Т. Дүйсенова Сенатқа денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасын ұсынды | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Т. Дүйсенова Сенатқа денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасын ұсынды

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова ҚР Парламенті Сенатының депутаттарына 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасын ұсынды.

Сөз басында ол 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелері туралы хабарлады. Белгіленген кезеңде жоспарлы жұмыстың нәтижесі бойынша келесі көрсеткіштерге қол жеткізілді:

- күтілетін өмір сүру ұзақтығының 71,62 жасқа дейін өсті (2010 жылы 68,41 жас);

- халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткішінің шамамен 15,3%-ға дейін төмендеді (2010 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 8,94, 2014 жылы –7,57);

- туу көрсеткіші 2,6%-ға өсті (2010 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 22,54, 2014 жылы – 23,13);

- ана өлімі 1,9 есеге азайды (2010 жылы 100 мың туылғандарға шаққанда 22,7, 2014 жылы– 11,7);

- сәби өлімі 1,7 есеге төмендеді (2010 жылы 1000 тірі туған балаларға шаққанда 16,58, 2014 жылы – 9,72);

- халықтың туберкулезбен сырқаттануы 30,3%-ға азайды (2010 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 95,3, 2014 жылы – 66,4) және одан болатын өлім 2 еседен астам азайды (2010 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 10,6, 2014 жылы – 4,9);

- АИТВ/ЖИТС-тың  таралуын концентрациялы сатыда ұстап тұру (2014 жылы – 0,2%).

Тамара Дүйсенова жуырдағы 4 жыл ішінде денсаулық сақтау саласындағы келесі стратегиялық мақсаттарды атап айтты: 2020 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау саласындағы басқару мен қаржыландыру жүйелерін жетілдіру.

Министр Қазақстанда эпидемиологиялық қызмет пен тамақтануды оңтайландыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруды біріктіру негізінде қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі құрылатынын мәлімдеді. Оның негізгі атқаратын қызметі: мінез-құлықтық қатерлердің, дұрыс тамақтанбау мен қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз факторларын азайту мен алдын алу шараларына халықты жұмылдыру және олардың аталған жағдайлар туралы хабардарлығын арттыру; жұқпалы және негізгі жұқпалы емес аурулардың, оның ішінде психикалық ауытқулар мен жарақаттанушылықтың эпидемиологиялық бақылауын қамтамасыз ету; халықтың денсаулығын нығайту мен оны қорғауға бағытталған сектораралық өзара байланысты кеңейту және үйлестіру; эпидемиологиялық қауіпсіздік пен денсаулықты қорғау салаларындағы өзге де құқықтық нормалар мен заңнаманың сақталуын бақылауды қамтамасыз ету; аймақтық және ұлттық деңгейдегі аурулардың дамуын ұзақ мерзімге болжау және оның үлгісін қалыптастырудың халықаралық жүйесін енгізу.   

Медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесіндегі орталық буын медициналық санитарлық алғашқы көмек (әрі қарай – МСАК) болады. Оның аясында медициналық көмектің көлемі мен тегін амбулаторлық емдеуге арналған дәрілік заттар тізімін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. МСАК-тың әмбебаптылығы әрі қарай адамның белгілі бір жас ерекшеліктерінің кезеңіне қарай ағзадағы өзгерістерін ескере отырып, аурулардың алдын алу басымдылығымен денсаулығын бақылауға негізделген өмір бойы  отбасылық қызмет көрсету қағидасына (әрі қарай – ОҚКҚ) көшу арқылы қамтамасыз етіледі. ОҚКҚ-ні аймақтың кадрлық қамтамасыз етілуіне байланысты жалпы практика дәрігерлері немесе учаскелік дәрігерлерден тұратын (терапевтер, педиатрлар, гинекологтар) мульти-тәртіптік топтар жүзеге асыратын болады. Жалпы практика дәрігерлері санының ұлғаюы мен біліктілігінің артуына қарай олар мульти-тәртіптік топтарды алмастыратын болады.

Сонымен қатар, транспорттық медицинаны, оның ішінде жедел медициналық көмек пен телемедицина, жылжымалы дәріханалық пункттерінің жүйесін әрі қарай дамыту көзделген.

Арнайы медициналық көмек барлық денсаулық сақтау саласының қызметтерімен біріктірілетін болады. Сонымен бірге негізгі әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар аурулар: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша іс шаралар жоспарын жасау мен жүзеге асыру қарастырылған. Әрбір бағыт бойынша қызметтің барлық түрлері: алдын алу, емдеу шаралары, оның ішінде оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады.

Сондай-ақ, ең үздік әлемдік тәжірибені пайдалану арқылы жоғарғы білікті арнайы медициналық қызметті дамыту өз жалғасын табады. 

Сапа бойынша Біріктірілген комиссия медициналық көмектің сапасын басқару ұлттық жүйесінің институционалды негізі болады. Аталған комиссия келесі қызметтерді атқарады: денсаулық сақтау саласындағы клиникалық хаттамаларды, стандарттарды бекіту; медициналық ұйымдарды аккредитациялау жүйесін жетілдіру; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету Ұлттық саясатын жүзеге асыруға қолдау көрсету; ТМККБК мен МӘМС есебінен қайтарылатын дәрілік заттарды, медициналық  қызметке арналған бұйымдар мен өзге де медициналық технологияларды тариф құрылымына енгізу мен шығару; денсаулық сақтау саласындағы адам ресурстарын тиімді басқаруға ықпалдасу.

Дәрілік заттардың сапасын, қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында 2015 жылдың соңына дейін Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр (әрі қарай – ҚҰФ) жасалатын болады. ҚҰФ-қа негіз ретінде әлемде «алтын стандарт» болып есептелетін британдық ұлттық дәрілік формуляр алынды.  

ҚҰФ Қазақстанда тіркелген барлық дәрілік заттардың тізімін, олардың клиникалық дәлелденген тиімділігі, орын алуы мүмкін кері әсері туралы, әрбір препараттың шекті бағасы жайында ақпаратты қамтитын болады. Осылайша, ол тек дәрігерлер үшін емес, ел азаматтары үшін де үлкен анықтамалық болмақ.

Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілмек. Мемлекет азаматтардың 15 санатына (халықтың әлеуметтік тұрғыдан нашар тобы) жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, салық органдарында тіркелген қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнаны өздері төлейді.

Міндетті ай сайынғы жарналар мен ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетінің базасында медициналық қызметтерді сатып алуды топтастыру үшін коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдастырушылық-құқықтық формасында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (Қор) құрылатын болады. Қордың құрылтайы әрі жалғыз акционері ҚР Үкіметі болмақ.

Жарна мөлшерлемесі сатылай өсетін болады: мемлекет үшін 2017 жылы 4%-дан 2024 жылы 7%-ға дейін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) 2017 жылы 2%-дан 2020 жылы 7%-ға дейін. Аталған жарналар жұмыс берушілер үшін корпоративті табыс салығын есептеу кезіндегі, қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жеке табыс салығын есептеу уақытындағы шегерімге жатқызылатын болады.

Медициналық және мейіргерлік білім беруді ары қарай дамыту клиникалық тәжірибе, медициналық білім беру және ғылыми қызметтің ұштұғырлығын қарастырады. Аталған мақсатта медициналық қызметтер мен кадрларды дайындаудың толық кезеңі қағидасымен ғылыми ұйымдардың, медициналық ЖОО-ның, стационарлық және амбулаторлық ұйымдардың  функционалды (концорциумдар) және ұйымдастырушылық (холдингтер) бірлестіктерінің негізінде интеграцияланған академиялық медициналық орталықтарды (университеттік клиникаларды) дамыту тұжырымдамасын жасау жоспарланып отыр. Жаңа клиникалық базалар мен университеттік клиникаларды құру жетекші халықаралық медициналық университеттер және ұйымдармен серіктестік негізінде жүзеге асырылады. Академиялық үрдістерге жетекші шетел мамандары, ғалымдар мен оқытушыларды тарту тәжірибесі кең көлемде қолданылатын болады.

Түлектердің теориялық білім деңгейі мен тәжірибелік машықтарын бағалау мақсатында кәсіби стандарттар мен үздік халықаралық тәжірибеге негізделген құзіреттілікті тәуелсіз бағалау жүйесі енгізілетін болады.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру азаматтардың, жалпы қоғамның денсаулығын жақсартуға, өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға; медициналық көмектің сапасы мен толыққандылығын, қолжетімділігін арттыруға; тегін амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз ету көлемін ұлғайтуға, денсаулық сақтау саласындағы бейресми төлемдер ауқымын төмендетуге; заманауи, қауіпсіз медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. 

20 қараша, 2015 - 11:27 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші