«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 2015 жылы 37,3 млрд. теңге қарастырылған | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 2015 жылы 37,3 млрд. теңге қарастырылған

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыру барысы туралы» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов мәлімдеді. 

Вице-министр баяндамасының басында халықты жұмыспен қамту саласында Қазақстанда нақты жетістіктер бар екенін атап көрсетті. Жұмыссыздық деңгейі 2008 жылы 6,6 % болса, 2014 жылдың қорытындысында 5% төмендеген. Осы кезең ішінде экономикалық белсенді тұрғындар саны 500 мың адамға артып, 9 млн. адамға жетті. Жұмыспен қамтылған тұрғындар саны 7,8 млн.-нан 8,5 млн. адамға жетті.       

Салыстырар болсақ, Еуростат агенттігінің мәліметінше, Еуропа Одағы елдерінде 2014 жылы жұмыссыздық 11,3% құрады. Бұл салада ең жоғарғы көрсеткіш Грецияда тіркеліп, еңбекке қабілетті жастағы әрбір төртінші азамат жұмыс таба алмаған.  

«Біздің ұлттық еңбек нарығымызда да белгілі бір проблемалар мен қиындықтар бар. Оң көрсеткіштерге қарамастан, тиімсіз жұмыстың үлес салмағы жоғары боп қалуда. Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарына негізделген еңбек нарығындағы көрсеткіштерді статистикалық бағалау әдістемесіне сәйкес, Қазақстанда 2,4 млн. адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады. Статистикалық мәліметтер бойынша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар арасында мемлекеттік қолдауға мұқтаж 700 мыңдай адам бар»,-деді вице-министр.   

Сонымен қатар, 2011 жылы қабылданған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, аз қамтылған тұрғындарды нәтижелі жұмысқа тартуға бағытталғанын алға тартты. 2011-2014 жылдары аталған бағдарлама 461 мың адамды қамтыды, олардың 60% - жұмыссыздар, 30% - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 9% жуығы – аз қамтылған тұрғындар.      

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту үш бағыт бойынша іске асырылады: инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамту; кәсіпкерлік бастамашылықты ынталандыру; жұмыс берушілердің нақты сұранысын ескере отырып, оқыту және жұмыспен қамту мен көшуге көмектесу.

Бірінші бағыт бойынша бағдарлама іске асырыла бастағалы ауылдық жерлердегі 4 мыңнан астам инфрақұрылымдық жобаларда 55 мың жұмыс орны ашылды. 

Екінші бағыт бойынша азаматтарға пайыздық мөлшерлемесі 6% аспайтын (өңірлік тиісті комиссиялар анықтайды), мөлшері 3 млн. теңгелік несиелер 5 жыл мерзімге беріледі. 2011 жылдан бері 28 мың азаматқа несие беріліп, олар өз кезегінде 26 мыңға тарта қосымша жұмыс орындарын ашты. 

Үшінші бағыт бойынша бағдарлама іске асырыла бастағалы 121 мың адам кәсіби оқумен қамтылып, оқуын аяқтаған 105 мың адамның 87% жұмыспен қамтылды. Мемлекет субсидиялаған жұмыс орындарына 132,5 мың адам бағытталып, олардың 67% тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.   

Еңбек ресурстарының мобильдігін арттыру аясында 2011-2014 жылдары 16,1 мың адам, 2014 жылы 3456 адам өз еріктерімен көшті. Жалпы көшірілген азаматтардың 7,8 мыңы еңбекке қабілетті адам, олардың ішінде 6,1 мыңы немесе 78,3% жұмысқа орналастырылды.   

«Биыл бағдарламаны әрі қарай іске асыруға 37,3 млрд. теңге қарастырылды (2014 ж. – 94,3 млрд. теңге, 2013 ж. – 102,9 млрд. теңге, 2012 ж. – 57,6 млрд. теңге). Оның ішінде 13,8 млрд. теңге бағдарламаның бірінші бағытын қаржыландыруға бөлінді. Соның аясында 520 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 30 нысанның құрылысы жалғасады. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы оларға 4 мыңдай адам жұмысқа орналастырылды. 3,3 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматқа шағын несие беруге 10 млрд. астам теңге қарастырылған. Үшінші бағыт аясында ағымдағы жылы 1 мыңнан астам адам кәсіби оқуға жіберіліп, жастар мен тұрғындардың  мақсатты топтарына жататын азаматтар үшін 13 мыңнан кем емес жұмыс орны құрылды»,-деді Дәулет Арғындықов.     

Ол сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы елеулі өзектендірілгенін атап өтті. Соның аясында:

1.      Жұмыссыздарды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және аз қамтылған тұрғындарды мемлекеттік және салалық бағдарламалыр аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларда жұмыспен қамтуға басымдық беріледі.

2.       Астана мен Алматы қалаларында пилоттық режімде қысқа мерзімді курстарда жастарды қызмет көрсету саласына даярлау жүргізіледі. 

3.      Аз қамтылған азаматтарды еңбекке ынталандыру үшін барлық өңірлерде пилоттық режімде келісім-шарттық негізде шартты әлеуметтік төлемдер енгізу жоспарланған. Оларды қолдану қорытындысы бойынша заң жобасы әзірленеді. 

Халықты жұмыспен қамту, оның ішінде мемлекеттік және салалар бағдарламалар аясындағы («Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы», Өңірлерді дамыту бағдарламасы және т.б.) барлық іс-шаралардың мақсатты индикаторлары Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық өңірлерде бекітілген кешенді жоспарларда көрініс тапты.  

«Жалпы 2015 жылы жұмыспен қамту шараларымен 323 мың адамды немесе жалпы жұмыссыздар (458 мың адам) және тиімсіз жұмыспен қамтылғандар (721 мың адам) санының 27% қамту жоспарланған. Мақсатты топтар бойынша жұмыспен қамту шараларымен  тиімсіз жұмыспен қамтылғандардың 12,7% және жұмыссыздардың 50,3% қамтылады», - деді вице-министр.

Кешенді жоспарлар аясында 309 мың адам жұмыспен қамтылады, оның ішінде 137 мың адам (44%)  тұрақты жұмысқа және 172 мың адам (57%) уақытша жұмысқа  орналастырылады. Бүгінгі таңда кешенді жоспарлар аясында 58,3 мың адам жұмыспен қамтылды, олардың 52 мыңы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында іске асырылатын жобалар бойынша 10,5 мың адам еңбекпен қамтылды.

Мемлекеттік қолдау шаралары 157 мың жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға көрсетіледі, олардың 9,2 мыңы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар, 5,1 мыңы – кәсіпорындарда жұмыстан босатылғандар.  

Дәулет Арғындықов сондай-ақ, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерде әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту және ҚР ДСӘДМ өңірлік бөлімшелеренің қызметкерлерінен құралған 178 арнайы мобильдік топтар жасақталғанын айтты.

2015 жылғы 16 наурыз бен 1 мамыр аралығында мобильдік топтар 191 ауданды (459 елді мекенді) қамтыды. Нәтижесінде 20 мың адам «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген. Олардың ішінде 4,5 мыңы бағдарламаның қатысушысына айналды.

Брифинг қорытындысында вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмыс орындарын сақтау және босаған жұмыскерлерді жұмыспен қамту мәселелері бойынша әкімдіктер мен кәсіпорын жетекшілері арасындағы ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қою жұмысы жүргізілгенін мәлімдеді. Бүгінгі таңда осындай 50 мыңнан астам меморандумға қол қойылды. Тараптар өз міндеттемелерін орындаған жағдайда аталған шаралар 1,9 млн. адамның (жалпы жұмыспен қамтылғандардың 23%) жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік береді.  

14 мамыр, 2015 - 11:40 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші