Астанада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Астанада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған шараны жыл сайын ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесе отырып өткізіп келеді.

Биыл байқауға республиканың барлық өңірінен 541 кәсіпорын қатысты.

Аймақтардан келіп түскен өтінімдердің басым көпшілігі Шығыс Қазақстан облысынан болды - 57. Қарағанды және Павлодар облыстарынан сәйкесінше 56 және 53 өтінім қабылданды.

Байқауға қатысушылар өтінімінің басым бөлігі (264 кәсіпорын) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясына келіп түсті. Аталған номинация бойынша үміткерлердің өз қызметкерлерін қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік бейімдеу, жалпы қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру қызметі бағаланды.

100 кәсіпорын «Үздік ұжымдық шарт» номинациясына қатысуға өтінім білдірді. Бұл номинация бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын нығайтатын жұмыс берушілердің іс-әрекеттері бағаланды.

«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясына 79 үміткер қатысты. Аталған номинацияда еңбек кызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қарастырылды.

«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша 98 өтінім қаралды. Бұл номинацияда қоршаған орта жағдайын жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі бағаланды.

Биыл байқаудың Бас жүлдесіне жұмыста, сонымен қатар, корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда анағұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізген «Самұрық Энерго» АҚ ие болды. Жеңімпазға жоғарғы марапатты Мемлекет басшысы тапсырды.

«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша Қызылорда облысының өкілдері – ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында «Саутс-ойл» ЖШС, сонымен қатар, орта және кіші кәсіпкерлік субъектілері арасында «Абзал және К» ТС жеңіске жетті.

«Үздік ұжымдық шарт» номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында Ақтөбе облысының «Ақбұлақ» АҚ, орта және кіші кәсіпкерлік субъектілері арасында Павлодар облысынан «Мойылды шипажайы» АҚ жеңімпаз атанды.

«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында көшбасшы ретінде Жамбыл және Атырау облыстарының қатысушылары анықталды. Ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында АО «Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭСі» АҚ, орта және кіші кәсіпкерлік субъектілері арасында сәйкесінше «Каспиан Салфа Компани» ЖШС жеңімпаз болды.   

«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында Шығыс Қазақстан облысының «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, орта және кіші кәсіпкерлік субъектілері арасында Қарағанды облысының «ГорКомТранс» ЖШС үздік атанды.

Естеріңізге сала кетейік, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы Елбасының 2008 жылғы Жарлығымен тағайындалған болатын. Жалпы алғанда байқауға 8 жылдың ішінде кіші, орта және ірі бизнес кәсіпорындарының 3 мыңнан астам өкілдері қатысты.

«Парыз» Бас жүлдесіне: 

·   «Қазақмыс» Корпорациясы (2008 жыл)

·   «Торғай Петролеум» АҚ (2009 жыл)

·   «СНПС–Ақтөбемунайгаз» АҚ (2010 жыл)

·   «Тенгизшевройл» АҚ (2011 жыл)

·   «Қаз ТрансОйл» АҚ (2012 жыл)

·   «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ (2013 жыл)

·   «Қазгермунай» ЖШС (2014 жыл) ие болды. 

11 желтоқсан, 2015 - 16:25 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші