Т. Дүйсенова: Қазақстанда мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Т. Дүйсенова: Қазақстанда мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова бүгін ҚР ДСӘДМ-де ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның басшылығымен өткен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысында хабарлады.

Шараға Үйлестіру кеңесінің мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, аймақтық әкімдердің орынбасарлары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырыста сөз сөйлеген Тамара Дүйсенова биылғы жылы ҚР-дағы мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары екінші кезеңін жүзеге асыру шараларының аяқталатынын мәлімдеді.

 «Жоспардың екінші кезеңін жүзеге асыру барысын сипаттай отырып, Қазақстанда жалпыұлттық деңгейде кең көлемді міндеттер айқындалғанын атап айту керек. Қоғамның мүгедектерге деген қарым-қатынасында айтулы оң өзгерістер бар. Бұл – қоғамның мүгедектік мәселелеріне деген көзқарасының белсенді түрде өзгеруіне себепші болатын жағымды фактор. Сонымен қатар, 2016-2018 жылдарға арналған үшінші кезеңнің жобасы әзірленді. Мүгедектердің құқығы туралы Конвенцияны ратификациялаудың мемлекет алдына жаңа міндеттерді қоятынын ескере отырып, үшінші кезең мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін халықаралық стандарттар мен ережелерге сәйкес әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік береді», - деді ол.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Светлана Жақыпова жиынға қатысушыларды жоспардың 2016-2018 жылдарға есептелген үшінші кезеңінің жобасымен таныстырды. Оның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар тұлғалар өмірінің барлық салаларында нысандар мен қызметтердің қолжетімділік механизмдерін жетілдіру.

«Үшінші кезеңнің аясында мүгедектердің құқығын қорғау мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы әрі қарай жетілдіру жоспарланып отыр. Транспорттық және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады. Мүгедектікті ескерту мен алдын алу шараларына баса назар аудару жоспарланған. Сонымен қатар, инклюзивті білім беруді әрі қарай дамыту, арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің біріктірілген үлгісін енгізу, мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен белсенді түрде қамту шаралары қарастырылып отыр. Олардың мәдени, спорттық шараларға қатысуына, демалыс пен бос уақыттарын өткізуге жағдай жасалатын болады. Қоғамның мүгедектігі бар тұлғаларға деген жағымды қарым-қатынасын қалыптастыру мақсатында мүгедектердің құқығы туралы Конвенцияны ұстануды бақылау механизмін енгізу және мүгедектерді қоғамға бейімдеу мәселелерін БАҚ-та түсіндіру шаралары жоспарланып отыр»,- деп хабарлады Светлана Жақыпова.

Вице-министрдің айтуынша, үшінші кезеңді жүзеге асыру үшін 6,8 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 3,9 млрд. теңге, жергілікті бюджеттерден 2,9 млрд. теңге қаражат қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, жиын барысында құрылыс нормалары мен ережелерін сақтауда мемлекеттік бақылауды күшейту, қолжетімді ортаны қамтамасыз ету талаптарын жетілдіру, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту, мүгедектігі бар балаларды инклюзивті білім беру орталарына қосу, БАҚ арқылы қоғамның мүгедектік мәселелеріне деген оң көзқарасын қалыптастыру мәселелері қарастырылды.  

3 желтоқсан, 2015 - 15:38 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші