Сарапшылар: Қазақстанда халықты жұмыспен қамту бойынша ұтымды шаралар кешені қолданылуда | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Сарапшылар: Қазақстанда халықты жұмыспен қамту бойынша ұтымды шаралар кешені қолданылуда

ҚР ДСӘДМ «Жұмыспен қамту жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-ның сарапшылары Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына (әрі қарай - ЭДЫҰ) қатысушы елдердің және Қазақстанның еңбек нарығындағы жағдайды талдай келе, осындай шешімге келді.  

Көптеген елдерде халықты жұмыспен қамту саясатын жүзеге асыру мақсатында жұмыспен қамтудың белсенді және бейтарап шараларын қарастыратын мемлекеттік бағдарламалар жасалған.                    

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына: арнаулы оқу орнындағы кәсіби дайындық, жұмыс орнындағы оқу, арнайы тағылымдамалар; қысқа мерзім ішінде  (әдеттегідей) жұмыс орындарын субсидиялау; жұмыс істеуге қабілеттілігі төмен жұмысшыларды 100% субсидиялау; жаңа жұмыс орындарын құру; кәсіпкерлікті дамытуға көмектесетін бағдарламаларды жасау және қаржыландыру шаралары кіреді.

Жұмыспен қамтудың бейтарап шараларына: жұмыссыздық бойынша сақтандыру төлемақылары; жұмыссыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақылар; банкротқа ұшыраған компаниялар қызметкерлері үшін төленбеген еңбекақыны өтеу; орнына өзге мақсатты топтағы жұмыссыздарды орналастыру мүмкіндігі бар қарт адамдардың толығымен немесе жартылай мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығуына жәрдемдесетін бағдарламалар (мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығу төлемақысы зейнеткерлік жасына жеткен соң тоқтатылады) кіреді.

«ЖҚЖ АТО» АҚ-ның мәліметтеріне сәйкес, ЭДЫҰ елдері орташа есеппен ІЖӨ-нің 1,5%-ын жұмыспен қамту шараларына жұмсайды, еуропа елдері - 1,8%, ал Ирландия, Дания және Испания сияқты елдер өз азаматтарын жұмыспен қамту ісіне ІЖӨ-нің 3%-ын жұмсайды екен. Жұмыспен қамту шараларына Франция мен Германия –47 млрд. евродан астам, АҚШ – 46 млрд. евро, Испания –38 млрд. евродан аса және Италия –32 млрд. евродан астам қомақты қаражат бөледі.

Жұмыспен қамту шараларының қай түрі (белсенді немесе бейтарап) қолайлы екенін анықтау үшін «ЖҚЖ АТО» АҚ-ның сарапшылары ЭДЫҰ-ның бірқатар елдерінің 2013 жылғы (еркін қолданыстағы соңғы мәліметтер) тиісті шаралардың әрбір қатысушыларына ақшалай шаққандағы шығындарын талдады. 

«Бірінші кезекте, аталған елдердегі жұмыспен қамту бағдарламаларына бөлінетін мемлекеттік бюджеттің шығыны ІЖӨ-нен орта есеппен белсенді шаралардан гөрі (0,5%) бейтарап шараларға (0,9%) көбірек бөлінетінін атап өту керек. Біз үшін жұмыссыздық деңгейі Қазақстаннан (5%) төмен елдердің көрсеткіштері оңтайлы. Яғни, Норвегия (3,4%) және Швейцария (4,4%). Норвегияда жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 55 мың, бейтарап шараларымен 53 мың адам қамтылған. Бірақ, белсенді шаралар қатысушыларының шығындары бейтарап шараларға қарағанда көбірек, сәйкесінше 35 мың евро және 24 мың евро. Швейцариядағы жағдай өзгеше. Мұнда бейтарап шаралармен 120 мың, белсенді шаралармен 55 мың адам қамтылды. Бірінші бағыт бойынша 1 адамның шығыны 26 мың евро, екіншісі бойынша 51 мың евроны құрады.

Жұмыссыздық деңгейі 26,1%-ды құрайтын Испанияда жұмыспен қамту шараларына өзге ЭДЫҰ елдеріне (3,6%) қарағанда ІЖӨ-нің едәуір бөлігі бөлінеді. Оның басым бөлігі, нақтылай түссек, 3%-ға жуығы байтарап шараларға жұмсалады. Белсенді шаралармен 2,7 млн. адам қамтылса, бейтарап шаралармен 2,9 млн. адам қамтылған. 2013 жылы Испанияда бейтарап шараларының 1 қатысушысына 10 мың евро бөлінген, бұл белсенді шаралардың қатысушы шығындарынан 4,5 есеге көп», - дейді «ЖҚЖ АТО» АҚ-ның сарапшылары.

Сарапшылардың пікірінше, аталған көрсеткіштер ЭДЫҰ мемлекеттерінің халықты жұмыспен қамту шараларының тиімділігін бағалауға негіз болады. Дәлірек айтсақ, жұмыссыздықпен күресу ісінде белсенді шаралар нәтижелі болатынын дәлелдей түседі.

Қазақстанда халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына мақсаты жұмыссыздық деңгейін төмендету мен қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру болып табылатын «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» (әрі қарай – «ЖҚЖК 2020») бағдарламасы бағытталған. Айта кету керек, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі Норвегия мен Швейцарияға қарағанда айтарлықтай жоғары емес. Сонымен қатар, 2014 жылы бағдарламаның әрбір қатысушысына 2 мың евро бөлінді, бұл 2013 жылы еуропа елдеріндегі жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламаларының аясындағы бөлінген қаражаттан 15 есе аз.

 «Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 2010 жылғы 5,8%-дан 2015 жылдың екінші тоқсанында 5%-ға біртіндеп төмендеп келеді. Сонымен қатар, аталған уақыт ішінде тек 2012 жылы жұмыссыздар санының ұлғайғанын байқауға болады (2011 жылы 473 мың, 2012 жылы 475 мың жұмыссыз азаматтар). 2015 жылдың екінші тоқсанындағы мәліметтер бойынша Қазақстандағы жұмыссыздар саны 449 мың адамды құрап отыр», - деп атап өтті «ЖҚЖ АТО» АҚ-ның сарапшылары.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы жұмыссыздықпен күрес шараларының сәттілігі «ЖҚЖК 2020» бағдарламасын жүзеге асырумен тікелей байланысты. Бағдарламада жұмыссыздық деңгейі - 5%-дан көп емес, әйелдер арасындағы жұмыссыздық - 5,5%-дан артық емес, жастар арасындағы жұмыссыздық - 4,6%-дан көп болмауы туралы нақтымақсаттар айқындалған, Сондай-ақ, жүзеге асырудың нақты бағыттары белгіленген: инфрақұрылымдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамту; кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және тірек ауылдарын кешенді дамыту; жұмыс берушінің сұранысына сай жұмысқа орналастыру мен көші-қон мәселелері бойынша жәрдемдесу мен оқыту.

«Осылайша, қорытындылай келе, дағдарыс жағдайында қаражатты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жұмсау қажет. Өйткені, тікелей жұмысқа орналасу, мамандарды кәсіби даярлау, еңбекақыларды субсидиялау, кәсіпкерлікті дамыту және тағы басқа шаралар – халықты жұмыспен қамту мәселелерінде аса тиімді құрал болып табылады», - деп атап айтты «ЖҚЖ АТО» АҚ-ның сарапшылары.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасын жүзеге асыру шараларының аясында 167 мың адам жұмыспен қамтылды. Биылғы жылдың басынан бастап 118 мың адам, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 97,4 мың азамат, уақытша жұмысқа – 20,7 мың адам жұмысқа орналастырылды.

27 қазан, 2015 - 19:17 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші