X
egov

You are here

Астанада азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру саласында АКТ технологияларын қолдану мәселелері талқылануда

Бүгін Тәуелсіздік сарайында (Астана қ.) «Әлеуметтік қамсыздандырудың мақсаттарына жетудегі АКТ саласының стандарттары мен бірыңғай шешімдерін қабылдау жолдары» атты ХӘҚҚ-ның ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласындағы Халықаралық XIV конференциясы өз жұмысын бастады. 

Шараны Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы (әрі қарай - ХӘҚҚ) ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі және ҚР Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен бірлесе отырып ұйымдастырды.

Конференцияға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, ХӘҚҚ Президенті Эррол Франк Стуве, ХӘҚҚ Бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов, Дүниежүзілік банктің бас экономисі Алексей Случинский, Халықаралық еңбек ұйымының еңбек миграциясы бойынша бас техникалық кеңесшісі Али Циссе, сонымен қатар Парламент депутаттары, ҚР мемлекеттік органдар мен ұйым өкілдері, ХӘҚҚ басшылары мен мүше ұйымдарының бас қызметшілері, ақпараттық технологиялар бөлімдерінің басшылары, АКТ бойынша менеджерлер мен сарапшылар, халықаралық ұйым өкілдері мен АКТ индустриясының мамандары қатысты.

Конференция жұмысын ашқан Гүлшара Әбдіхалықова Қазақстанның халыққа мемлекеттік қызметтерді ұсынуда заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенін мәлімдеді. 

«Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандыру мен сақтандыру салаларында инновациялық шешімдер жүзеге асырылып жатқандығы айқын көрініп отыр. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар халыққа мемлекеттік қызмет ұсынуды іс жүзінде жүзеге асыруда стратегиялық рөл атқаратыны сөзсіз. Ең бастысы – барлық енгізіліп отырған инновациялар Мемлекет басшысы қойған басты межелі мақсаттың бірі – 30 дамыған мемлекеттер қатарына енуге ықпал етіп, халықтың сұранысына сай бейімделеді. Инновациялық тәсілдемелерді енгізу әлеуметтік саясаттың міндеттерін ұтымды шешуге, халыққа жоғарғы сапалы қызмет ұсынуға, сонымен қатар, тұлғаның жеке қасиеттерін жетілдіру мен дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді», - деді Мемлекеттік хатшы.

Өз кезегінде ХӘҚҚ Президенті Эррол Франк Стуве АКТ-ның әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы халыққа қызмет ету стандарттарын жоғарғы деңгейге көтеруде стратегиялық рөл атқаратындығын айта келіп, халықаралық конференция сарапшыларға маңызды мәселелерді талқылаумен қатар, халықаралық әріптестікті дамыту мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы агенттіктердің жұмысын үйлестіруге жол ашатынын жеткізді.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова конференция қатысушыларына ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы АКТ-ны қолдану туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, 2020 жылға қарай пациент пен медициналық қызметшінің сұранысына бағытталған қауіпсіз, әділетті, сапалы және тұрақты денсаулық сақтау жүйесін қамтамасыз ететін заманауи, өзекті, толық әрі нақты ақпаратты автоматты түрде алуды қамтамасыз ету жоспарланып отырғандығын хабарлады.

«Пациенттің барлық өмір кезеңдеріндегі денсаулығы туралы құрылымдық ақпарат (демографиялық және биометриялық мәліметтер, ауырған ауру түрлері мен қазіргі денсаулық жағдайы, аллергологиялық және иммундық статусы, дәрілік емдеу және емдіқ, диагностикалық шаралар) жинақталған денсаулықтың электронды паспортын енгізу қарастырылуда»,- деді Тамара Дүйсенова. 

Өз сөзін қорытындылай келе ҚР ДСӘДМ басшысы алдағы жылдары медициналық ұйымдарда басқару, медициналық қызмет көрсету шараларын комплексті автоматтандыруды жүзеге асыру сонымен қатар, медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін әлеуметтік жүйенің бірыңғай ақпараттық жүйесімен біріктіру де қарастырылып жатқандығын атап өтті.

Үш күндік конференция барысында әр аймақтан келген әлеуметтік қамсыздандыру саласының ұйымдары өз жетістіктерімен бөліседі. Шараға қатысушылар бірқатар елдердің, оның ішінде Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы АКТ-ны қолданудағы тәжірибе мен практиканы саралайды. Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы АКТ-ға негізделген жалпы стандарттар мен шешімдерді талқылауға басты назар аударылады.

Сонымен қатар, конференцияда ХӘҚҚ-ның басқару және әлеуметтік қамсыздандырудағы негізгі мәлімет қорымен алмасу бағыты бойынша  АКТ саласындағы басқарудың жаңа ережелері қарастырылатын болады.

Конференция аясында «Қазақстанның әлеуметтік саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» атты көрме ұйымдастырылды. Көрме барысында республикада тұңғыш рет қолданушы өзінің дене қимылы арқылы технологиямен әрекеттесетін байланыссыз сенсорлы бейне-қабырға - Kinect (кинект) ұсынылды. Экранда адамның өмірлік кезеңдері – қазақ мәдениетіне сәйкес мүшел жас шақтары мысалға келтірілді (Сәби, бала, Жігіт, Азамат, Аға, Ақсақал), сонымен қатар, олардың әрқайсысына «электронды үкімет» жүйесімен, әрбір кезең өзінің қызмет түрлерімен (мысалы, Сәби кезеңі үшін – туылған баланы тіркеу, төлемақы алу т,б,) бірге қоса ұсынылады.

2 қыркүйек, 2015 - 12:24 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші