X
egov

You are here

Жұмыспен қамтудың кешенді шараларын жүзеге асыру аясында 269 мың адам жұмысқа орналастырылды

Қазақстанда жұмыспен қамтудың кешенді шараларын жүзеге асыру аясында 269 мың адам жұмысқа орналастырылды, ол жылдық көрсеткіштің 80%-дан астамын құрап отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Халықты жұмыспен қамту шаралары туралы» тақырыбында өткен брифингінде «Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-ның президенті Дәулет Арғындықов мәлімдеді.

Ол Қазақстанда ағымдағы жылдың 2 тоқсанындағы жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші экономикалық белсенді тұрғындарға шаққанда 5%-ды құрап отырғанын мәлімдеді. Жұмыссыздар саны 448,5 мың адамды құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 3,4 мың адамға немесе 0,7%-ға төмендеді.

Халықаралық еңбек ұйымының бағалауынша, әлемдегі жұмыссыздық деңгейі 5,9%-ды құрап отыр. Бұл 200 млн. астам адам жұмысқа орналаса алмай жүр деген сөз. ЕУРОСТАТ мәліметінше, Еуропадағы жұмыссыздық деңгейі ағымдағы жылдың шілдесінде 9,5%-ды құрады. Жалпы алғанда, биылғы жылы ЭЫДҰ елдеріндегі бұл көрсеткіш 6,9% болады деген болжам бар.

 «Қазақстан халықаралық экономиканың мүшесі бола отырып, әлемдегі болып жатқан жағымсыз процестердің ықпалынан шет қала алмады. Сондықтан ағымдағы жағдайда еңбек нарығы қызметкерлерді қысқарту қаупін жоққа шығармайды. Дегенмен, бұл қандай да болсын жалпы үрдіс деп айтуға келмейді. Өзіндік проблемалары бар кәсіпорындар бар. Осы тұрғыда халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды үйлестіру және жұмыссыздық өсімін болдырмау мақсатында белгілі бір әрекеттер алгоритмі жүзеге асырылуда», - деді Дәулет Арғындықов.

Бірінші - өндіріс жұмысын тоқтатпау және қызметкерлерді қысқартуға жол бермеу. Бұл бағытта ҚР ДСӘДМ мамандары аймақтық әкімдермен бірлесе отырып тұрақты түрде қаланы құраушы ірі өндіріс орындарына мониторинг жасайды. Бұл орын алған мәселелер бойынша шұғыл түрде шара қолдануға мүмкіндік береді. Оның ішінде жұмыс орындарын сақтап қалу үшін қызметкерлерді толық емес жұмыс аптасына ауыстыру, қысқартылған жұмыс уақытын қолдану, уақытша өзге жұмысқа орналастыру және т.б. сияқты шаралар қолданылады. Жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында Астана, Алматы және облыс әкімдіктерінің, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың арасында 71 мыңнан астам меморандумға қол қойылды.

Екінші – 322 мың адамды қамту жоспарланған аймақтық жұмыспен қамтудың кешенді шараларын жүзеге асыру. Бұл жоспарлар бойынша азаматтарды жұмысқа орналастыру Жұмыспен қамту жол картасы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы және өзге де мемлекеттік, салалық бағдарламалар аясындағы жобалар арқылы жүзеге асырылуда.

 «Бүгінгі таңда 269 мың адам жұмыспен қамтылды (жылдық жоспарланған көрсеткіштің 80-нен астам пайызы), оның ішінде тұрақты жұмыс орнына 172 мың адам орналастырылды», - деп хабарлады ҚР ДСӘДМ «ЖҚП АТО» президенті.

Сонымен қатар, Жұмыспен қамту жол картасы аясында кәсіптік оқуға, жеке ісін ашуға, субсидияланған жұмыс орындары мен жастар практикасынан өтуге ниет білдірген жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, азаматтарды экономикалық әлеуеті төмен мекендерден еңбек ресурстарына сұранысы бар перспективалы аймақтарға қоныс аударуға жәрдем көрсетіледі.

Әлемдік еңбек нарығындағы болжамдарды айта келе, Дәулет Арғындықов жуырдағы 5 жыл ішінде жаңа жұмыс орындарының негізгі бөлігі жеке сектордағы қызмет көрсету саласында құрылатынын айтты. Әндіріс секторындағы жұмыскерлердің саны онжылдықтың соңына қарай 12%-ға төмендейді.

 «Егер Қазақстандағы еңбек нарығын дамыту туралы айтар болсақ, қазіргі таңдағы беталысты ескере отырып, 2020 жылға дейін еңбекке деген сұраныстың орташа жылдық өсімі 1,5% көрсеткішті құрайтын болады. 2016 жылы еңбек сұранысы 124 мың адамды құрайды, 2020 жылы 163 мыңға дейін өседі», - деді ҚР ДСӘДМ «ЖҚП АТО» президенті.

Дәулет Арғындықовтың айтуынша, мұғалімдерге, денсаулық сақтау мамандарына, орта медициналық қызметкерлерге, сонымен қатар, қоғамдық тамақтандыру ұйымдары қызметкерлеріне, орта әкімшілік-басқару қызметшілерге деген сұраныс артады.

Болжамдық мәліметтерде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе өткізілген қысқа мерзімге арналған кадрлар қажеттілігін анықтау сауалнамасы ескерілді. Барлық аймақтардың мыңдаған жұмыс берушілері мен бірқатар қызмет саласының арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде алынған мәліметтер макроболжамдармен сәйкес келеді.

15 қыркүйек, 2015 - 16:22 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші