You are here

Сұрақ-жауаптар «Еңбекке ақы төлеу әдіснамасы»

Сәлематсызба, коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері үшін жалақысына 10% қосымша ақы төлеу қарастырылған ба? Қарастырылған болса, заңнамасына сілтеме жасасаңыз. Алдын ала рахмет.

Жауап: 

Мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысы (бұдан әрі – Қаулы) негізінде жүргізіледі.
Қаулыға 18-қосымшаға сәйкес мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін лауазымдық айлықақыдан 10 % мөлшерде үстемеақы көзделген.
Осыған орай, аталған үстемеақы мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың барлық қызметкерлеріне қарастырылған.

Анықтама ретінде: Шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органмен белгіленген еңбекақы төлеу қорының шегiнде дербес айқындалады.

Сұрақтың нөмірі: 349662
28 мамыр, 2018 - 18:23 өзгертілді

Саламатсыз ба, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 4 мамырдағы № 239 қаулысы бойынша өзгерістер туралы түсіндіріп жібере аласыз ба? Қаулы түсініксіз болып тұр, қарапайым сөзбен. РАХМЕТ.

Жауап: 

Құрметті Әсем Нұрғабылқызы!

Министрлік 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Салық Кодексін жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» 2018 жылғы 4 мамырдағы № 239 Қазақстан Республикасы Үкімет қаулысымен (бұдан әрі – Қаулы) бекітілген тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 17) тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерінен бюджет қаражаты есебінен төленетін (еңбекке ақы төлеу түріндегі төлемдерден басқа) еңбек шартының қолданылуы тоқтатылған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлерде – өтемақы түріндегі төлемдер алып тасталған.
Көрсетілген төлемақы салық салуға жатпайды, осыған орай міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) олардан ұсталынбайды.
Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген қаулыға сәйкес бюджеттен тыс мекемелер мен компаниялар Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен, яғни 2018 жылғы 11 мамырдан бастап төленетін өтемақы төлемдерінен МЗЖ, МКЗЖ төлеулері қажет.

Саламатсыздарма.

Қызметтік іссапарға1 (бір) күнге шыққан кезде тәулік ақы төленедіма екен?  

Жауап: 

ҚР Еңбек кодексінің 127-бабына сәйкес іссапар уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) мен іссапар күндеріне келетін жұмыс күндері үшін жалақысы сақталады.
Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге:
1) іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер;
2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығыстары;
3) тұрғын үй-жайды жалға алу шығыстары төленеді.
Осыған орай, іссапарға бір тәулікке шыққан кезде жұмыскерге тәуліктік төлемдер төленуі тиіс.
Егер Сіз мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекеме қызметкері болсаңыз, онда аталған қызметкерлерге ҚР шегінде қызметтік іссапарларға жіберу кезіндегі шығындарды өтеу тәртібі мен шарттары «Мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының шегiндегi қызметтiк iссапарлары туралы ереженi бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 22 қыркүйектегі № 1428 Қаулысы (бұдан әрі - Ереже) негізінде айқындалады.
Ереженің 10-тармағына сәйкес егер iссапарға жiберiлген қызметкер тұрғылықты жерiне күн сайын қайтып келсе, онда жол жүру билеттерi болған кезде тәулiкақыны (тәулiкақының орнына үстемеақы) төлемей, тек қана көлiктiк шығыстар өтеледi.

Сұрақтың нөмірі: 349355
3 мамыр, 2018 - 17:46 өзгертілді

Сәлеметсізбе. Мемлекеттік мекемеде жұмыс жасайтын штаттантыс оператор  (программист) 0,5 бірлікпен  2012 жылдан бастап 2018 жылға дейін жыл сайынғы кезекті еңбек демалысына мүлдем  шықпаған болса, жұмыстан босатылған кезде өтемақы қалай есептеледі?

Жауап: 

ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 96-бабына сәйкес еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын (жыл сайынғы еңбек демалыстарын) пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.
Пайдаланылмаған еңбек демалысы күндерінің саны жұмыс істелген уақытқа үйлесімді есептеледі.
Аталған өтемақы сомасын айқындау үшін пайдаланылмаған демалыс күндері жұмыскер жұмыстан босатылған күннен кейінгі бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы күнтізбесі бойынша жұмыс күнінен бастап саналады және жұмыс режимі ескеріле отырып осы кезеңге сәйкес келетін жұмыс күндері алынады.
Пайдаланылмаған еңбек демалысының күндері үшін өтемақы орташа жалақыны есептеу арқылы төленеді.
Орташа жалақыны есептеу тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығымен бекітілген Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
Бес күндік, сондай-ақ алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйлықақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақының есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі.
Орташа жалақыны есептеу кезінде осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген төлемдер ескерілмейді.
Қағидаларға сәйкес қызметкердің орташа жалақысы орташа күндік (сағаттық) жалақыны оқиға кезеңіне сәйкес келетін жұмыс күндерінің (жұмыс сағаттарының) санына көбейту жолымен есептеледі.
Барлық жағдайларда орташа күндік (сағаттық) жалақы есеп айырысу кезеңде есептелген жалақы сомасын есеп айырысу кезеңдегі жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына бөлу жолымен айқындалады.
Осыған орай, қызметкер жұмыстан босатылған кезде еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы жоғарыда көрсетілген тәртіп бойынша жүргізіледі.
Сонымен бірге, ақпарат ретінде хабарлаймыз: Кодекстің 94-бабына сәйкес пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын не оның бір бөлігін қатарынан екі жыл бойы бермеуге тыйым салынады.

Сұрақтың нөмірі: 349322
28 сәуір, 2018 - 19:42 өзгертілді

1. 2015  жылы аудандық газеттердің 49 проценті, кей жерлерде 51 проценті жеке кәсіпкерлік құрылымдарға сатылды. 49 проценті бар жеке кәсіпкер, аудандық газет қызметкерлерінің штаттық кестесі бойынша лауазымдық жалақыларын белгілеп бекітуге, мемлекеттік тапсырысқа берілген қаржыға және газеттің жазылудан жарнамалық қызметтен түскен қаржыларына иелік етуге құқысы бар ма? 

Жауап: 

Құрметті Уәлихан Темірханұлы!
Мемлекеттік тапсырысқа берілген қаржыға және газеттің жазылудан жарнамалық қызметтен түскен қаржыларына иелік етуге ҚР Еңбек Кодексімен (бұдан – әрі Кодекс) реттелмейді және осы сұрақтар бойынша түсініктеме беру ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзіретіне кірмейді.
ҚР Еңбек кодексінің 107-бабына сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталмайтын ұйымдардың жұмыскерлерінің еңбекке ақы төлеу жағдайлары еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалады.
Бұл ретте, келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде айқындалған еңбекке ақы төлеу талаптары Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптармен салыстырғанда нашар бола алмайды.
Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлер үшін кепілдіктер мен өтемақы төлемдері Кодекспен реттеледі.
Осылай, Кодекстің 127-бабына сәйкес іссапар уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) мен іссапар күндеріне келетін жұмыс күндері үшін жалақысы сақталады.
Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге:
1) іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер;
2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығыстары;
3) тұрғын үй-жайды жалға алу шығыстары төленеді.
Жұмыскерлерді іссапарларға жіберудің шарттары мен мерзімдері еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

Сұрақтың нөмірі: 349278
5 мамыр, 2018 - 18:05 өзгертілді

Саламатсыз, мемелекеттік мекемеге 11.03.2012 жылы жетекші маман есепші болып қабылданып, 02.07.2012 жылы штат саны лимитінің қысқартылуына байланысты 02.07.2012 жылы жеке еңбек шарты негізінде есепші болып қабылдандым.11.11.2013 жылы бас маман есепші штаттық бірлік беруіне байланысты 11.11.2013 жылы бас маман есепші болып ауыстым. Сұрағым: менің жеке еңбек шарты негізінде қызмет атқарған уақыттағы еңбек өтілім  мемлекеттік қызметте еңбек ақы белгілеу коэффиентін анықтаудағы еңбек өтілін есептегенде қосылады ма?

Жауап: 

Құрметті Жанар Адилкановна!
Мемлекеттік мекемелердің және қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысымен (Бұдан әрі – Қаулы) анықталады.
Қаулының 4-тармағының 3)-тармақшасына сәйкес ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларын (тарифтік мөлшерлемесін) айқындау мақсатында орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдар (келісім бойынша) мамандығы бойынша жұмыс өтілін (қызмет саласының ерекшеліктерін ескере отырып) есептеудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.
Мысалы, педагогика саласындағы еңбек өтіл Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Бiлiм ұйымдары мен ғылыми ұйымдардың қызметкерлерiне мамандық бойынша жұмыс стажын есептеу ережесiн бекiту туралы» 2010 жылғы 14 маусымдағы № 302 Бұйрығымен анықталады.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Сіз осы сұрағыңыз бойынша құзырлы мемлекеттік органға хабарласуыңыз қажет.

Сұрақтың нөмірі: 349252
3 мамыр, 2018 - 17:55 өзгертілді

Сәлеметсіз бе! Қызылорда обылысынан. Мемлекеттік мекемедегі техникалық (персонал) қызметкерлер (статист, әдіскер,архивариус) ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы 1193 қаулысына сәйкес С2 звеносымен анықталып айлық жалақылары төленуде, жоғарыда аталған қызметкерлер кезекті еңбек демалысына шықанда Арал өніріндегі өтемақы төлемдерін төленуде. 

Сұрақ: Осы жоғарыда аталған қызметкерлерге кезекті еңбек демалысына шықанда Арал өнірі аймағында тұрғаны үшін төленетін өтемақы төлемдерінен бөлек сауықтыруға арналған өтемақы төлемдерін алуға болады ма?

Жауап: 

ҚР Еңбек Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 139-бабына сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.
Кодекстің 1-бабына сәйкес азаматтық қызметші – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақы төленетін штаттық лауазымды атқаратын және олардың міндеттері мен функцияларын іске асыру, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адам.
Осыған орай, егер Сіз көрсеткен қызметкерлер қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде (мемлекеттік орган болып табылмайтын) штаттық лауазым бойынша қызмет атқаратын болса, оларға жыл сайынғы еңбек демалысына шығар кезде берілетін сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді.
Сонымен бірге, мемлекеттік органдарда «Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыскерлер санының бірыңғай салааралық нормативтерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 1002 бұйрығына сәйкес қабылданған қызметкерлер азаматтық қызметшілер болып табылмайды, тиісінше оларға Кодекстің 139-бабымен анықталған норма таратылмайды.

Сұрақтың нөмірі: 349097
17 сәуір, 2018 - 18:14 өзгертілді

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек түрі енгізілді. Осыған байланысты 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Халықты жұмыспен қамту орталықтарының штатына әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар және ассистенттер қабылданды.Осыған байланысты әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттың еңбек ақысы "В" категориясымен, ал ассистенттердің еңбек ақысы "Д" категориясымен төленіп отыр. ҚР Үкіметінің 1193 қаулысында "В" категориясында "әлеуметтік жұмыс жөніндегі  ассистент деп көрсетілуде.

Жауап: 

Мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысы (бұдан әрі – Қаулы) негізінде жүргізіледі.
Қаулының 4-тармағына сәйкес тиісті қызмет салаларындағы уәкілетті органдар еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша тиісті қызмет салалары бойынша азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекітеді.
Осылайша, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы лауазымдар тізілімі «Әлеуметтік қамсыздандыру саласының азаматтық қызметшілері лауазымдарының тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1042 бұйрығымен бекітілген, оған сәйкес әлеуметтік жұмыс жөніндегі ассистент лауазымы біліміне қарай В2, В3 блоктары бойынша, ал ассистент лауазымы D блогы бойынша анықталған.
Осыған орай, жұмыспен қамту орталығы ассистентінің еңбекақысы
D блогы бойынша анықталуы қажет.

Сұрақтың нөмірі: 348934
17 сәуір, 2018 - 19:46 өзгертілді

Сәлеметсіз бе!

Әлеуметтік қызметкерлердің еңбек ақысына ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы 1193 қаулысының 6 қосымшасында көрсетілген ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы төлеу қандай жағдайда төленеді?

Егер әлеуметтік қызметкер елді мекенде қызмет атқаратын болса?

Жауап: 

Мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысы (бұдан әрі – Қаулы) негізінде жүзеге асырылады.
Қаулының 6-қосымшасына сәйкес ерекше еңбек жағдайлары үшін:
1) стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, үйде қызмет көрсету ұйымдарында, зейнетақы төлеу орталықтарында әкімшілік-шаруашылық қызмет көрсетумен айланысатын қызметкерлерден басқа:
- қарттармен, оның ішінде зейнетақы мен жәрдемақы төлеген кезде жұмыс істегені үшін - БЛА-дан 30 %;
- мүгедектермен, оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалармен жұмыс істегені үшін - БЛА-дан 40 %;
- психоневрологиялық ауруы бар мүгедек балалармен және 18 жастан асқан мүгедектермен жұмыс істегені үшін - БЛА-дан 50 %;
2) уақытша болу ұйымдарында:
- белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдармен (әлеуметтік бейімдеу орталықтарында) - БЛА-дан 60 %;
- қатыгездікке ұшыраған адамдармен - БЛА-дан 40 %;
- бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және қылмыстық-атқару инспекциясының пробация қызметінің есебінде тұрған адамдармен жұмыс істегені үшін - БЛА-дан 60 %;
3) халықты жұмыспен қамту орталықтарының басшыларына, мамандарына және басқа қызметшілеріне жұмыстың күрделілігі мен қауырттылығы үшін - ЛА-дан 50 %;
4) әлеуметтік қамсыздандыру ұйымдарында жұмыс істегені үшін: директорларға, олардың орынбасарларына және бөлімшелердің меңгерушілеріне; әкімшілік-шаруашылық қызмет көрсетумен айланысатын басшыларға; арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау жүргізетін қызметкерлерге; асүй және асхана қызметкерлеріне, киім және төсек-жабдықтарын жуу жөніндегі машинистерге, қосалқы жұмысшыларға, киім және төсек-жабдықтарын жөндеу тігіншілеріне, диеталық тамақ жөніндегі мейіргерге, кіші медициналық персоналға БЛА-дан 30 % мөлшерде қосымша ақы көзделген.
Егер аталған қызметкерлер санаттары қандай елді мекенде болса да жоғарыда көрсетілген еңбек жағдайларында қызмет көрсетсе, қосымша ақы ала алады.
Егер қызметкер Қаулының 6-қосымшасы 1-тармағының 1, 2-тармақшаларына сәйкес бірнеше еңбек жағдайларында бір уақытта қызмет көрсетсе, қосымша ақының ең жоғары көлемі жүргізіледі.

Сұрақтың нөмірі: 348879
30 наурыз, 2018 - 16:21 өзгертілді

Сәлематсыздарма? менің сұрағым жұмыстан босаған кісінің қолданылмаған ақылы еңбек демалысының ақысын алуы яғни расчетный алуы барысында өзіне тиесілі сомманы алғандығына қалай көз жеткізуге болады? Мен бір мекемеде 4 айдай жұмыс істедім,  өз ойымша маған төлеген расчетный тым аз, оны маған тағы бир санап берулеріңіз үшін көмек сұраймын!

Жауап: 

Құрметті Сымбат Муратовна!

   ҚР Еңбек кодексінің 103-бабына сәйкес, Жалақы жұмыскерге жұмыс уақытын есепке алу бойынша жұмыс берушінің құжаттарында есепке алынған нақты жұмыс істеген уақыт үшін төленеді.

   Еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыс берушіден жұмыскерге тиесілі сомаларды төлеу ол тоқтатылғаннан кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі (Кодекстің 113-бабы).

   Сіздің өтінішіңіздегі мәселе бойынша тексеру жүргізілуі тиіс, осыған байланысты, Сіз жұмыс жасаған ұйымның орналасқан жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің еңбек инспекциясы жөнiндегi жергілікті органына (ҚР ЕК-нің 12-бабының 8-тармағы, 17-бабының 1) тармақшасы) шағым жазу қажет.

   ҚР заңнамасына сәйкес Сіздің шағымыңыз негізінде олар кәсіпорында тексеру жүргізіп, құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдайды.

 

Беттер

ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші