X
egov

You are here

Мәжіліс бірінші оқылымда халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында палата депутаттары бірінші оқылымда Елбасының 2014 жылғы 4 мамырдағы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленген «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын мақұлдады.

Заң жобасы елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және көші-қон үрдістерін реттеу мақсатында әлеуметтік-еңбек қатынастарын жаңғыртуға бағытталған.

Заң жобасы келесі мәселелерді қарастырады:

1.      Шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты (ШЖК):

Елге жұмысқа орналасу үшін келетін шетелдіктерге жұмыс берушілер тарапынан ШЖК тарту рәсімін ырықтандыру, шетелдік жоғары білікті мамандардың еркін нарығын құру арқылы экономикадағы кадрлар қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған жүйелі шараларын енгізу.

Осылайша: 

Біріншіден, жұмыс берушілерге рұқсаттама беру идеологиясы түбегейлі қайта қаралды. Енді алымдар ел бюджетіне өндірілетін болады. Ол мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға, оны аймақтардың әлеуметтік және экономикалық дамуына бағыттауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, Қазақстанға келетін шетелдік мамандар экономиканың басым салаларында талап етілген мамандықтар тізбесі бойынша біліктілігінің сәйкестігі туралы 3 ай ішінде берілетін анықтама негізінде кез келген жұмыс орнына мамандығы бойынша орналасуына мүмкіндік алады.

Шетелдік маман оның білім деңгейін, жұмыс өтілін, практикалық тәжирибесін және де өзге де біліктілігін растайтын параметрлерін айқындайтын балдық жүйе арқылы бағаланатын болады.

Үшіншіден, ішкі корпоративтік ауыстыру процедурасын жетілдіру қарастырылып отыр. Мұндай шетелдік жұмыс күшін тарту тәсілі жалпыға бірдей әлемдік стандарттарға, Дүниежүзілік сауда Ұйымының талаптарына сәйкестендірілетін болады.

Сондай-ақ, аталған жаңалықтарды іске асыруға бағытталған ақпараттық-сараптамалық жүйені құру жоспарланып отыр. Ол жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін айтарлықтай жеңілдетіп, рұқсаттама беру процедураларын біршама жылдамдататын болады. Егер аталған шаралар қазіргі таңда 30-40 күнге созылса, ұсынылып отырған тәртіп бойынша орта есеппен 5 күнге дейін қысқаратын болады.

Шетелдік жұмыс күшін тарту, өз бетінше жұмысқа орналасу мен ішкі корпоративтік ауыстыру тәртібін өзгерту 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарастырылып отыр.

2.      Этникалық көші-қонға қатысты:

2013 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңына өзгерістер енгізіліп, оралмандардың көшіп келу квотасы, сонымен бірге, барлық материалдық төлемдер алынып тасталып, отандастарымыздың оралуына қолайсыз жағдай туындаған болатын.

Заң жобасында этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ыңталандыру мақсатында:

- этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі;

- этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік пакет беру. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері қарастырылған.

- оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді.

3. Ішкі көші-қон саласында:

Ішкі көші-қон саласындағы негізгі мәселе – республика аумағындағы әсіресе оңтүстік пен солтүстік арасындағы халықтын орналасу диспропорциясы болып табылады. Аталған мәселені шешу үшін жұмыс күші көп өңірлерден Үкімет айқындаған өңірлерге көшкен тұлғаларға көмек көрсету ұсынылады. Олар үшін көлік шығындарын өтейтін, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме беру, шағын несиелер беруді қамтамасыз ететін әлеуметтік пакет қарастырылатын болады.

Білім беру инфрақұрылымдарын жетілдіру шаралары аясында Үкімет айқындаған өңірлерде жоғарғы оқу орындары мен колледждерде оқу орындарын көбейтіп, жатақханалардағы орын санын ұлғайтып, оларды жаңғыртып, ауыл жастары үшін солтүстік өңірлердегі ЖОО мен колледждерде оқуға арналған арнайы гранттарды ұйымдастыру ұсынылады.

3.      Халықты жұмыспен қамту  саласында:

Мүгедектерге арналған жұмыс орындары квотасының сараланған мөлшерін жалпы жұмысшылар санына байланысты 2 пайыздан 4 пайызға дейінгі мөлшерде белгілеу нормалары енгізілді. Бұл ретте мүгедектерді жұмысқа орналастыру мақсатында мемлекет тарапынан жұмыс берушілер шығындарын субсидиялау арқылы тиісті жабдықталған жұмыс орындары құрылатын болады (бүгінгі күнге дейін тәжіриебе мұндай болмаған).

Сондай-ақ, жұмыспен қамту органдары функцияларының қосарланушылығын болдырмау мақсатында олардың құзыреті қайта қаралды. Халықты жұмыспен қамту орталықтарына бірқатар функциялар, оның ішінде: жұмыссыздарды тіркеу, оларға кәсіби оқу, жұмысқа орналасу үшін жолдамалар беру, тіркелген жұмыссыздарға тиісті анықтама беру, сондай-ақ еңбек нарығы жөнінде деректер қорын жаңарту міндеттерін беру көзделеді. 

30 қыркүйек, 2015 - 16:15 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші