Т. Дуйсенова Шымкент қаласының тұрғындарына жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіріп, денсаулық сақтау жүйесінің дамуы және әлеуметтік қамсыздандыру туралы әңгімелеп берді | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Т. Дуйсенова Шымкент қаласының тұрғындарына жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіріп, денсаулық сақтау жүйесінің дамуы және әлеуметтік қамсыздандыру туралы әңгімелеп берді

Шымкент қаласына екі күндік жұмыс сапары аясында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова қала тұрғындарымен кездесіп, жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндірді. Сонымен қатар, азаматтық қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіндегі өзгерістер туралы, 2016-2019 жылдарға арналған ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы және әлеуметтік қамсыздандыру жайында айтып берді.

15 қараша күні Министр облыстық онкологиялық диспансерге, кардиологиялық орталық пен балалар емханасына барды.

Бүгін бюджеттік сала қызметкерлерімен кездесу барысында Тамара Дүйсенова Шымкент қаласының тұрғындарына 2016 жылдың 1 қаңтарынан енгізілетін азаматтық қызметшілердің еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісі туралы айтып берді. Аталған үлгіде азаматтық қызметшілерді біліміне, біліктілігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай төрт санатқа бөлу көзделген: ұйымның даму стратегиясы үшін жауап беретін және басқару шешімдерін қабылдайтын басқарушы A блогы; ұйымның негізгі функцияларының іске асырылуын қамтамасыз ететін негізгі B блогы; әкімшілік-құқықтық және шаруашылық функцияларын орындайтын әкімшілік C блогы; қосалқы және техникалық функцияларды іске асыратын қосалқы D блогы.

Еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа үлгісін енгізгеннен кейін біліктілігіне байланысты негізгі қызметкерлер жалақысының сараланып арттырылуы күтіледі:

- денсаулық сақтау саласында – 7% -дан 28%-ға дейін,

- білім беру саласында – 15%-дан 29%-ға дейін,

- өзге салаларда – 28%-дан 40%-ға дейін.

Сондай-ақ, қызметкердің білім, біліктілік деңгейіне, еңбек өтіліне және т.б. қарай өсім сараланатын болады

Министр шымкенттіктерге 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу нәтижелері туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар, негізгі мақсаты қоғамдық денсаулық жүйесін дамыту, аурулардың алдын алу мен басқаруды жетілдіру, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мен басқарудың тиімділігін арттыру, ресурстарды тиімді қолдануды қамтамасыз ету және инфрақұрылымдарды оңтайландыру болып табылатын ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы туралы да айтты. Бағдарламаның негізгі міндеті 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту болып табылады.

Еңбек ұжымдарымен болған кездесуде Тамара Дүйсенова ағымдағы жылдың 5 қарашасында Қазақстан Парламенті қабылдаған ҚР жаңа Еңбек кодексінің негізгі нормаларын түсіндірді.

«ҚР Жаңа Еңбек кодексі мемлекет жұмыскерлерге берілетін кепілдеме мен өтемақының ең төменгі деңгейдегі еңбек стандарттарын анықтап, жұмыс беруші тараптарының бұл міндеттемелерді орындауын қатаң бақылауға алуды қарастырады. Жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қатынастары көп жағдайда жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, жұмысшыны жұмыстан босату, жұмыс уақыты, еңбек шарттары мен оның төлемақысы салаларындағы өзара келісім жасау және ұжымдық шарттардың әлеуетін күшейте отырып, өзін-өзі реттеу қағидаларына сай жүзеге асырылатын болады», - деп хабарлады ол.

Министр жұмыс берушілер үшін жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, қызметкерді жұмыстан босату, еңбек шарттары мен оның төлемақысын анықтау шаралары жеңілдетілгенін атап айтты. Сондай-ақ, негізгі еңбек кепілдемелері мен қызметкерлердің құқықтары бекітіліп, оларды ұжымдық, жеке шарттар мен келісімдерді жасау және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын құралдар арқылы ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған. Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында кәсіподақтардың рөлі кеңейтілді, оның ішінде жақында қабылданған «Кәсіподақтар туралы» Заңда қарастырылған мүмкіндіктер де есепке алынды.

Кодекс жобасында қарастырылған негізгі жаңа ережелер:

1.    Еңбек келісімінің шарттарын өзгерту шараларын жеңілдету, әсіресе экономикадағы дағдарыс жағдайында.

Бұл новелла жұмыс беруші қызметкерлер санын қысқартудың орнына толық емес жұмыс уақыты тәртібін енгізу және қызметкерлерді уақытша өзге жұмысқа ауыстыру оңтайлы болғанда қажетті жағдай жасауды  қарастырады.

Мәселен, жұмыс орындарын сақтау мақсатында кәсіпорынның жұмысы тоқтатылған жағдайда (бір айдың орнына) қызметкерлерді уақытша ауыстыру мерзімін анықтау ұсынылады. Сондай-ақ, жұмыс берушінің қызметкердің денсаулығына зиян тигізбейтін кез келген бос орынға ауыстыру (кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұрған жағдайда) құқығы қарастырылады.

2.    Жұмыс берушінің бастамасымен «ұйымның экономикалық жағдайының өндіріс, атқарылатын жұмыс, көрсетілетін қызмет көлемінің азаюы салдарынан нашарлауы» негізінде еңбек шарттарын бұзу негіздемесі енгізілді.

Қолданыстағы Еңбек кодексі бойынша қызметкерлерді қысқарту «қызметкерлердің штаты мен санын қысқарту» негізінде (қолданыстағы кодекстің 54 бабы 1 тармағының 2 тармақшасы) жүзеге асырылады. Бұл жағдайда қызметкерге 1 ай бұрын себебін түсіндірусіз хабарландырылады, қысқарту жағдайында бір айлық орташа еңбекақы көлемінде өтемақы төленеді.

Қазіргі таңдағы дағдарыс жағдайында жұмыс берушінің қызметкерлер санын қысқарту шараларын қолдану ықтималдығының артуы ескеріліп, жоғарыда аталған негіздеме жеке көрсетілді. Сонымен қатар, еңбек шартын бұзу мүмкіндігі келесі шарттарды бір мезгілде сақтаған жағдайда туындайды:

- құрылымдық бөлімнің (цех, бөлімше) жабылуы;

- қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкіндігінің болмауы;

- еңбек шартын бұзуға негіз болған экономикалық себептері көрсетілген кәсіподақтың кемінде бір ай бұрын берілген жазбаша ескертпесі.

Қызметкерлерге аталған негіздеме бойынша еңбек қатынастарын бұзу кезінде айлық еңбекақы мөлшерінде өтемақы төленетін болады.

Сонымен қатар, жұмыс берушіге зейнет жасына келген қызметкерлермен ҚР Заңымен белгіленген, бұзу тәртібін нақты реттелген еңбек шартын бұзу құқығының берілуі ұсынылады. Жұмыс берушіге жоғары деңгейдегі кәсіптілік пен біліктілікке ие зейнет жасына жеткен қызметкерлердің жұмысқа икемділігі мен денсаулығының жағдайын ескере отырып (мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерге ұқсас), жыл сайын еңбек шартын ұзарту құқығы беріледі.

3.    Жұмыс берушіге сынақтан өту мерзімін кез келген қызметкер санатына қою құқығын беру ұсынылады. 

Бұл жаңа ереже қазіргі таңдағы жұмыс берушілерге 18 жасқа толмаған тұлғалар, ЖОО мен ТКБ-нің түлектері, мүгедектер, бірінші рет жұмысқа кіріскен азаматтар үшін сынақ мерзімін белгілеуге салынған тыйым аталмыш санаттағы азаматтардың жұмысқа орналасуына септігін тигізбеуімен шартталады. Өйткені, әдетте жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдамайды.

4. Физикалық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша шешім қабылдау үшін кешенді шаралар қолдану қарастырылады.

Қолданыстағы Заңға сәйкес мүгедектермен еңбек қатынастарын ырықтандыру бойынша жұмыс берушінің мүгедектерді жұмысқа алу міндеттемелерімен, олардың жұмыс орындарын құралдармен (дене мен ағза функцияларының бұзылуы мен шектеулерін ескере отырып) арнайы жабдықтаумен, сонымен қатар оларға қосымша демалыс уақытын (15 күннен кем емес), қысқартылған жұмыс уақытын (аптасына 36 сағаттан көп емес) белгілеумен, шамадан тыс жұмыс атқаруға тыйым салумен реттеледі. Тәжірибеде жоғарыда аталған талаптар мүгедектерді жұмысқа орналастыруға толыққанды мүмкіндік бермейді. 

Қазақстан Парламентінде ағымдағы жылдың 5 қарашасында мақұлданған «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңнамасында жұмыс берушілерге қызметкерлердің жалпы санынан 2-4% құрайтын мүгедектерді жұмысқа қабылдау үшін арнайы жабдықталған жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген квоталарды енгізуді міндеттеу қарастырылады. Сонымен қатар, мүгедектердің жұмыс орнын қажетті арнайы құралдармен жабдықтауға арналған жұмыс берушінің шығындарын мемлекеттің субсидиялауы ұсынылады.

Өз кезегінде, мүгедектерді шамадан тыс жұмыстар атқаруға тыйым салуды сақтау қарастырылады. Жұмыс уақыты мен қысқартылған жұмыс уақытының жалпы есеп (аптасына 36 сағаттан кем емес) нормалары өзгеріссіз қалады.

Осылайша, жұмыс берушіге жүктелген белгілі жүктемені мемлекет, жұмыс беруші және кәсіподақтарға жауапкершілікті бөлу арқылы азайту нәтижесінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселелері шешімін табуға жол ашады.

5. Жаңа Еңбек кодексінде қызметкерлерге еңбекақы төлеу мәселелері бойынша жұмыс беруші өз күшімен (жұмыс берушінің актілерін қабылдау арқылы) болмаса, қызметкерлер өкілдерінің бастамасымен (ұжымдық шарт жасасу негізінде) қызметкер жалақысының формасын, жүйесі мен көлемін таңдау мәселелерін шешу жағдайы қарастырылған. 

Осылайша, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдеріне түнгі уақыттағы, демалыс және мейрам күндеріндегі, сонымен қатар, шамадан тыс жұмыс істегені үшін төлемақы мөлшерін еңбек және ұжымдық шарттар арқылы реттеу ұсынылады. Сонымен қатар, шамадан тыс жұмыс істегені үшін төленетін төлемақы негізгі мөлшерлеме көлемінің бір жарым есесінен кем болмауы шарт.

6. Қоғамдық бақылау саласын күшейту ұсынылып отыр. Кәсіподақ ұсынатын қызметкерлер арасынан техникалық инспекторлар институтын құрып, олардың еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бойынша тепе-теңдік негізінде құрылатын өндірістік кеңестер аясында құзіреттілігін қарастыру ұсынылады.

Аталған кеңеске төмендегідей қызмет түрлерін жүктеу көзделген: еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушілер мен қызметкерлердің ортақ қызметін ұйымдастыру, жұмыс орындарындағы еңбекті қорғау шарттарын тексеру, қызметкерлерге оның нәтижесі туралы хабарлау

Өндірістік кеңесті тепе-тең шарттар негізінде қызметкерлер өкілдері мен жұмыс беруші 2 жыл мезгілдік ауысу негізінде басқаратын болады. Жұмыс беруші үшін өндірістік кеңестің шешімі міндетті болады.

Қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының өкілдерімен болған кеңесуде Тамара Дүйсенова азаматтарды еңбекпен қамту мәселелерін талқылады. Ол аймақтық жұмыспен қамту кешенді жоспарының аясында 311,6 мың адам жұмысқа орналастырылғанын, бұл жоспарланған көрсеткіштің 102% құрайтынын атап өтті. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасының аясында 118,3 мың адам жұмыспен қамтылды.

Министр жергілікті атқарушы органдарына әрбір жұмыспен қамтылған азаматқа зейнетақы аударылымдарының  түсіп тұруын бақылау қажеттілігін атап айтты.

Сонымен қатар, Тамара Дүйсенова ҚР ДСӘДМ Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының облыстық филиалы мен бөлімшелерінің, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті аймақтық департаменттерінің, медициналық-әлеуметтік сараптау бөлімдерінің, еңбекті қорғау бойынша республикалық ғылыми-зерттеу институты филиалының басшыларымен, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, зейнеткерлермен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу барысында арнайы әлеуметтік көмек туралы түсіндіріп берді.

Естеріңізге сала кетейік, 10-11 қараша күндері Министр Астана қаласында түсіндіру кампаниясын өткізген болатын. Қараша айының соңына дейін Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Ақтөбе және Павлодар қалаларына барады. 

30 қараша, 2015 - 09:58 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші