X
egov

You are here

АЭФ аясында сарапшылар халықты жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

2015 жылғы 21 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VIII Астана экономикалық форумы аясында «Халықты жұмыспен қамту: проблемалар мен перспективалар» тақырыбында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің панельді сессиясы болып өтті. 

Сессия жұмысына ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, Халықаралық еңбек ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Хэйнс Вернер Коллер, ТМД елдерінің еңбек министрлері, Қазақстанның заң шығарушы органдары мен атқарушы билік өкілдері, халықаралық ұйымдардың, Бүкіләлемдік банктің өкілдері, Нобель сыйлығының ғалым-лауреаттары, алыс және жақын шетелдердің еңбек нарығы және жұмыспен қамту саласының мамандары қатысты.

Сессияға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен Халықаралық еңбек ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Хэйнс Вернер Коллер жетекшілік етті. 

Сессияда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов баяндама жасап, 17 млн. астам тұрғыны бар Қазақстанда 9 млн. адам экономикалық белсенді санатқа жататынын, жұмыссыздық деңгейі 5% (2008 жылы – 6,6%) құрайтынын айтты.

Әлеуметтік-экономикалық өзгерістер барысында серпінді дамушы еңбек нарығы қалыптасты, халықтың экономикалық белсенділігі және жұмыспен қамту деңгейі тұрақты түрде артуда. 2011 жылдан бері жұмыссыздарды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және аз қамтылған азаматтарды өнімді жұмысқа тартуға бағытталған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы іске асырылуда.  

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту шаралары үш бағыт бойынша іске асырылуда: инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамту; кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру; жұмыс берушілердің нақты сұранысын есепке ала отырып, оқуға, жұмыспен қамтуға және көшуге көмектесу.  

2011-2014 жылдары аралығында аталған бағдарлама 461 мың адамды қамтыды: олардың ішінде 60% - жұмыссыздар, 30%-ға жуығы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 9% - аз қамтылған тұрғындар. Бағдарлама аясында мемлекеттік қолдау көрсетілген азаматтардың 51% - 29 жасқа дейінгі жастар.

Вице-министр сонымен қатар, еліміз өңірлерінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген жұмыспен қамтудың кешенді жоспарлары іске асырылып жатқанын атап өтті. Олар мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында жұмыспен қамтамасыз ету іс-шараларын қамтиды.    

Баяндамасының қорытындысында Дәулет Арғындықов еңбек нарығын реттеу тетіктерін жетілдіру мақсатында ағымдағы жылы еңбек заңнамасын жетілдіру шаралары қолға алынатынын айтты. Сондай-ақ, тиімді жұмыс істейтін еңбек нарығы институттарын құруды, Үкіметтің, орталық және жергілікті билік органдарының құзіреті мен өкілеттілігін өзгертіп, нақтылауды қарастыратын «Халықты жұмыспен қамту туралы» жаңа заң жобасы әзірленеді.        

Іс-шараға қатысушылар әлемнің еңбек нарығындағы қазіргі заманғы үрдістерді, тұрғындардың әлсіз топтарын қолдау шараларын, жұмыс күшінің бәсекеге қабелеттілігін арттыру мәселелерін, жұмыспен қамту проблемаларын шешудегі бизнестің рөлін, еңбек нарығын реттеу институттарын жетілдіру тетіктерін талқылады. 

Сессия қорытындысында еңбек нарығын әрі қарай жетілдіруге қатысты ұсыныстар қабылданды. 

 

Тегтер:
21 мамыр, 2015 - 18:27 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші