X
egov

You are here

ҚР ДСӘДМ медициналық қызмет сапасы бойынша біріктірілген комиссияны құру жұмыстарын жүргізуде

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстандағы сапалы медициналық көмекті ұйымдастыру» тақырыбында өткен брифингте ҚР ДСӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің басшысы Назарбек Бейсен мәлімдеді.

Ол аталмыш жұмыс Мемлекет басшысы айқындаған бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 82-қадамын іске асыру шеңберінде жүргізіліп отырғанын мәлімдеді.

 «Комиссияны құрудағы басты мақсат – емдеу хаттамасын, медициналық білім стандарттарын, дәрілермен қамсыздандыруды жетілдіру, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын бақылау арқылы медициналық қызмет көрсетудегі үздік стандарттарды енгізу. Сонымен қатар, комиссия азаматтардың денсаулығын қорғау мәселелерін шешуге медициналық қоғамдыжұмылдыру мақсатында құрылмақ», - деді Назарбек Бейсен.

Ол комиссия құрудың негізгі екі кезеңде қарастырылатынын айтты. Бірінші кезеңде комиссия ҚР ДСӘДМ жанында ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен консультативтік-кеңес органы ретінде ұсыныстарды дайындау мақсатында жұмыс істейтін болады.  Бұл кезең – өтпелі болады. ҮЕҰ-ның дайындығына қарай оларға мемлекеттік органның белгілі бір қызметтерін атқару ісінің берілуі қарастырылады.

Бұл міндеттерді орындау үшін комиссия сараптау және жұмыс топтарын құруға уәкілетті болады. Ол өз құзырына кіретін келесі мәселелерді қарастыратын болады: мүдделі тараптардың ұсыныстарын қарастыру регламентін бекіту; қажет болған жағдайда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық көмекті стандарттау мәселелері бойынша сараптау, бағалау, талдау мақсатында штаттан тыс бас мамандарды, тәуелсіз сарапшыларды, халықаралық ұйым өкілдерін, денсаулық сақтау субъектілерін өзге салалардың мамандарын шақыру, министрлікке заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жасау.   

Екінші кезеңде комиссия өз құзіреттілік шеңберінде шешім қабылдайтын, нормативтік актілерді дайындайтын, оның жүзеге асырылуын бағалап, мониторинг жүргізетін дербес ұйым ретінде жұмысын жалғастыратын болады.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, комиссия құрамына мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері кіретін болады. Оның жұмысына халықаралық ұйымдар мен пациенттердің өкілдері бақылаушылар ретінде қатысатын болады.

Осылайша, комиссияны құру – халыққа көрсетілетін мецициналық көмектің сапасын арттырады.

Сондай-ақ, брифингте сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің дамуы туралы мәлімдеді. 1995 жылдан бастап денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 20 еседен астам ұлғайып, 2014 жылы 870 млрд. теңгеге жуық болды. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011–2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы сәтті аяқталып келеді.

Бүгінгі таңда медициналық көмекті 911 ауруханалық және 3164 амбулаторлық-емханалық ұйымдар көрсетіп келеді. Оның 729 ауруханалық және 2175 амбулаторлық-емханалық ұйымдары мемлекеттік меншік формасында. Жалпы республикада 229 мың медициналық қызметкерлер бар, олардың 70 мыңы дәрігерлер, 160 мыңы орта медициналық қызметкерлер.

Сонымен қатар, вице-министр тәуелсіздік жылдарында туғаннан есептелетін өмір сүру ұзақтығы 8 жылға ұлғайып, 71,62 жасты құрағанын атап айтты. Қан айналым ауруларынан болатын өлім 2,3 есеге, туберкулезден 5 есеге, аналық өлім 6,6 есеге, сәби өлімі 2,8 есеге, қатерлі ісіктің пайда болуынан болатын өлім 1,5 есеге азайған.

Ауруды ерте анықтау мақсатында Ұлттық скринингтік бағдарлама енгізілді (11 скрининг). 2014 жылы скринингтік тексеру нәтижесінде 2 мыңнан астам қатерлі ісік пен 80 мыңға жуық обыралды жағдай мен қатерсіз ісік анықталды.

192 телемедициналық орталық жұмыс істейді. Оны қолдану арқылы 2014 жылы 22 мың консультация өткізілді.

Алғашқы медико-санитарлық көмек ұйымдары (әрі қарай - МСАК) жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік-психологиялық қызметтер құрылды (650 психолог пен 2060 әлеуметтік жұмыскерлер). МСАК қолжетімділігін арттыру үшін алғашқы буын ұйымдарын екінші және үшінші мейірбикелермен толықтыру жұмысы жалғастырылды.

Профилактикалық медицинаның қызметі күшейтілуде: 6587 денсаулық мектептері, 252 денсаулықты нығайту орталықтары, 101 темекіге қарсы орталықтар, 87 жастар орталықтары жұмыс істеуде.

 Транспорттық медицина да дамып келеді. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шараларының аясында 16 вертолет сатып алынды. Санитарлық авиация қызметі 3 жылдың ішінде 2,6 мың ұшу шараларын жүзеге асырды.

50 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеп келеді. 3 жылдың ішінде 1,6 млн. адам тексеріліп, 1,8 млн.зерттеулер жүргізілді. 984 мың мамандардың кеңесі берілді.

Республикалық маңызы бар трассаларда жол апатынан зардап шеккен азаматтарға уақытылы медициналық көмек көрсету мақсатында 40 трассалық медициналық құтқару орындары жұмыс істеп келеді. 2,7 мыңнан астам зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп, 1,5 мың шығулар ұйымдастырылды.

«Денсаулық», «Жәрдем», «Саламатты Қазақстан» атты үш кеңестік-диагностикалық поездар 3 жылдың ішінде шалғайдағы елді мекендерде тұратын 187 мыңнан астам адамды тексерді, 2,3 млн-нан астам кеңестік-диагностикалық қызмет көрсетті.

Электронды денсаулық сақтау саласын дамыту аясында 2020 жылға қарай электронды денсаулық паспортын енгізу жоспарланып отыр. Медициналық ұйымдарды басқару процестері мен медициналық қызметтерді көрсету бойынша кешенді автоматтандыру, сонымен қатар медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйесін әлеуметтік саланың бірегей ақпараттық жүйесімен біріктіру қарастырылуда.  

Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Оның негізгі басым бағыттары: МСАҚ-ты одан әрі жетілдіру, қаржылық тұрақтылықты күшейту мен ортақ жауапкершілікті енгізу негізінде денсаулық сақтау саласын жетілдіру, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту, сонымен қатар, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу болып табылады. 

19 қараша, 2015 - 16:17 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші