Т. Дуйсенова Ақтөбе қаласының тұрғындарына жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіріп, денсаулық сақтау жүйесінің дамуы және әлеуметтік қамсыздандыру туралы әңгімелеп берді | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Т. Дуйсенова Ақтөбе қаласының тұрғындарына жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіріп, денсаулық сақтау жүйесінің дамуы және әлеуметтік қамсыздандыру туралы әңгімелеп берді

Ақтөбе қаласына екі күндік жұмыс сапары аясында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова қала тұрғындарымен кездесіп, жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндірді. Сонымен қатар, азаматтық қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіндегі өзгерістер туралы, 2016-2019 жылдарға арналған ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы және әлеуметтік қамсыздандыру жайында айтып берді.

Бүгін қаланың еңбек ұжымдарымен кездесу барысында Тамара Дүйсенова ағымдағы жылдың 23 қарашасында Мемлекет басшысы қол қойған ҚР жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндірді. 

 «Мемлекет жұмыскерлерге берілетін кепілдеме мен өтемақылардың ең төменгі деңгейдегі еңбек стандарттарын белгілеп, жұмыс беруші тараптарының бұл міндеттемелерді орындауын қатаң бақылауға алады. Жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қатынастары көп жағдайда жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, жұмысшыны жұмыстан босату, жұмыс уақыты, еңбек шарттары мен оның төлемақысы салаларындағы өзара келісім жасау және ұжымдық шарттардың әлеуетін күшейте отырып, көп жағдайда өзін-өзі реттеу қағидаларына сай жүзеге асырылатын болады», - деп хабарлады ол.

Министр жұмыс берушілер үшін жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, қызметкерді жұмыстан босату, еңбек шарттары мен оның төлемақысын анықтау шараларының жеңілдетілгенін атап айтты. Сондай-ақ, негізгі еңбек кепілдемелері мен қызметкерлердің құқықтары бекітіліп, оларды ұжымдық, жеке шарттар мен келісімдерді жасау және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын құралдар арқылы ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған. Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында кәсіподақтардың рөлі кеңейтілді, оның ішінде жақында қабылданған «Кәсіподақтар туралы» Заңда қарастырылған мүмкіндіктер де есепке алынды.

 Еңбек кодексінде қарастырылған негізгі жаңа ережелер:

1.    Еңбек келісімінің шарттарын өзгерту шараларын жеңілдету, әсіресе экономикадағы дағдарыс жағдайында.

Бұл новелла жұмыс беруші қызметкерлер санын қысқартудың орнына толық емес жұмыс уақыты тәртібін енгізу және қызметкерлерді уақытша өзге жұмысқа ауыстыру оңтайлы болғанда қажетті жағдай жасауды  қарастырады.

2.    Жұмыс берушінің бастамасымен «ұйымның экономикалық жағдайының өндіріс, атқарылатын жұмыс, көрсетілетін қызмет көлемінің азаюы салдарынан нашарлауы» негізінде еңбек шарттарын бұзу негіздемесі енгізілді.

Еңбек шартын бұзу мүмкіндігі келесі шарттарды бір мезгілде сақтаған жағдайда туындайды:

-          құрылымдық бөлімнің (цех, бөлімше) жабылуы;

-          қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкіндігінің болмауы;

-          еңбек шартын бұзуға негіз болған, экономикалық себептері көрсетілген, кемінде бір ай бұрын берілген кәсіподақтың жазбаша ескертпесі.

Қызметкерлерге аталған негіздеме бойынша еңбек қатынастарын бұзу кезінде екі айлық еңбекақы мөлшерінде өтемақы төленетін болады.

Сонымен қатар, жұмыс берушіге зейнет жасына келген қызметкерлермен ҚР Заңымен белгіленген, бұзу тәртібін нақты реттелген еңбек шартын бұзу құқығы беріледі. Жұмыс берушіге жоғары деңгейдегі кәсібилік пен біліктілікке ие зейнет жасына жеткен қызметкерлердің жұмысқа жарамдылығын ескере отырып (мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерге ұқсас), жыл сайын еңбек шартын ұзарту мүмкіндігі бекітілді.

3. Жұмыс берушіге кез келген қызметкер санатына сынақтан өту мерзімін белгілеу құқығы беріледі.  

Бұл жаңа ереже қазіргі таңдағы жұмыс берушілерге 18 жасқа толмаған тұлғалар, ЖОО мен ТКБ-нің түлектері, мүгедектер, бірінші рет жұмысқа кіріскен азаматтар үшін сынақ мерзімін белгілеуге салынған тыйым аталмыш санаттағы азаматтардың жұмысқа орналасуына кедергі келтіруімен шартталады. Өйткені, әдетте жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдамайды.

4. Физикалық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша шешім қабылдау үшін кешенді шаралар қолдану қарастырылады.

Қазақстан Парламентінде ағымдағы жылдың 5 қарашасында қабылданған «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңында жұмыс берушілерге қызметкерлердің жалпы санының 2-4% құрайтын мүгедектерді жұмысқа қабылдау үшін арнайы жабдықталған жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген квоталарды енгізуді міндеттеу қарастырылады. Сонымен қатар, мүгедектердің жұмыс орнын қажетті арнайы құралдармен жабдықтауға арналған жұмыс берушінің шығындарын мемлекеттің субсидиялауы ұсынылады.

Сондай-ақ, Еңбек кодексінде мүгедектерді шамадан тыс жұмыс атқаруға тыйым салуды сақтау қарастырылады. Жұмыс уақыты мен қысқартылған жұмыс уақытының жалпы есебін қолдану нормалары өзгеріссіз қалады (аптасына 36 сағаттан кем емес).

5. Жаңа Еңбек кодексінде қызметкерлерге еңбекақы төлеу мәселелері бойынша жұмыс беруші өз күшімен (жұмыс берушінің актілерін қабылдау арқылы) болмаса, қызметкерлер өкілдерінің бастамасымен (ұжымдық шарт жасасу негізінде) қызметкер жалақысының формасын, жүйесі мен көлемін таңдау мәселелерін шешу жағдайы қарастырылған.  

Осылайша, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдеріне түнгі уақыттағы, демалыс және мейрам күндеріндегі, сонымен қатар, шамадан тыс жұмыс істегені үшін төлемақы мөлшерін еңбек және ұжымдық шарттар арқылы реттеу ұсынылады. Сонымен қатар, шамадан тыс жұмыс істегені үшін төленетін төлемақы негізгі мөлшерлеме көлемінің бір жарым есесінен кем болмауы шарт.

6. Қоғамдық бақылау саласын күшейту мақсатында кәсіподақ ұсынатын қызметкерлер арасынан техникалық инспекторлар институтын құрып, олардың еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бойынша өндірістік кеңестер аясында құзіреттілігін қарастыру ұсынылады.

Бюджеттік сала қызметкерлерімен кездесу барысында Тамара Дүйсенова Ақтөбе қаласының тұрғындарына 2016 жылдың 1 қаңтарынан енгізілетін азаматтық қызметшілердің еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісі туралы айтып берді. Аталған үлгіде азаматтық қызметшілерді біліміне, біліктілігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай төрт санатқа бөлу көзделген: ұйымның даму стратегиясы үшін жауап беретін және басқару шешімдерін қабылдайтын басқарушы A блогы; ұйымның негізгі функцияларының іске асырылуын қамтамасыз ететін негізгі B блогы; әкімшілік-құқықтық және шаруашылық функцияларын орындайтын әкімшілік C блогы; қосалқы және техникалық функцияларды іске асыратын қосалқы D блогы.

Еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа үлгісін енгізгеннен кейін қызметкердің біліктілігіне, біліміне, еңбек өтіліне байланысты және т.б. негізгі қызметкерлер жалақысының сараланып арттырылуы күтіледі.

Министр медициналық қызметкерлермен болған жиналыста негізгі мақсаты қоғамдық денсаулық жүйесін дамыту, аурулардың алдын алу мен басқаруды жетілдіру, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мен басқарудың тиімділігін арттыру, ресурстарды тиімді қолдануды қамтамасыз ету және инфрақұрылымдарды оңтайландыру болып табылатын ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы туралы айтып берді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту.

Тамара Дүйсенова аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында Қазақстанда эпидемиологиялық қызмет пен тамақтануды оңтайландыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруды біріктіру негізінде қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі құрылатынын мәлімдеді.

Медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесіндегі орталық буын медициналық санитарлық алғашқы көмек (әрі қарай – МСАК) болады. Оның аясында медициналық көмектің көлемі мен тегін амбулаторлық емдеуге арналған дәрілік заттар тізімін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. МСАК-тың әмбебаптылығы әрі қарай адамның белгілі бір жас ерекшеліктерінің кезеңіне қарай ағзадағы өзгерістерін ескере отырып, аурулардың алдын алу басымдылығымен денсаулығын бақылауға негізделген өмір бойы  отбасылық қызмет көрсету қағидасына (әрі қарай – ОҚКҚ) көшу арқылы қамтамасыз етіледі. ОҚКҚ-ні аймақтың кадрлық қамтамасыз етілуіне байланысты жалпы практика дәрігерлері немесе учаскелік дәрігерлерден тұратын (терапевтер, педиатрлар, гинекологтар) мульти-тәртіптік топтар жүзеге асыратын болады. Жалпы практика дәрігерлері санының ұлғаюы мен олардың біліктілігінің артуына қарай олар мульти-тәртіптік топтарды алмастыратын болады.

Сонымен қатар, транспорттық медицинаны, оның ішінде санитарлық авиация, жедел медициналық көмек пен телемедицина, жылжымалы дәріханалық пункттерінің жүйесін әрі қарай дамыту көзделген.

Арнайы медициналық көмек барлық денсаулық сақтау саласының қызметтерімен біріктірілетін болады. Сонымен бірге негізгі әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар аурулар: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша іс шаралар жоспарын жасау мен жүзеге асыру қарастырылған. Әрбір бағыт бойынша қызметтің барлық түрлері: алдын алу, емдеу шаралары, оның ішінде оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады.

Сондай-ақ, ең үздік әлемдік тәжірибені пайдалану арқылы жоғарғы білікті арнайы медициналық қызметті дамыту өз жалғасын табады. 

Дәрілік заттардың сапасын, қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында 2015 жылдың соңына дейін Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр (әрі қарай – ҚҰФ) жасалатын болады. ҚҰФ Қазақстанда тіркелген барлық дәрілік заттардың тізімін, олардың клиникалық дәлелденген тиімділігі, орын алуы мүмкін кері әсері туралы, әрбір препараттың шекті бағасы жайында ақпаратты қамтитын болады. Осылайша, ол тек дәрігерлер үшін емес, ел азаматтары үшін де үлкен анықтамалық болмақ.

Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілмек. Мемлекет азаматтардың 15 санатына (халықтың әлеуметтік тұрғыдан нашар тобы) жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, салық органдарында тіркелген қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнаны өздері төлейді.

Жарна мөлшерлемесі сатылай өсетін болады: мемлекет үшін 2017 жылы 4%-дан 2024 жылы 7%-ға дейін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) 2017 жылы 2%-дан 2020 жылы 7%-ға дейін. Аталған жарналар жұмыс берушілер үшін корпоративті табыс салығын есептеу кезіндегі, қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жеке табыс салығын есептеу уақытындағы шегерімге жатқызылатын болады.

27 қараша күні Тамара Дүйсенова қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының өкілдерімен азаматтарды еңбекпен қамту мәселелері бойынша кеңес өткізеді.

Ардагерлермен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, зейнеткерлермен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу барысында Министр арнайы әлеуметтік көмек туралы, сонымен қатар, мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыларды тағайындау мен төлеу мәселелерін түсіндіріп береді.  

Сонымен, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған жәрдемақылардың көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 7%-ға ұлғаятын болады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстандық жол-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында аталған жәрдемақылардың көлемі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы 25%-ға артатын болады. 

Естеріңізге сала кетейік, Тамара Дүйсенова 10-11 қараша күндері Астанада, 12-14 қарашада Алматыда, 15-16 қарашада Шымкентте кең көлемді түсіндіру шараларын өткізген болатын. Желтоқсан айының басында Министр Павлодар қаласына барады. 

26 қараша, 2015 - 15:34 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші