X
egov

You are here

Т. Дүйсенова Алматы қаласының тұрғындарына жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіріп, денсаулық сақтау жүйесінің дамуы және әлеуметтік қамсыздандыру туралы әңгімелеп берді

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова Алматы қаласына үш күндік жұмыс сапары аясында қала тұрғындарымен кездесіп, жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндірді. Сонымен қатар, азаматтық қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіндегі өзгерістер туралы, 2016-2019 жылдарға арналған ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы және әлеуметтік қамсыздандыру жайында айтып берді.

12 қараша күні Министр Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығына, Республикалық қан орталығына және Алматы онкологиялық орталығына барды.

Бүгін бюджеттік сала қызметкерлерімен кездесу кезінде Тамара Дүйсенова Алматы тұрғындарына 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін азаматтық қызметшілерінің еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісі туралы айтып берді. Аталған үлгіде азаматтық қызметшілерді біліміне, біліктілігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай төрт санатқа бөлу көзделген: ұйымның даму стратегиясы үшін жауап беретін және басқару шешімдерін қабылдайтын басқарушы A блогы; ұйымның негізгі функцияларының іске асырылуын қамтамасыз ететін негізгі B блогы; әкімшілік-құқықтық және шаруашылық функцияларын орындайтын әкімшілік C блогы; қосалқы және техникалық функцияларды іске асыратын қосалқы D блогы.

Еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа үлгісін енгізгеннен кейін біліктілігіне байланысты негізгі қызметкерлер жалақысының сараланып арттырылуы күтіледі:

- денсаулық сақтау саласында – 7% -дан 28%-ға дейін,

- білім беру саласында – 15%-дан 29%-ға дейін,

- өзге салаларда – 28%-дан 40%-ға дейін.

Сондай-ақ, қызметкердің білім, біліктілік деңгейіне, еңбек өтіліне және т.б. қарай өсім сараланатын болады.

Сонымен қатар, Министр алматылықтарға 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу қорытындысы туралы хабарлады. Белгіленген уақыт ішінде жоспарлы жұмыстың нәтижесінде келесі көрсеткіштерге қол жеткізілді:

- өмір сүру ұзақтығының болжалды өсімі 71,62 жас (2010 жылы 68,41 жас);

- халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткішінің шамамен 15,3%-ға дейін төмендеуі (2010 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 8,94, 2014 жылы –7,57);

- туу көрсеткіші 2,6%-ға өсті (2010 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 22,54, 2014 жылы – 23,13);

- ана өлімі 1,9 есеге азайды (2010 жылы 100 мың туылғандарға шаққанда 22,7, 2014 жылы– 11,7);

- сәби өлімі 1,7 есеге төмендеді (2010 жылы 1000 тірі туған балаларға шаққанда 16,58, 2014 жылы – 9,72);

- халықтың туберкулезбен сырқаттануы 30,3%-ға азайды (2010 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 95,3, 2014 жылы – 66,4) және одан болатын өлім 2 еседен астам азайды (2010 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 10,6, 2014 жылы – 4,9);

- АҚТҚ/ЖҚТБ-ның  концентрациялы сатысында таралуын ұстап тұру (2014 жылы – 0,2%).

Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы туралы да айтты.

Министр Қазақстанда эпидемиологиялық қызмет пен тамақтануды оңтайландыру, салауатты өмір салты қалыптастыруды біріктіру негізінде қоғамдық денсаулық сақтау саласы құрылатынын мәлімдеді. Оның негізгі атқаратын қызметі: мінез-құлықтық қатерлердің, дұрыс тамақтанбау мен қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз факторларын азайту мен алдын алуға халықты жұмылдыру, олардың аталған жағдайлар туралы хабардарлығын арттыру; жұқпалы және негізгі жұқпалы емес аурулардың, оның ішінде психикалық ауытқулар мен жарақаттанушылықтың эпидемиологиялық бақылауын қамтамасыз ету; халықтың денсаулығын нығайту мен оны қорғауға бағытталған сектораралық өзара байланысты кеңейту және үйлестіру; эпидемиологиялық қауіпсіздік пен денсаулықты қорғау салаларындағы өзге де құқықтық нормалар мен заңнаманың сақталуын бақылауды қамтамасыз ету; аймақтық және ұлттық деңгейдегі аурулардың дамуын болжау және үлгісін қалыптастырудың халықаралық жүйесін енгізу.   

Медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесіндегі орталық буын медициналық санитарлық алғашқы көмек (әрі қарай – МСАК) болады. Оның аясында тегін амбулаторлық емдеуге арналған дәрілік заттар тізімін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. МСАК-тың әмбебаптылығы әрі қарай адамның белгілі бір жас ерекшеліктерінің кезеңіне қарай ағзадағы өзгерістерін ескере отырып, аурулардың алдын алу басымдылығымен денсаулығын бақылауға негізделген өмір бойы  отбасылық қызмет көрсету қағидасына (әрі қарай – ОҚКҚ) көшу арқылы қамтамасыз етіледі. ОҚКҚ-ні аймақтың кадрлық қамтамасыз етілуіне байланысты жалпы практика дәрігерлері немесе учаскелік дәрігерлерден тұратын (терапевтер, педиатрлар, гинекологтар) мульти-тәртіптік топтар жүзеге асыратын болады. 

Сонымен қатар, транспорттық медицинаны, оның ішінде жедел медициналық көмек пен телемедицина, жылжымалы дәріханалық пункттерінің жүйесін әрі қарай дамыту көзделген.

Арнайы медициналық көмек барлық денсаулық сақтау саласының қызметтерімен біріктірілетін болады. Сонымен бірге негізгі әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар аурулар: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша іс шаралар жоспарын жасау мен жүзеге асыру қарастырылған. Әрбір бағыт бойынша қызметтің барлық түрлері: алдын алу, емдеу шаралары, оның ішінде оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады.

Сондай-ақ, ең үздік әлемдік тәжірибені пайдалану арқылы жоғарғы білікті арнайы медициналық қызметті дамыту өз жалғасын табады. 

Дәрілік заттардың сапасын, қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында 2015 жылдың соңына дейін Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр (әрі қарай – ҚҰФ) жасалатын болады. ҚҰФ-қа әлемде «алтын стандарт» болып есептелетін британдық ұлттық дәрілік формуляр негіз болды.  

ҚҰФ Қазақстанда тіркелген барлық дәрілік заттардың тізімін, олардың клиникалық дәлелденген тиімділігі, орын алуы мүмкін кері әсері туралы, әрбір препараттың шекті бағасы жайында ақпаратты қамтитын болады. Осылайша, ол тек дәрігерлер үшін емес, ел азаматтары үшін де үлкен анықтамалық болмақ.

Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілмек. Мемлекет азаматтардың 15 санатына (халықтың әлеуметтік тұрғыдан нашар тобы) жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, салық органдарында тіркелген қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнаны өздері төлейді.

Міндетті ай сайынғы жарналар мен ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетінің базасында медициналық қызметтерді сатып алуды топтастыру үшін коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдастырушылық-құқықтық формасында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (Қор) құрылатын болады. Қордың құрылтайы әрі жалғыз акционері ҚР Үкіметі болмақ.

Жарна мөлшерлемесі мемлекет үшін сатылай өсетін болады: 2017 жылы 4%-дан 2024 жылы 7%-ға дейін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) 2017 жылы 2%-дан 2020 жылы 7%-ға дейін. Аталған жарналар жұмыс берушілер үшін корпоративті табыс салығын есептеу кезіндегі, қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жеке табыс салығын есептеу уақытындағы шегерімге жатқызылатын болады.

ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа дейін ұлғаятын болады.

Еңбек ұжымдарымен болған кездесуде Тамара Дүйсенова ҚР жаңа Еңбек кодексінің негізгі нормаларын түсіндірді.

Бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылдың 5 қарашасында Қазақстан Парламенті мемлекет жұмыскерлерге берілетін кепілдеме мен өтемақының ең төменгі деңгейдегі еңбек стандарттарын анықтап, жұмыс беруші тараптарының бұл міндеттемелерді орындауын қатаң бақылауға алуды қарастыратын ҚР жаңа Еңбек кодексінің жобасын қабылдады.

Жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қатынастары көп жағдайда жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, жұмысшыны жұмыстан босату, жұмыс уақыты, еңбек шарттары мен оның төлемақысы салаларындағы өзара келісім жасау және ұжымдық шарттардың әлеуетін күшейте отырып, өзін-өзі реттеу қағидаларына сай жүзеге асырылатын болады.

Жұмыс берушілер үшін жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, қызметкерді жұмыстан босату, еңбек шарттары мен оның төлемақысын анықтау шаралары жеңілдетілген. Сондай-ақ, негізгі еңбек кепілдемелері мен қызметкерлердің құқықтары бекітіліп, оларды ұжымдық, жеке шарттар мен келісімдерді жасау және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын құралдар арқылы ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған.

Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында кәсіподақтардың рөлі кеңейтілді, оның ішінде жақында қабылданған «Кәсіподақтар туралы» Заңда қарастырылған мүмкіндіктер де есепке алынды.

Осылайша, юнионизация тәжірибесінің дамуына септігін тигізетін тараптардың ұжымдық шарттар мен келісімдер жасаудағы қызығушылығы арта түседі.

Еңбек қатынастарын ырықтандырудағы аталмыш үлгі ЭЫДУ стандарттарына сай келеді.

14 қарашада Министр ҚР ДСӘДМ Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының қалалық филиалы мен бөлімшелерінің, Алматы қаласы мен облысының Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті аймақтық департаменттерінің, аталған департаменттердің медициналық-әлеуметтік сараптау бөлімдерінің, еңбекті қорғау бойынша республикалық ғылыми-зерттеу институты филиалының басшыларымен, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, зейнеткерлермен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу барысында Тамара Дүйсенова арнайы әлеуметтік көмек туралы түсіндіріп береді.

Естеріңізге сала кетейік, 10-11 қараша күндері Министр Астана қаласында түсіндіру кампаниясын өткізген болатын. Қараша айында Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Шымкент, Ақтөбе және Павлодар қалаларына барады. 

13 қараша, 2015 - 10:39 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші