X
egov

You are here

1 маусымнан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлемдер тағайындау оңайлатылады

2015 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға арналған композиттік қызмет енгізіледі. Енді жұмыспен қамту орталықтарында тіркеу кезінде азаматтар жұмысынан айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындауға құжаттарын рәсімдей алады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық комминикациялар қызметінде «ҚР ДСӘДМ мемлекеттік функциялары мен қызметтерін автоматтандыру есебінен халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.      

Вице-министр атап өткендей, қазіргі уақытта ҚР ДСӘДМ әлеуметтік-еңбек саласында көрсететін 36 қызметтің 15-і түрлендірілген. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру операциялық шығындарды азайтуға, ұсынылатын қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.   

Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 10 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, олар: мүгедектігі, жасы және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға; арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға; 1 және 2-ші тізім бойынша мемлекеттік арнаулы жәрдемақы алуға; еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін әлеуметтік төлемдер алуға; базалық зейнетақы төлемдерін алуға; атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттарды рәсімдеу. Тағы 4 мемлекеттік қызмет түрі, атап айтқанда, жасына қарай мемлекеттік жәрдемақы, базалық зейнетақы, жұмысынан айырылу жағдайы және бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемдер «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетіледі.     

Светлана Жақыпова ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап жұмысынан айырылған азаматтар үшін композиттік қызмет енгізілгенін мәлімдеді. Енді азаматтар жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркеліп қана қоймай, жұмысынан айырылған жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындауға құжаттарын рәсімдей алады.   

Осылайша, жұмыссыз ретінде тіркелген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы тұлғаға жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына қосымша барудың қажеті жоқ.  

Сонымен қатар, Светлана Жақыпова Ақмола облысының Аршалы ауданында ағымдағы жылғы 16 маусымда ауылдық округтер әкімдерінің қызметін автоматтандыру жөніндегі бағдарлама пилоттық режімде іске қосылғанын еске салды.

Бағдарламаның басты мақсаты – ауылдық округтерде тұратын жұмыссыздарды, аз қамтылған азаматтарды, жалдамалы жұмысшыларды есепке алу.

Аталған бағдарламаны енгізу:

- ауылдық округтерде өз бетімен жұмыс істейтін және аз қамтылған азаматтарды, жалдамалы жұмысшыларды есепке алуды жүйелендіруге;

- еңбек ресурстарының теңгерімін жасауға;

- тұрғындардың мақсатты топтарын жұмыспен қамтуды қолдау шараларын анықтауға;

- ішкі еңбек көші-қонын анықтауға; 

- өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған азаматтарды нысандандыруға;

- ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылықтары бар-жоғы туралы мәліметтерді жүйелендіруге мүмкіндік береді.

Ақмола облысының Аршалы ауданында іске асырылған бағдарламаның нәтижесіне қарай оны республиканың өзге өңірлерінде енгізу мәселесі қарастырылады.  

Мемлекеттік зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың бас директоры Біржан Жүнісов әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мемлекеттік қызметтер алу тәртібін оңайлату жөнінде азаматтарға кеңес беру мақсатында республиканың алыстағы елді мекендеріне баратын мобильдік топтардың жұмысы туралы баяндады.

Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтер көрсетуге Мемлекеттік зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың, «Қазпошта» АҚ-ның және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 830 қызметкері тартылды. 2015 жылғы 16 наурыз бен 8 маусым аралығында 6890 азамат мамандардың көмегіне жүгінген. Олардың ішінде 4164 адам түрлі әлеуметтік төлемдер рәсімдеу мәселелері жөнінде кеңес алды, 1549 адамнан реквизиттерін өзгертуге өтініштер қабылданды, 1177 адам зейнетақылар мен жәрдемақылар тағайындауға құжаттарын өткізді.      

Аталған мерзімде мобильдік топтар еліміздің барлық өңірлерінде 956 алыс ауылдық округті қамтып, 2260 рет, оның ішінде жоспардан тыс 12 рет жолға шықты.

Зейнетақылар мен жәрдемақылар тағайындауға өткізілген барлық өтініштер бойынша істердің электрондық макеттері жасалып, өкілетті органның қарауына бағытталды. Ағымдағы жылғы 8 маусымдағы жағдай бойынша, 1109 өтініш берушіге зейнетақылар мен жәрдемақылар тағайындалды. Зейнеткерлік куәліктері мен хабарламалар мобильдік топтың келесі сапарында азаматтарға жеткізіледі.  

Мобильдік топтардың жұмысы пилоттық режімде жылдың соңына дейін жалғасады. Азаматтардың тұратын жерлеріне барып қызмет көрсету (құжаттар қабылдау және шот ашу) жайлылықты және оңайлатылған тәртіпті қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызмет көрсетуге кететін шығын мен уақытты үнемдейді.   

16 маусым, 2015 - 19:14 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші