X
egov

You are here

Жаңа Еңбек кодексінің жобасы еңбек қатынастары барлық тараптарының мүдделер тепе-теңдігін қамтамасыз етеді

Бұл туралы ҚР ДСӘДМ-де өткен ҚР жаңа Еңбек кодексінің негізгі нормаларын түсіндіруге арналған брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Ол Еңбек кодексінің жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын жүзеге асыру мақсатында дайындалғанын атап айтты (83 қадам).

Жаңа Еңбек кодексін дайындауға бизнес қауымдастықтардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, республикалық және салалық кәсіподақтардың, еңбек заңы саласы ғалымдарының, Халықаралық еңбек ұйымы өкілдерінің және Дүниежүзілік банктің мүдделерін қорғайтын сарапшылар қатысты. Жұмыс тобының 20-дан астам отырысы өткізілді.

«Жаңа Еңбек кодексінің тұжырымдамалық моделі тараптардың мүдделер тепе-теңдігін сақтай отырып, олардың жауапкершілігі мен рөлін айқындап, жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қатынастарына мемлекет тарапынан араласуын шегін нақты анықтауды ұсынады.

Мемлекет жұмыскерлерге берілетін кепілдеме мен өтемақының ең төменгі деңгейдегі еңбек стандарттарын анықтап, жұмыс беруші тараптарының бұл міндеттемелерді орындауын қатаң бақылайтын болады.

Жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қатынастары көп жағдайда жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, жұмысшыны жұмыстан босату, жұмыс уақыты, еңбек шарттары мен оның төлемақысы салаларындағы өзара келісім жасау және ұжымдық шарттардың әлеуетін күшейте отырып, өзін-өзі реттеу қағидаларына сай жүзеге асырылатын болады», - деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, вице-министр Кодекс жобасында жұмыс берушілер үшін жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, қызметкерді жұмыстан босату, еңбек шарттары мен оның төлемақысын анықтау шараларының жеңілдетілгенін атап өтті. Сондай-ақ, негізгі еңбек кепілдемелері мен қызметкерлердің құқықтары бекітіліп, оларды ұжымдық, жеке шарттар мен келісімдерді жасау және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын құралдар арқылы ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған.

Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында кәсіподақтардың рөлі кеңейтілді, оның ішінде жақында қабылданған «Кәсіподақтар туралы» Заңда қарастырылған мүмкіндіктер де есепке алынды.

Осылайша, юнионизация тәжірибесінің дамуына септігін тигізетін тараптардың ұжымдық шарттар мен келісімдер жасаудағы қызығушылығы арта түседі.

Еңбек қатынастарын ырықтандырудағы аталмыш модель  ЭЫДУ стандарттарына сай келеді.

Кодекс жобасында қарастырылған негізгі жаңа ережелер:

1.  Еңбек келісімінің шарттарын өзгерту шараларын жеңілдету, әсіресе экономикадағы дағдарыс жағдайында.

Бұл новелла жұмыс беруші қызметкерлер санын қысқартудың орнына толық емес жұмыс уақыты режимін енгізу және қызметкерлерді уақытша өзге жұмысқа ауыстыру тиімді болған жағдайдағы шарттарды қарастырады.

Мәселен, жұмыс орындарын сақтау мақсатында кәсіпорынның жұмысы тоқтаған жағдайда (бір айдың орнына) қызметкерлерді уақытша ауыстыру мерзімін анықтау ұсынылады. Сондай-ақ, жұмыс берушінің қызметкердің келісімінсіз денсаулығына зиян тигізбейтін кез келген бос орынға ауыстыру (кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұрған жағдайда) құқығы қарастырылады.

2.  Жұмыс берушінің бастамасымен еңбек келісімін тоқтату негіздерінің тізімін кеңейту (бұрынғысы 20, қазіргісі 25)

Жаңа Еңбек кодексінің жобасында жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шарты келесі жағдайларда бұзылады:

- қызметкердің қауіпсіздік, еңбекті қорғау болмаса өнеркәсіп қауіпсіздігі мәселелері бойынша білімін тексеруден өтпеуі қайталанған жағдайда;

- заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе заңды тұлғаның уәкілетті органының атқарушы орган басшысының өкілеттігін тоқтатуы, сондай-ақ меншік иесі немесе уәкілетті тұлға (орган) не заңды тұлғаның уәкілетті органы шешімімен тағайындалған (сайланған) өзге де қызметкерлер құзіреттілігінің тоқтатылуы туралы шешімі;

- қызметкердің жұмыс берушіге белгісіз себептермен жұмыс орнында бір айдан астам уақыт болмауы.

Сонымен қатар, жұмыс берушінің бастамасымен «ұйымның экономикалық жағдайының өндіріс, атқарылатын жұмыс, көрсетілетін қызмет көлемінің азаюы салдарынан нашарлауы» негізінде еңбек шарттарын бұзу негіздемесі енгізілді.

Қолданыстағы Еңбек кодексі (48 бап) бойынша жұмыс берушінің жұмыс көлемі азаюы себепті қызметкердің еңбек шарттарын өзгертілуі рұқсат етіледі. Тәжірибеде аталған себеп негізінде жұмыс беруші жұмысшылар санын бір айлық еңбекақының орташа көлемінде төлемақыны төлеу арқылы (54 т. 1 бабы 2 тармақшасының негізінде «қызметкерлердің штаты мен санын қысқарту») қысқартады.

Қазіргі таңдағы дағдарыс жағдайында жұмыс берушінің қызметкерлер санын қысқарту шараларын қолдану ықтималдығының артуы ескеріліп, жоғарыда аталған негіздеме жеке көрсетілді. Сонымен қатар, еңбек шартын бұзу келесі шарттарды бір уақытта сақтаған жағдайда мүмкін:

-      құрылымдық бөлімнің (цех, бөлімше) жабылуы;

-      қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкіндігінің болмауы;

-      еңбек шартын бұзуға негіз болған экономикалық себептері көрсетілген кәсіподақтың кемінде бір ай бұрын берілген жазбаша ескертпесі.

    Қызметкерлерге аталған негіздеме бойынша еңбек қатынастарын бұзу кезінде айлық еңбекақы мөлшерінде төлемақы төленетін болады.

Сонымен қатар, жұмыс берушіге зейнет жасына келген қызметкерлермен ҚР Заңымен белгіленген, бұзу тәртібін нақты регламенттелген еңбек шартын бұзу құқығының берілуі ұсынылады. Жұмыс берушіге жоғары деңгейдегі кәсіптілік пен біліктілікке ие, оның жұмысқа икемділігі мен денсаулығының жағдайын ескере отырып (мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерге ұқсас), зейнет жасына жеткен қызметкерлермен жыл сайын еңбек шартын ұзарту құқығы беріледі.

3.  Жұмыс берушіге сынақтан өту мерзімін кез келген қызметкер санатына қою құқығын беру ұсынылады. 

    Бұл жаңа ереже бірінші рет жұмысқа кіріскен 18 жасқа толмаған тұлғалар, ЖОО пен ТКБ-нің мүгедек түлектері үшін сынақ мерзіміне тыйым салу бойынша жұмыс берушілер үшін мүмкіндіктің болмауы себебінен туындады. Әртүрлі себептерді желеу еткен жұмыс берушілер аталмыш санаттағы азаматтарды жұмысқа қабылдамауға тырысады.

4.  Физикалық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша шешім қабылдау үшін комплексті шаралар қолдану қарастырылады.

Мүгедектермен еңбек қатынастарын ырықтандыру бойынша қолданыстағы Заңға сәйкес жұмыс берушінің мүгедектерді жұмысқа алу міндеттемелерімен, олардың жұмыс орындарын құралдармен (дене мен ағза функцияларының бұзылуы мен шектеулерін ескере отырып)арнайы жабдықтаумен, сонымен қатар оларға қосышма демалыс уақытын (15 күннен кем емес), қысқартылған жұмыс уақытын (аптасына 36 сағаттан көп емес) белгілеумен, шамадан тыс жұмысқа тартуға тыйым салумен реттеледі. Тәжірибеде жоғарыда аталған талаптар мүгедектерді жұмысқа орналастыруға толыққанды мүмкіндік бермейді. 

Парламентте қарастырылып жатқан «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңнамада жұмыс берушілерге қызметкерлердің жалпы санынан 2-4% құрайтын мүгедектерді жұмысқа қабылдау үшін арнайы жабдықталған жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген квоталарды енгізуді міндеттеу қарастырылады. Сонымен қатар мүгедектердің жұмыс орнын қажетті арнайы құралдармен жабдықтауға арналған жұмыс берушінің шығындарын мемлекеттің субсидиялауы ұсынылады.

Өз кезегінде, мүгедектерді шамадан тыс жұмыстарға жегуге тыйым салуды сақтау қарастырылады. Жұмыс уақыты мен қысқартылған жұмыс уақытының жалпы есебі (аптасына 36 сағаттан кем емес) өзгеріссіз қалады.

I және II топтағы мүгедектердің қосымша демалысын 6 күнтізбелік күнге дейін қысқарту ұсынылады. Оны ұжымдық шарттар аясында ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған.

Осылайша, жұмыс берушіге жүктелген белгілі жүктемені мемлекет, жұмыс беруші және кәсіподақтарға жауапкершілікті бөлу арқылы азайту нәтижесінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселелері шешімін табуға жол ашады.

5.  Жаңа Еңбек кодексінде қызметкерлерге еңбекақы төлеу мәселелері бойынша жұмыс беруші өз күшімен (жұмыс берушінің актілерін қабылдау арқылы) болмаса, қызметкерлер өкілдерінің бастамасымен (ұжымдық шарт жасасу негізінде) қызметкер жалақысының формасын, жүйесі мен көлемін таңдау мәселелерін шешу жағдайы қарастырылған. 

            Осылайша, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдеріне түнгі уақыттағы, демалыс, мейрам күндеріндегі, сонымен қатар, шамадан тыс жұмыс істегені үшін төлемақы мөлшерін еңбек және ұжымдық шарттар арқылы реттеу ұсынылады.

Аталған жұмыс түрлері үшін төленетін еңбекақыны үстемелеп төлеу қызметкерлерді жұмысты орындауға ынталандырады. Мұндай жұмыстар тек қызметкердің келісімімен ғана жүзеге асатындықтан, Кодекс ережелері қарастырылған нормалар шеңберінен тыс жұмысқа жағдай жасамайды.

Аталған жаңа ережелер қызметкерлердің демалыс уақытын толыққанды пайдалануға септігін тигізіп, кәсіби аурулар мен өндірістік жарақаттанушылық қаупін азайтады.

6.  Қоғамдық бақылау саласын күшейту ұсынылып отыр. Кәсіподақ ұсынатын қызметкерлер арасынан техникалық инспекторлар институтын құрып, олардың еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бойынша тепе-теңдік негізінде құрылатын өндірістік кеңестер аясында құзіреттілігін қарастыру ұсынылады.

Аталған кеңеске төмендегідей қызмет түрлерін жүктеу көзделген: еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушілер мен қызметкерлердің ортақ қызметін ұйымдастыру, жұмыс орындарындағы еңбекті қорғау шарттарын тексеру, қызметкерлерге оның нәтижесі туралы хабарлау

Өндірістік кеңесті тепе-тең шарттар негізінде қызметкерлер өкілдері мен жұмыс беруші 2 жыл мезгілдік ротация негізінде басқаратын болады. Жұмыс беруші үшін өндірістік кеңестің шешімі міндетті болады. 

2 қыркүйек, 2015 - 20:27 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші