ҚР ДСӘДМ-де өткен жыл қорытындыланып, 2016 жылғы міндеттер белгіленді | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

ҚР ДСӘДМ-де өткен жыл қорытындыланып, 2016 жылғы міндеттер белгіленді

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы атқарылған жұмыстар нәтижесі мен 2016 жылдағы алда тұрған міндеттері туралы кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.

Отырысқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева, ҚР Президент Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің өкілдері, Астана және Алматы қалалары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, ҚР ДСӘДМ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.   

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова алқа мәжілісін аша отырып, 2015 жылы Елбасы айқындаған Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамды» жүзеге асыру шараларының заңнамалық және институционалдық негіздері құрылғанын еске салды.

Ұлт жоспарына сәйкес, 2015 жылы жаңа Еңбек кодексі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы, атаулы әлеуметтік көмекті жаңа форматта көрсету туралы, халықтың көші-қон мәселелерін реттеудегі жаңа тәсілдер туралы заңдар қабылданды. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңнама әзірленді. Барлық құжаттар бір жағынан, халықты әлеуметтік қолдаудың кешенді және атаулы жүйесін құруға, екінші жағынан, еліміздегі инвестициялық климатты жақсартуға бағытталды.

Сонымен қатар, 2015 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аяқталды. Оның негізгі нәтижелері өмір сүру ұзықтығының ұлғаюы, жалпы өлім көрсеткішінің, оның ішінде ана және сәби өлімінің азаюы болды.

Биылғы жылы ҚР ДСӘДМ ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жасады. Оны Елбасы ағымдағы жылғы 15 қаңтарда бекітті. Бұл құжат алдыңғы бағдарламалардың логикалық жалғасы әрі денсаулық сақтау саласындағы түбегейлі өзгерістердің әрі қарай толықтырылуы болып табылады.

Жаңа Мембағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – аурулардың алдын алу мен оны ескерту. Осы тұрғыда ҚР ДСӘДМ мамандары Ұлттық егу күнтізбесін жүзеге асыру тиімділігін арттырудың Жол картасын жасады. Ол имуннопрофилактика Ұлттық регистрін жасау мен енгізуді, жұқпалы ауруларды ескерту мен олардың алдын алу бойынша қоғамды әлеуметтік жұмылдыру жоспарын жасауды, аймақтардағы эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу мен бақылау жүйелерін жетілдіруді қарастырады.

Сонымен қатар, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында мектептегі медицинаны білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру қарастырылуда. Оқушыларға арналған сауықтыру шараларының күнтізбесін жасау жоспарланып отыр. Ол балаларды профилактикалық тексеру шараларын мамандардың шығу бригадаларын шақыру арқылы білім беру ордаларында өткізуді, оқу мерзімі мен каникул кезінде сауықтыру шараларын ұйымдастыруды, мектептерде мүсіннің бұзылуы мен көрудің нашарлауын алдын алу шаралары, қосымша дәрумендеу, физиотерапиялық процедуралар, «функционалдық» тамақтану азық-түліктерін (қышқыл сүт өнімдері), фитопрепараттар мен оттегі коктейлін қолдану және т.б. бойынша денсаулық сақтау технологияларын енгізуді қарастырады.

Ауруларды ерте кезеңде анықтауды арттыру мәселесіне баса назар аударылатын болады. Ұлттық скринингтік бағдарламаны бағалау үшін Дүниежүзілік банктің сарапшыларын шақыру арқылы жұмыс тобы құрылатын болады.

 Скринингті ұйымдастыруды жақсарту мақсатында скринингтік бағдарламаны өткізу алгоритмі қайта қаралады, скрининг түрлері оңтайландырылады. Сонымен бірге, медициналық ұйымдарды техникалық және кадрлық қамтамасыз етуді есепке ала отырып, жүктеме нормативтерін қайта қарау жоспарланып отыр. Ауруды ерте кезеңде анықтау мәселелері бойынша медқызметкерлерді оқыту ұйымдастырылып, скринингтік тексеруден өткен азаматтарды бақылау мен есепке алудың ақпараттық жүйесі құрылады. Мұның барлығы әлеуметтік мәні бар аурулардың деңгейін төмендетуге, сондай-ақ, асқынулар санын азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, емханалардағы жасанды кезекті азайту мақсатында ересек тұрғындарды профилактикалық тексеру тәртіптері жеңілдетілетінін хабарлады. Азаматтар міндетті профилактикалық тексеруден өту кезінде (жұмысқа тұру немесе оқуға барар кезде және т.б.) мерзімі өтпеген жағдайда, денсаулығы жайында медициналық анықтаманы халыққа қызмет көрсету орталықтарында ала алады. Ал бағдарлы мамандарға қаралу қажеттілігі туындаған жағдайда олар ХҚКО-да емхана мен қызмет көрсету уақытын таңдай алады.  

Сонымен бірге, диспансерлік есепте тұрған ауруларға жеңілдігі бар дәрілік заттарды беру процедураларын оңайландыру қарастырылуда. Дәрігерлер жеңілдігі бар дәрілер рецептін созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұратын пациенттер үшін тоқсанына бір рет, қымбат дәрілер алатын ауыр түрдегі сырқаттанғандар үшін ай сайын жазып беретін болады. Дәріханалар пациенттерге берілген рецептер негізінде сәйкес дәрілік заттарды беріп, олардың есебін жүргізеді. Жеңілдігі бар дәрілерді беру процедураларының барлығы автоматтандырылады деп жоспарлануда.

Министр «Денсаулық» Мембағдарламасының басты бағыттарының бірі – Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу болып табылатынын (әрі қарай - АББ) айтты. Ол пациенттерге медқызметкерлермен бірлесе отырып өз ауруларын басқаруға және пациенттің мультидисциплинарлық командалармен үнемі байланыста бола отырып, аурудың асқынуына жол бермеуге, өзіне өзі көмек көрсету машықтарын үйренуге, сонымен қатар, денсаулығына әсер ететін факторларды бақылауға мүмкіндік береді.

2013 жылдан бастап АББ екі пилоттық тәртіпте Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының 7 емханасында үш нозология бойынша енгізілуде: артериалдық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі және қант диабеті. Тиімді тәжірибені ескере отырып, АББ-ны жүзеге асыру 2016-2017 жылдар аралығында – қосымша 5 аймақта, 2018 жылдан бастап ҚР барлық облыстарында жүзеге асырылатын болады.

Тамара Дүйсенова ҚР ДСӘДМ-де негізгі әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар аурулар: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша медициналық көмек көрсетудің  біріктірілген моделін енгізудің Жол картасы жасалғанын хабарлады.  Әрбір бағыт бойынша қызметтің барлық түрлері: алдын алу, емдеу шаралары, оның ішінде оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады.

Күрделі технологиялық құрылғылар мен жоғарғы білікті мамандарды талап ететін қызметтер ауданаралық, аймақтық және республикалық деңгейде орталықтандырылатын болады. Күрделі технологиялық құрылғыларды қажет етпейтін қызметтер тұрғылықты мекен бойынша көрсетілетін болады.

Сонымен бірге, ҚР ДСӘДМ мамандары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша Жол картасын әзірлеп, бекітті. Аталған құжатқа сәйкес, былғы жылы нормативтік-құқықтық база жасалып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылатын болады (әрі қарай – ӘМСҚ). Бұл 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап белгіленген соманы жинақтау және 2017 жылғы 1 шілдеден бастап ӘМСҚ арқылы медициналық қызметтер төлемдерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Кадрларды дайындау сапасын арттыру мақсатында қазақстандық медициналық ЖОО мен үздік шетелдік медициналық мектептердің арасында тығыз ынтымақтастық орнатылып, әрі қарай университеттер сенімгерлік басқару түріне берілетін болады. Нәтижесінде, ЖОО-ды автономдау қамтамасыз етіліп, талапкерлерді арнайы тест көмегімен таңдау тәсілдері жаңғыртылады, жаңа оқыту бағдарламалары енгізіледі. Сонымен қатар, білім беру процестерін, ғылыми қызмет және медицинаның практикасын біріктіруге мүмкіндік беретін университеттік емханалар құрылады. 

Министр ҚР ДСӘДМ-де дәрілермен қамтамасыз ету саясатын жетілдіру бойынша үлкен жұмыс атқарылып жатқанын атап айтты. 2015 жылы Қазақстанда тіркелген барлық дәрілік заттардың тізімі бар, клиникалық тиімділігі дәлелденген дәрілік заттар енгізілген, мүмкін болар кері әсері туралы ақпарат және әрбір тауар атауының шекті бағасы көрсетілген Ұлттық дәрілік формуляр жасалды. Ұлттық дәрілік формулярдың келесі кезеңі – 2018 жылдан бастап GXP халықаралық стандарттарына өту (дәрілік заттар айналымы саласындағы лайықты фармацевтикалық практика - дәрілерді өндіру, тасымалдау, сақтау, дәрілік заттарды жүзеге асыру).

Министр 2016 жылы ҚР ДСӘДМ әлеуметтік-еңбек саласындағы жұмысының басты бағыты – халықты жұмыспен қамту мен жұмыс орындарын сақтау болып табылатынын хабарлады.

Тамара Дүйсенова 2015 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын (әрі қарай – «ЖҚЖК 2020») жүзеге асыру аясында 156 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылған адамдар саны – 142,3 мың болғанын хабарлады.

 Бағдарламаға қатысушы 6 мыңнан астам адам алғаш рет өз істерін ашу мақсатында немесе оны ұлғайту үшін микрокредит алды, 14 мың азамат кәсіби оқытумен қамтамасыз етілді. 24,5 мың азамат жастар практикасы аясында әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды, сондай-ақ, тұрғындардың еңбекке жұмылдырылуын арттыру мақсатында 1200 адам көшірілді.

Сонымен бірге, 2015 жылы жұмыспен қамту шараларының аймақтық кешенді жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде 423 мың адам қамтылды, бұл жоспарланған көрсеткіштің 131%-ын құрады. 396 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылып, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен 218 мың адам қамтылды.

Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы жұмыссыздыққа жол бермеу бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР ДСӘДМ мамандары «ЖҚЖК 2020» бағдарламасын жандандыру бойынша жұмыс жүргізгенін мәлімдеді.

Кәсіпорындарда жоғары білікті мамандардың жұмыс орындарын сақтау мақсатында жұмыс уақытының қысқаруына байланысты еңбекақының 2/3 бөлігін уақытша субсидиялау тетіктері енгізіледі. Сонымен бірге, кәсіпорын жұмыс орнын сақтаған жағдайда, қызметкерлерді, оның ішінде жұмыс істейтін жастарды жұмыс берушілер тарапынан қоса қаржыландырумен немесе, толық мемлекет есебінен оқытуды ұйымдастыру қарастырылады.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының аясында жаңа бастамаларды жүзеге асыру мақсатында 60 мыңға жуық адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту арқылы қосымша 63 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр.

Тамара Дүйсенова халықты әлеуметтік қолдау шаралары жайында айта келіп, биыл ынтымақты зейнетақыны 9%-ға арттыру мақсатында және мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік төлемақыны 25%-ға, шәкіртақыны 25%-ға ұлғайту үшін республикалық бюджеттен 1,6 трлн. теңге бөлінетінін атап айтты. Азаматтық қызметшілер еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесін енгізуге 268 млрд. теңге бөлу қарастырылады.

ҚР ДСӘДМ әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін жаңғырту бойынша жұмысты жалғастырып келеді. Сонымен, 2014 жылдан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында аз қамтылған азаматтарға шартты ақшалай көмек көрсетуді енгізудің «Өрлеу» республикалық пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап осы тәріздес аймақтық пилоттық жобалар қосымша 38 аудандар мен қалаларда жергілікті бюджет есебінен іске асырылуда.

2016 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» ҚР Заңының нормаларын жүзеге асыруға дайындық мақсатында әлеуметтік келісімшарт негізінде шартты ақшалай көмек еліміздің барлық аймақтарында пилоттық тәртіпте енгізілетін болады. Аталған Заңда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі таңда аз қамтылған азаматтарға төленетін әлеуметтік жәрдемақының үш түрін жаңа форматта бір атаулы әлеуметтік көмек түріне ауыстыру қарастырылады. 

 Сөз соңында Тамара Дүйсенова ҚР ДСӘДМ қызметінің барлық бағыттары бойынша жұмыс 2016 жылы Елбасы мен ҚР Үкіметі тапсырмасының негізінде жалғастырылатынын хабарлады. 

 

18 ақпан, 2016 - 18:53 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші