізу мәселелеріне осы жоба арқылы мүмкіндік туындауда.

Аталған бастама ел тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартып, келешекте тұрмысы төмен отбасы мүшелерін еңбек ету арқылы кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығын тиімді жүргізіп, өзін-өзі қамтамасыз етуге септігін тигізбек. Жоба жұм­ыс­сыздар санын қысқартуға және кедейлікті жоюға айтар­лықтай үлес қосады деген үміт мол.

Бөлімдер:
4 қазан, 2017 - 12:35 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші