Қазақстанда темекі тұтыну туралы тұрғындар арасында алғашқы Ғаламдық сауалнама жүргізілді | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Қазақстанда темекі тұтыну туралы тұрғындар арасында алғашқы Ғаламдық сауалнама жүргізілді

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстанда темекі тұтыну туралы тұрғындар арасында өткізілген Ғаламдық сауалнама нәтижелері және темекіге бақылау шаралары туралы сектораралық ынтымақтастыққа арналған қорытындылар» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының директоры Жәмилә Баттақова мәлімдеді.     

Брифингке сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Қазақстандағы өкілі Мелита Вуйнович, ДДҰ Еуропа бюросының темекіні бақылау бағдарламасының маманы Труди Винховен және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің Ақпараттық-есептеу орталығының директоры Эльдар Қазғанбаев қатысты.    

Жәмилә Баттақова Қазақстанда темекі тұтыну туралы тұрғындар арасында алғашқы Ғаламдық сауалнама ҚР ДСӘДМ қолдауымен, ДДҰ және ауруларды бақылау орталығының (CDC) әдістемелік қолдауымен өткізілді. Электрондық сауалнаманы ҚР ҰЭМ Статистика жөніндегі комитетінің Ақпараттық-есептеу орталығы жүргізді. Мәліметтерді CDC мамандары өңдеп, Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығы нәтижелерге сараптама жасады. Сараптама және талдау қорытындыларына сараптамалық бағалау нәтижелерін ДДҰ және CDC қамтамасыз етті.    

GATS зерттеуі ересек тұрғындар арасында темекі тұтыну және оған бақылау жасау жөнінде жалпыұлттық іріктеу мәліметтерін алуға бағытталған. Барлығы 4425 адам сұралды, олардың ішінде 2085 – ер адам, 2340 – әйелдер. Нәтижелер елдегі ерлер мен әйел тұрғындарының нақты санына сай келеді. Олар сәйкесінше 47,2% және 52,8% құрайды.    

«Сауалнама елдің ересек тұрғындары арасында темекі тартудың таралуы 22,4%, оның ішінде күн сайын темекі тартатындар үлесі - 19,1%, мерзімді тұтынатындар – 3,3% құрайтынын көрсетті. Ересек тұрғындардың 22,2% өндірісте өндірілген темекіні барынша жиі пайдаланады»-деді Жәмилә Баттақова.     

Қазақстанға дейін GATS темекі тұтыну көрсеткіші жоғары әлемнің 19 елінде өткізілді.  

ДДҰ мәліметінше, әлемде жыл сайын темекі тартудан 6 млн.-дай адам қайтыс болады. Темекі тартудан болатын өлім-жітім үлесі ерлер арасында - 35%, әйелдер арасында - 12% құрайды.   

«Қазақстанда өлім-жітім себептерінің 84% созылмалы инфекциялық емес аурулар құрайды. Бұл аурулардан болатын аурулар мен өлім-жітімнің басты себептерінің ішінде темекі тарту жоғары қан қысымынан кейінгі екінші орында тұр. Темекі оны белсенді тұтынушылармен қатар, пассивті темекі тартушылардың денсаулығына да зиянын тигізеді,-деді Жәмилә Баттақова.     

Өткізілген зерттеулер темекі тұтынудың таралу көлемін, тұрғындардың оны тұтынуға және темекі тартуға деген көзқарасын, БАҚ рөлін және т.б. анықтауға мүмкіндік берді. Оның нәтижелері ДДҰ Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясы бойынша Қазақстанның міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді.       

 

Еске сала кетейік, Қазақстан 2004 жылы ДДҰ Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясына қосылды. Конвенция 2003 жылы Женевада ДДҰ жыл сайынғы ассамблеясының 56-сессиясында қабылданған. 2006 жылғы 25 қарашада «ДДҰ Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясын ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Конвенция темекі тартудың таралу көлемін азайтып, тұрғындардың өмір сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Басты инструменті – 2008 жылы әзірленген ДДҰ-ның MPOWER тұжырымдамасы. Ол темекі індетін қайтаруға бағдарланған 6 ғылыми-негізделген стратегиядан тұратын техникалық қосалқы топтама. MPOWER стратегиясы келесі бағыттарды қамтиды:    

Monitor – темекі тұтынуды және алдын алу саясатын мониторингілеу;

Protect – адамдарды темекі түтінінен қорғау;

Offer – темекі тұтынуды тоқтату мақсатында көмек ұсыну;

 Warn – темекіге байланысты қауіп-қатерді ескерту;

Enforce – жарнамаға салынған тыйымды қамтамасыз ету;

Raise – темекі бұйымдарына салықты ұлғайту.

Қазақстанда темекі өнімдеріне сұранысты азайту бағытында белсенді шаралар қабылданып жатқанын айта кету керек. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғындар арасында инфекциялық емес аурулардың даму тәуекелдеріне, оның ішінде темекі тартудың таралу жағдайына эпидемиологиялық қадағалау және мониторинг жүзеге асырылады.     

29 мамыр, 2015 - 15:02 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші