ҚР ДСӘДМ-де 2015 жылдың 9 айындағы денсаулық сақтау жүйесінің қызметі қорытындыланды | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

ҚР ДСӘДМ-де 2015 жылдың 9 айындағы денсаулық сақтау жүйесінің қызметі қорытындыланды

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың басшылығымен ҚР ДСӘДМ-де ағымдағы жылдың 9 айындағы денсаулық сақтау жүйесі қызметінің қорытындысы бойынша алқа мәжілісі өтті.

Шараға Вице-министр Алексей Цой, Жауапты хатшы Аида Құрманғалиева, комитет басшылары, министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің және ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары, бейнебайланыс режимінде – облыстық денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, сондай-ақ ҚР ДСӘДМ комитеттері аймақтық департаменттерінің диеректорлары қатысты.

Алқа мәжілісін ашқан Министр медициналық-санитарлық алғашқы көмекті жетілдіру мен аурулардың алдын алуға бағытталған отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бар күш-жігерді салу керектігін атап айтты.

Ағымдағы жылдың 9 айындағы денсаулық сақтау саласы қызметінің қорытындысы туралы ҚР ДСӘДМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің өкілдері баяндады. Сонымен, 2015 жылдың 9 айындағы ана өлімінің көрсеткіші тірі туған 100 мың адамға шаққанда 11-ді құрады. Бұл 2014 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,7%-ге төмен болып отыр (11,8). Сәби өлімі 6,7%-ға төмендеп, 2015 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 100 мың туылғандарға шаққанда  9,5-ті құрады (2014 жылдың 9 айында – 9,9). Туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 59,7-ні құрап отыр, 2014 жылдың 9 айында 67,3 болған болатын (11,3%-ға төмендеді). Туберкулезден болатын өлім-жітім 21,2%-ға төмендеп,  100 мың адамға шаққанда 3,5-ті құрады, 2014 жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіш 4,4 болатын. Қатерлі ісік ауруларынан болған өлім-жітім 100 мың тұрғынға шаққанда 86,2-ні құрады, 2014 жылдың сәйкес кезеңіндегі  9 айда 100 мың тұрғынға шаққанда 89,8 болған. Қан айналым жүйесінің ауру көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 2207,9-дан 2071,2-ге немесе 9%-ға төмендеді Жарақаттану мен уланудан болған өлім 2,6%-ға қысқарып, 100 мың тұрғынға шаққанда 89,9-дан 86,5-ке азайды.

ҚР ДСӘДМ-ге бағынысты ұйымдардың басшылары мен облыстық денсаулық сақтау басқармалары басшыларының атқарылған жұмыстар туралы есебін талқылай келе, Тамара Дүйсенова ана өлімі мәселесіне ерекше назар аударды.

«Баршамызға жүктілікке қарсы көрсеткіші бар әйелдердің жағдайына назар аударуымыз қажет. Босану кезінде қиындықтардың туындамауы үшін отбасын құруды жоспарлау мәселесінде өте мұқият болу керек. Егер жүктілікке қарсы көрсеткіштер бар болса, алдымен әйелді емдеу керек, содан соң медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінен бастап, босанған кездегі және одан кейінгі орталықтағы жүктілік мерзімін жіті қадағалау қажет. Босандыру қызметінің жұмысына қойылар талап қатаң болмақ», - деді ол.

Сонымен қатар, Министр ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында медициналық қызметкерлер алдында 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту міндеті тұрғанын айтты.

«Оны жүзеге асыру үшін кешенді және жүйелі іс-шараларды қарастыру қажет. Сондықтан, жыл аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар аурулар: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша арнайы іс-шаралар алгоритмін жасауды тапсырамын. 1 қаңтардан бастап жұмысты осы алгоритмдерді қолдана отырып жалғастыратын боламыз», - деді жиын соңында Тамара Дүйсенова.

Министрдің тапсырмасы бойынша жоғарыда аталған іс-шаралар жоспарын жасау үшін ҚР ДСӘДМ, ведомствоға бағынысты ұйымдар мен республика аймақтарындағы денсаулық сақтау басқармаларының мамандарынан тұратын бірнеше жұмыс топтары құрылды. 

12 қараша, 2015 - 14:29 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші