X
egov

You are here

«Қан өткізіп, донор бол» акциясы аясында танымал қазақстандықтар 860 литрден астам қан өткізді

Республикалық қан орталығы Қызыл Жарты Ай және «Бауыржан» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырған «Қан өткізіп, донор бол» акциясы аясында танымал қазақстандықтар 860 литрден астам қан өткізді. 

Аталған іс-шара ерікті қан донорлығын және ауыр дертке шалдыққан, қанға мұқтаж балаларға қолдау көрсетуге бағытталған. Мұндай акция алғаш рет 2008 жылы ұйымдастырылды. Жыл сайын оған қатысатын қазақстандықтардың саны арта түсуде. Олар – депутаттар, Қазақстан эстрадасының жұлдыздары, спортшылар, саясаткерлер және басқа да ниет білдірген азаматтар.

Биылғы акцияға қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, продюсер Гүлвира Илахунова, әнші Әли Оқапов, саясаттанушы Досым Сәтпаев және өзге де танымал жандар қатысты. 

Акция басталғалы 1,6 мыңнан астам донор қан өткізді. 2015 жылдың ерекшілігі Hot Blood challenge акциясы болды. Оның ережесі бойынша қан өткізген қатысушы адам әріптестеріне және достарына эстафета береді. Олар 24 сағат ішінде сол іс-әрекетті қайталап, видеоға түсіруі тиіс. Бас тартқан жағдайда «Бауыржан» қоғамдық қорына 10 доллар мөлшерінде қаражат аударуы керек. Жиналған қаражат әрі қарай онкологиялық науқас балаларды емдеуге бағытталады. 14 маусымда «Атакент» көрме кешенінде қазақстандық әртістердің қатысуымен гала концерт өтіп, донорларға сыйлықтар мен жүлделер табыс етіледі.       

Сонымен қатар, Алматыда жыл басынан бері «Сенің күнің, Донор!», «Мейірімділік эстафетасы» және т.б. бірқатар акциялар ұйымдастырылып, 1 мыңнан астам адам тегін қан тапсырды. Айта кету керек, жыл сайын қан қызметі 200 мыңдай литр қан дайындап, 300 мыңға тарта донация жасалады. Орташа алғанда бір жылда 220 мыңдай адам донор болады.   

Дүниежүзілік қан доноры күні қарсаңында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова өз блогында барлық ерікті қан донорларына алғысын білдірді.  

 «Адам өміріне араша түсетін адамгершіліктері мен мейірімділіктері, өмірге сенім сыйлайтындары үшін донорларға алғыс айтамын.      

КСРО және Қазақ КСР-нің құрметті доноры - Александр Скаковскийді ерекше атап өткім келеді. Александр Николаевич еңбегі үшін «Шапағат» медалімен және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен марапатталды. 2003 жылы ол Қазақстанның рекордтар кітабына еніп, қан донациясы саны бойынша әлемде екінші орынды иеленді.

Ерікті қан донорлығын қолдауға және қанға мұқтаж ауыр дертке шалдыққан адамдарға көмек көрсетуге бағытталған акцияларға белсенді қатысатын және еліміздің құрметті донорларының игі дәстүрін жалғастырып келе жатқан сүйікті әншілеріміз бен актерлерге, спортшыларға және басқа да танымал жандарға, қоғам қайраткерлеріне шын жүректен алғыс айтып, ризашылығымды білдіремін», - деп жазды Тамара Дүйсенова.        

Дүниежүзілік денсаулық ұйымының (ДДҰ) ұсынысы бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес әлеуетті мұқтаждықты қанағаттандыру үшін ел тұрғындарының 2,5% қан донорларының үлесіне тиюі керек. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,7% немесе 1000 тұрғынға шаққанда 17 донация құрайды. ДДҰ анықтамасына сай ерікті тегін донорлар инвекциялық қауіпсіздік тұрғысынан барынша артық санатқа жатады.    

Еске сала кетейік, 2005 жылдан бері әлемнің денсаулық сақтау министрлерінің бастамасы бойынша 14 маусым Дүниежүзілік қан доноры күні ретінде атап өтіледі.  

12 маусым, 2015 - 10:32 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші