Қазақстанның медициналық оқу орындарында жалпы практикалық дәрігерлерді дайындаудағы педиатрия бойынша сағаттар саны ұлғайтылады | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Қазақстанның медициналық оқу орындарында жалпы практикалық дәрігерлерді дайындаудағы педиатрия бойынша сағаттар саны ұлғайтылады

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жалпы практикалық дәрігерлердің (әрі қарай - ЖПД) базалық дайындау бағдарламасын қайта қарап, нәтижесінде педиатрия бағытындағы дисциплинаның сағаттар саны 40-50%-ға ұлғайтылды. Өзгертілген білім беру бағдарламалары ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілмек.

Сонымен бірге, ҚР ДСӘДМ-де амбулаторлық-емханалық қызмет дәрігерлерін дайындаудың сапасын арттыру мақсатында жалпы дәрігерлік практикадағы міндетті резидентураны енгізу мәселесі қарастырылуда.

ЖПД дайындау стандарттарын өзгерту – медициналық кадрлардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.  

Бүгінде Қазақстанда 3,5 мың ЖПД (қайта бағдарланған учаскелік педиатрлар үлесі - 36%, учаскелік терапевтер – 35%) жұмыс істейді. Республикада қазіргі таңда жалпы практикалық дәрігер 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп келеді. Азаматтар өз еркімен тіркеле алады.

Айта кету керек, ЖПД қызметін енгізу өзге қызметтердің, мәселен, педиатрлық, терапевтік, хирургиялық және т.б. салалардың жабылуына әкелген жоқ. Өзгерту шаралары ЖПД жұмыс істейтін амбулаторлық-емханалық көмек деңгейіндегі медициналық көмек көрсету ұйымдарына қатысты болды.  

Жалпы практикалық дәрігер педиатрия, терапия, хирургия, акушерлік және гинекология салаларындағы, сонымен қатар, офтальмология, оториноларингология, неврология, дерматология, кардиология сынды аралас мамандықтар бойынша  базалық білім мен дағдының негіздерін білуі тиіс.

Егер жалпы практикалық дәрігер әдеттен тыс жағдайға тап болып, маманның кеңесі керек болса, онда ол сырқат адамды қосымша тексеруге немесе бағдарлы мамандарға: терапевт, педиатр, хирург, акушер-гинеколог, не болмаса бейінді мамандарға: кардиолог, невропатолог, көз дәрігері және т.б. кеңес алуға бағыттайды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда отбасылық медицинаны енгізу 1997 жылдан басталды. Алғашқыда пилоттық жоба ретінде Жезқазған, Қарағанды облыстарында, содан кейін республика бойынша енгізілді. Денсаулық сақтау жүйесіндегі мұндай өзгерістер Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Израиль және т.б. дамыған елдерде қолданылатын халықаралық тәжірибеге негізделді. Отбасылық медицина қағидалары бойынша, бір ғана жалпы практикалық дәрігер барлық отбасы мүшелерін туылғаннан бастап, өмірінің соңына дейін бақылайды. Ол отбасының әлеуметтік жағдайын, өмір сүру салтын, тамақтану тәртібін, жағымсыз әдеттерін, тұқым қуалайтын ауруларын, үйдегі қарт адамдардың, ата-ана мен балалардың денсаулық жағдайы туралы біледі. Оның аурудың алдын алу, диагностикалау, емдеу тәсілдері мен кеңестері, сырқаттанған адамдарды оңалту шаралары толыққанды, негізделген және дұрыс болып саналады.

 

26 қаңтар, 2016 - 17:15 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші