X
egov

You are here

Қазақстанда 8 жылда скринингтік зерттеулер нәтижесінде 1,7 млн. адамның ерте сатыдағы әртүрлі аурулары анықталды

Қазақстанда Ұлттық скринингтік бағдарламасын және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған "Саламатты Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шаралары аясында 2008 жылдан бастап республикалық және жергілікті бюджет есебінен 40,8 млн-нан астам тексеру жүргізілді. Бұл 1,7 млн-нан астам адамның ерте сатыдағы ауруларын анықтауға көмектесті.

2008 жылы басталған Ұлттық скринингтік бағдарламасына қанайналым жүйесін (БЖА), сүт безі, жатыр мойны обырларын анықтау кіреді. 2011 жылы «Саламатты Қазақстан» Мембағдарламасының аясында скринингтік зерттеу шараларының ауқымы кеңейтіліп, қант диабетін, глаукома, тоқ ішек пен тік ішек обырларын, В және С гепатиттерін анықтауға арналған тексерістермен толықтырылды.    

Мемлекеттік бағдарламамен біріктірілген 2012-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында Онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасын іске асыру аясында өңеш пен асқазан обырын, еркектік безі және бауыр ісігі обырларын анықтауға арналған скрининг кезең-кезеңімен енгізілді.    

Скринингтік тексерулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізіміне кіреді. Пациенттер скринингтік бағдарламаға өз еріктерімен қатысады. Олар скрининг анықтауға бағытталған аурулар, скрининг процедурасы туралы ақпарат алуға; белгіленген көлемде тегін медициналық тексеруден өтуге; скрининг алгоритміне сай мамандардың кеңесін алуға, емдеу мен диагностикалау хаттамаларына сәйкес динамикалық бақылау мен сауықтырудан өтуге; скрининг нәтижелері бойынша ақпаратты алуға; зерттеу барысында күтпеген, жағымсыз (жанама) жағдайлар/асқынулар болған жағдайда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында сәйкес медициналық көмек алуға құқылы.

Қазіргі таңда қала және ауыл тұрғындарын скринингпен қамту 70%-ды құрап отыр. Шалғайдағы ауылдық мекендерде скринингтік тексеру шаралары жылжымалы медициналық кешендерді қолдану арқылы іске асырылады.

Мақсаттық топқа ер адамдар және/немесе әйелдер, кейбір аурулардың асқыну қаупі жоғары жас ерекшеліктеріне қарай айқындалған топтар кіреді. Мақсатты топтан Д-есепте тұратын және ауыр соматикалық патологиясы бар пациенттер, сонымен қатар, бағдарламаға қатысудан бас тартқан азаматтар шығарылады. 

Қазақстанда бағдарламаны іске асыру барысында (2008 жылдан бастап) 40 млн. 819 мың 218 скринингтік тексеру жүргізілді. 1 млн. 777 мың 475 ауру жағдайлары, оның ішінде 1 млн. 228 мың 561 қанайналым жүйесі аурулары, 184 мың 529 жатыр мойны обыры, 304 мың 403 сүт безі обыры, 34 мың 488 қант диабеті, 20 мың 301 глаукома және 5 мың 193 колоректальді обыр анықталды.

Қанайналым жүйесі ауруларын скринингтік анықтауда ең жоғарғы көрсеткіштер Шығыс Қазақстан облысында (14,1%) және Алматы қаласында (11,3%) болды. Бұл ДСҰ халықаралық ұсынымдарына сай келеді (10-20%). Қызылорда облысында қант диабетін анықтауда көрсеткіш 1,2%-ге жетті (ДСҰ ұсынымы -1-2%). Қазақстан бойынша жатыр мойны обыры 0,04%-дық жағдайды (ДСҰ ұсынымы -0,03%) құрап отыр.

Аталған жылдар аралығында скринингтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 4,7 млрд. теңге, республикалық бюджеттен 19,3 млрд. теңге бөлінді.

Кадрларды дайындау мен олардың біліктілігін тұрақты түрде арттыру скринингтік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру шараларының бөлінбейтін құрамдас бөлігі болып табылады. 2011 жылы онкоскринингке еуропалық стандарттарды енгізу барысында барлық аймақтарда МСАК дәрігерлері және бейінді дәрігерлер үшін семинарлар өткізілді. Сонымен қатар, 2011 жылы скринингтік бағдарламалар бойынша амбулаторлы-емханалық ұйымдары мен МСАК мамандарының біліктілігін әрі қарай арттыру мақсатында медициналық ЖОО оқытушыларының арасынан 85 жаттықтырушы және медициналық колледждердің 46 оқытушысы білім алды.

ҚазОРҒЗИ базасында ерте диагностикалау мен қатерлі ісіктер скринингі туралы негізгі мәселелер бойынша шетелдік сарапшылар мен мамандарды шақырту арқылы тұрақты түрде шеберлік сыныптары өткізіліп тұрады. 2012-2015 жылдар аралығында 14 шеберлік сыныптары өткізіліп,  Бельгия, Италия, Корея, Литва, Моңғолия, Нидерланды, Украина, Ресей мен Жапония елдерінен шақырылған сарапшылардың қатысумен 588 маман оқытылды.

Сонымен қатар, Мембағдарламаны жүзеге асыру аясында еліміздің медициналық ұйымдары медициналық ғылымның соңғы жетістіктеріне сай скринингтік зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи зндоскопиялық, рентгенологиялық және зертханалық жабдықтармен қамсыздандырылды.

Естеріңізге сала кетейік, скрининг – бұл белгілі бір жас аралығындағы дені сау адамдардың бойындағы ерте сатыдағы аурулар қаупін анықтау, емдеудің тиімділігін арттыру және асқынудың алдын алу шараларын жүргізу мақсатында жасалатын профилактикалық медициналық тексеру. 

Скрининг – аурудың белгілері жоқ кезеңде сырқатты диагностикалауға мүмкіндік беретін әртүрлі зерттеулерді қолдану болып табылады. 

24 желтоқсан, 2015 - 20:31 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші