X
egov

You are here

ҚР ДСӘДМ 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстарының қорытындысы шығарылды

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың басшылығымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылдың 1 жартыжылдығында атқарған жұмыстарының қорытындысы шығарылды.

Шараға министрліктің департаменттері мен комитеттерінің басшылары, бейнебайланыс режимінде облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар  басқармаларының басшылары, ведомствоға бағынышты ұйымдар, комитеттердің аймақтық департаменттер директорлары қатысты.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қорытындылары туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой баяндады.

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекеттік бағдарламада қарастырылған денсаулық сақтау саласындағы кешенді шаралар халықтың денсаулық жағдайын анықтайтын негізгі көрсеткіштерге оң әсерін тигізді.

2014 жылдың қараша айында Дүниежүзілік Банк Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу кезеңдерін бағалап, нәтижесінде бағдарламаның барлық бағыттары сәтті орындалып келе жатқанын атап өткен болатын. Аталмыш бағыттар: скринингтік зерттеулер, профилактикалық шаралардың күшейтілуі, негізгі әлеуметтік маңызды аурулар мен жарақаттарды диагностикалау мен емдеуді жетілдіру, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау, фармацевтикалық, медициналық білім беру жүйесін басқару мен қаражаттандыруды ұйымдастыру ісін жетілдіру, медицина саласындағы инновациялық технологияларды әзірлеу мен енгізу, халыққа арналған дәрі-дәрмектердің сапасын арттырып, оларды қолжетімді ету, денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жабдықтау ісін дамыту.

А. Цойдың мәлімдеуінше, 2014 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік бағдарламаның барлық индикаторлық көрсеткіштері орындалды. Халықтың денсаулығын анықтайтын негізгі көрсеткіштер оң динамикаға ие болды. 2010 жылмен салыстырғанда өмір сүру ұзақтығы 3,2 есеге ұлғайып, 71,62-ні құрады. Жалпы өлім көрсеткіші  14,7%-ға, ана мен сәби өлімі сәйкесінше 2 және 1,7 есеге, халықтың туберкулезбен ауруы 30%-ға төмендеді. Қатерлі ісіктен болатын өлім көрсеткіші 15,7%-ға азайды.

Мемлекеттік бағдарламаның мақсаттық көрсеткіштерін орындау – Қазақстанның 30 дамыған елдер қатарына кіруге мүмкіндік беретін Дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік индексінің индикаторларымен тікелей байланысты.

Алқа жиынында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» (ЖҚЖК 2020) және биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында аймақтардағы жұмыспен қамту кешенді жоспарын жүзеге асыру шараларымен таныстырды. Есептік кезеңде «ЖҚЖК 2020» бағдарламасының шараларымен 55,5 мың адам қамтылды. Оның ішінде жұмыссыздар - 61%, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар - 39%. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушылардың жартысынан астам бөлігі ауыл тұрғындары екенін айта кеткен орынды.

Жалпы алғанда, бағдарламаны жүзеге асырғаннан бастап  (2011 жыл) 470 мыннан аса адам жұмысқа орналастырылды.

2015 жылы Елбасының тапсырмасымен жасалған аймақтардағы жұмыспен қамту кешенді жоспарының аясында жұмыссыз (230 мыңнан аса) және өнімсіз еңбекпен (91 мыңнан аса) қамтылған азаматтардың қатарынан 322 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Кешенді жоспардың жартыжылдық қызметінің нәтижесінде 190,6 мың адам, оның ішінде тұрақты жұмыспен 100 мыңнан астам азамат қамтылды. 

Алқа мәжілісінде еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік шиеленісулер бойынша ҚР ДСӘДМ тарапынан қолданылатын алдын алу шаралары қарастырылды.

Әлеуметтік шиеленісулер мен әлеуметтік-еңбек дауларының алдын-алу мақсатында ай сайын еңбек дауларының республикалық картасы жасалады. Оның мақсаты аймақтар мен ұйымдардағы еңбек қатынастарының жағдайын бақылау, қауіп-қатерлерді анықтау және еңбек дауларының алдын-алу бойынша шараларды қолдану болып табылады.

Бақылау нәтижелері аймақтар мен жекелеген кәсіпорындардағы жағдайдың ушығуына қатер төндіретін мәселелерді шешу мен реттеу бойынша алдын-алу шараларын қолға алу үшін жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі.

2015 жылдың басынан еңбек мемлекеттік инспекторлары 735 кәсіпорынның 24,8 мың жұмысшыға 3,5 млрд. теңге сомасындағы қаражат қарыз екендігін анықтады. Аталмыш кәсіпорындардың басшылығына 981 міндетті орындау туралы нұсқама мен 83,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Қолданылған шаралар мен жалақы бойынша қарыздарды төлеу мерзімі мен қатаң кестесі нәтижесінде 23,7 мың жұмысшының құқығы қорғалып, оларға 3,1 млрд. теңге төленді. 

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік инспекторлар 6 мың тексеру жүргізді. Нәтижесінде 12,7 мыңнан астам тәртіп бұзу фактілері анықталып, белгілі болған сәйкессіздіктерді жою үшін 4 652 міндетті орындау туралы нұсқама беріліп, 197 млн. теңге сомасында 2 692 айыппұл салынды.   

Алқа мәжілісі барысында өндірістік жарақаттанушылық көрсеткішінің төмендегені аталып өтті. 2015 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметтерге сәйкес республикадағы кәсіпорындар мен ұйымдарда жазатайым оқиға нәтижесінде 840 адам зардап шеккен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың мәліметтерімен салыстырғанда (909 адам) 7,6%-ға төмендеді. Кәсіпорындардағы өліммен аяқталған оқиғаның нәтижесінде зардап шеккендердің саны 112-ні құрады, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 29,5%-ға төмен (2014 жылы - 159).

Еңбекті қорғау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту үшін жұмыскердің өмірі мен денсаулығын сақтау, оның ішінде аурудың алдын-алу шаралары, жұмысшы міндеттерін реттеу арқылы кәсіптік сырқатын анықтау, еңбек жағдайларына қарамастан жұмыс берушінің қаражаты негізінде жүйелі түрде медициналық тексеруден өту кешендік шараларын жүзеге асыру мақсатында  Еңбек кодексіне ережелер енгізу ұсынылуда.

Өндірістік процесті тұрақтандыру, еңбек құқықтары мен жұмысшыларды кепілдемелермен, әлеуметтік қорғау және босап қалған жұмысшыларды жұмыспен қамту мәселелері бойынша аймақтағы әкімдер, жұмыс берушілер мен кәсіподақтық ұйымдар арасындағы өзара меморандумдарды жүзеге асыру жалғасып келеді.

Республика бойынша 2015 жылдың 10 шілдесіндегі мәліметтерге сәйкес 67 мыңнан астам меморандумға қол қойылды. Оның ішінде жалпы жұмыскерлер саны 2,2 млн. адамды құрайтын 1 429  (78,7 %) ірі кәсіпорындармен,  65 948 (41,8 %) орта және кіші кәсіпорындармен келісім жасалған.

Шартталған ақшалай көмек («Өрлеу» жобасы) пилоттық бағдарламасының нәтижелері жайында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жакупова баяндады.

«Өрлеу» пилоттық жобасының 2015 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижесіне сәйкес 2 мың отбасы немесе 10 126 адам келісім-шарт жасасты. Өткен жылдың мәліметтерімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,4 %-ға ұлғайған.

Естеріңізге сала кетейік, «Өрлеу» пилоттық жобасы 2014 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және  отбасы мүшелерін әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына қатысу үшін әлеуметтік келісім-шарт негізінде шартты ақшалай көмек көрсетуді көздейтін жоба үш облыста (Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында) жұмыс істеп келеді. Оның мақсаты - отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысу және әлеуметтік келісім-шартқа отыру негізінде күнкөріс деңгейінің төменгі көрсеткішінен 60%-ға дейін ұлғайтылған әлеуметтік көмек алу мүмкіндігін жасау.

Алқа мәжілісін қорытындылай келе, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова министрлік және ведомствоға қарасты ұйымдар қызметкерлеріне барлық бағыттар бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

 

Тегтер:
21 шілде, 2015 - 11:05 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші