Т. Дүйсенова санавиация тікұшағының құлауы салдарынан қайтыс болған адамдардың туған-туыстарына көңіл айтты | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Т. Дүйсенова санавиация тікұшағының құлауы салдарынан қайтыс болған адамдардың туған-туыстарына көңіл айтты

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова Алматы облысында санавиация тікұшағының құлауы салдарынан қайтыс болған адамдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Санавиация тікұшағының құлауы салдарынан бортында болған 5 адамның: ұшқыш, дәрігер, санавиация фельдшері және 2 айлық сәби мен оның анасының қайтыс болуына байланысты олардың туыстары мен жақындарына өз атымнан және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұжымының атынан көңіл айтамын.

Дәрігердің борышы – адамдарға мейірімділік мен ерекше көңіл бөлуді, абзал адамгершілікті, қажет болған жағдайда, өзін-өзі құрбан етуді талап етеді. Дәрігер мамандығы өте күрделі. Олар бар өмірін медицинаға арнай отырып, өзгелердің өмірі үшін жауапкершілікті өз мойындарына алады.  Менің әріптестерім кішкене пациенттің өмірін сақтап қалу жолында өз өмірлерін сақтай алмады.

Медицина қызметкерлерінің еңбегі – халыққа қызмет етудің ерекше үлгісі. Біздің дәрігерлер өздерінің азаматтық және кәсіби борыштарын адал әрі абыроймен атқарды.

Айта кету керек, 2015 жылдың өзінде санавиация бригадалары 2704 медициналық қызмет көрсетіп, 2149 ұшырылым жасады. Республикалық санитарлық авиация орталығының жұмыс істеу мерзімінде аса білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмектің шұғыл әрі уақытылы көрсетілуі нәтижесінде, мамандарды еліміздің шалғайдағы аудандарына жеткізу, сырқат адамдарды сонымен бірге, ағзаларды әрі қарай трансплантациялау мақсатында тасымалдау арқылы мыңдаған адамның өмірі сақталды.

Біз өз әріптестерімізді мақтан тұтамыз. Сонымен бірге, қайтыс болған азаматтардың отбасыларымен бірге қатты қайғырамыз. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қаза болған адамдардың туыстарына қажетті барлық көмекті көрсетеді», - деп атап айтты Тамара Дүйсенова.

ҚР ДСӘДМ Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың басшылығымен өліммен аяқталған топтық қайғылы оқиғаны арнайы мемлекеттік тексеру комиссиясы құрылды. Оқиға болған жерге ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Алексей Цой және Республикалық санитарлық авиация орталықтарының басшылары барды.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ақпараты бойынша, 27 қаңтарда Астана уақыты бойынша 17.47-де Алматы облыстық ТЖД-ның Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне 15.45-те Алакөл ауданындағы Үшарал қаласынан Талдықорғанға қарай ауруханаға "Аспан" акционерлік қоғамының меншігіндегі UP-MD 600-N азаматтық тікұшағының науқас баланы алып шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Тікұшақ бортында бес адам: 1967 жылғы пилот В. Кондратюк, 1964 жылы туған гематолог-дәрігер Б. Кайсанова, 1993 жылғы фельдшер Г. Хамитова, 1989 жылғы К. Абылкасым, және 2015 жылы туған  Б. Абылкасым болған.

Бүгін таңғы сағат 8.20-да Қапал елді мекеніне бұрылыстан 3 шақырым жердегі сайдан тікұшақтың бөліктері табылды. Бортта болғандардың барлығы қаза тапты. Тікұшақтың апатқа ұшырауына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында қажетті жедел іздеу шаралары жүргізілуде. 

28 қаңтар, 2016 - 13:58 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші