«Денсаулық» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі кеңінен жетілдірілетін болады | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

«Денсаулық» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі кеңінен жетілдірілетін болады

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «ҚР денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру» атты брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

Өз сөзінің басында ол Мемлекет басшысы 2016 жылғы 15 қаңтарда 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасына қол қойғанын еске салды. Ол келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: халықтың денсаулығын қорғауға негіз болатын қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті (әрі қарай - МСАК) басымдықпен дамыту және оны жетілдіру негізінде халықтың сұранысына қарай барлық денсаулық сақтау қызметтерін біріктіру; медициналық қызметтің сапасын қамтамасыз ету; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің Ұлттық саясатын жүзеге асыру; денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен ынтымақтастығын енгізу негізінде аталған жүйені жетілдіру; денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру; мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, инновациялар мен заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын әрі қарай дамытуды қамтамасыз ету.

 «Үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес, денсаулық сақтау жүйесін әрі қарай  дамытуға негіз ретінде Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі құрылатын болады (әрі қарай - ҚДЖ). Оның негізгі атқаратын қызметтері: халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен ағарту шараларын жүргізу; жұқпалы және негізгі жұқпалы емес аурулардың, оның ішінде психикалық ауытқулар мен жарақаттанушылықты бақылау; халықтың денсаулығын нығайту мен оны қорғауға бағытталған сектораралық өзара ынтымақтастықты қамтамасыз ету; эпидемиологиялық қауіпсіздік пен денсаулықты қорғау салаларындағы заңнаманың сақталуын бақылау; аймақтық және ұлттық деңгейдегі аурулардың дамуын ұзақ мерзімді болжау», - деп хабарлады Елжан Біртанов.

Вице-министрдің айтуынша, оқушыларды сауықтыруға баса назар аударылатын болады. Осы ретте «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында мектептегі медицинаны білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру қарастырылуда. Оқушыларға арналған Сауықтыру шараларының жыл бойғы күнтізбесін жасау жоспарланып отыр. Ол балаларды профилактикалық тексеру шараларын білім беру ордаларында өткізуді, оқушыларды жыл бойы сауықтыруды; мектептерде аурулардың алдын алуға бағытталған денсаулық сақтау технологияларын енгізуді қарастырады.

МСАК халыққа медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру жүйесіндегі орталық звено болады. Оның көлденең (амбулаторлық-емханалық) және тік (психиатриялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы, онкологиялық және т.б.) бейінді қызметтермен өзара әрекеттесуі өзгереді. МСАК аясында медициналық көмектің көлемі мен тегін амбулаторлық емдеуге арналған дәрілік заттар тізімін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр.

Вице-министр «Денсаулық» Мембағдарламасының басты бағыттарының бірі – Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу болып табылатынын (әрі қарай - АББ) айтты. Ол пациенттерге медқызметкерлермен бірлесе отырып өз ауруларын басқаруға және пациенттің мультидисциплинарлық командалармен үнемі байланыста бола отырып, аурудың асқынуына жол бермеуге, өзіне өзі көмек көрсету машықтарын үйренуге, сонымен қатар, денсаулығына әсер ететін факторларды бақылауға мүмкіндік береді.

2013 жылдан бастап АББ екі пилоттық тәртіпте Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының 7 емханасында үш нозология бойынша енгізілуде: артериалдық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі және қант диабеті. Тиімді тәжірибені ескере отырып, АББ-ны жүзеге асыру 2016-2017 жылдар аралығында – қосымша 5 аймақта, 2018 жылдан бастап ҚР барлық облыстарында жүзеге асырылатын болады.

Сонымен бірге Мембағдарламаның аясында негізгі әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар аурулар: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша медициналық көмек көрсетудің  біріктірілген моделін енгізудің Жол картасы жасалғанын хабарлады.  Әрбір бағыт бойынша қызметтің барлық түрлері: алдын алу, емдеу шаралары, оның ішінде оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады.

«Медициналық көмек көрсетудің сапасын арттырудың жаңа институционалдық тетігі ретінде Медициналық қызметтердің сапасы бойынша біріктірілген комиссия құрылды. Оның қызметі – емдеу хаттамасын, медициналық білім стандарттарын, дәрілермен қамсыздандыруды, сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы  қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын бақылау стандарттарын жетілдіру бойынша ұсынымдар жасау», - деді Елжан Біртанов. Сондай-ақ, ол комиссия жұмысына ҮЕҰ өкілдері белсенді түрде қатысатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Вице-министр дәрілік қамтамасыз ету Ұлттық саясатын жүзеге асыру шараларының аясында 2015 жылы Қазақстанда тіркелген барлық дәрілік заттардың тізімі бар, клиникалық тиімділігі дәлелденген дәрілік заттар енгізілген, мүмкін болар кері әсері туралы ақпарат және әрбір тауар атауының шекті бағасы көрсетілген Ұлттық дәрілік формуляр жасалғанын мәлімдеді. Ұлттық дәрілік формулярдың келесі кезеңі – 2018 жылдан бастап GXP халықаралық стандарттарына өту (дәрілік заттар айналымы саласындағы лайықты фармацевтикалық практика - дәрілерді өндіру, тасымалдау, сақтау, дәрілік заттарды жүзеге асыру).

Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетін болады (әрі қарай - МӘМС). Мемлекет азаматтардың 15 санаты үшін (оның ішінде 12-сі халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары) жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Аталған құжатқа сәйкес, биылғы жылы нормативтік-құқықтық база жасалып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылатын болады (әрі қарай – ӘМСҚ). Бұл 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап белгіленген соманы жинақтау және 2017 жылғы 1 шілдеден бастап ӘМСҚ арқылы медициналық қызметтер төлемдерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау жүйесінің орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйым басшылары үшін жаңа біліктілік және функционалдық талаптарын енгізу, халықтың сұранысына қарай кадрлық ресурстарды жоспарлау жүйесін жетілдіру, кәсіби қауымдастықтар мен үкіметтік емес ұйымдардардың өкілдерін шақыру арқылы медициналық қызметкерлердің білімі мен дағдыларын тәуелсіз бағалау арқылы адами ресурстарды стратегиялық басқару жүзеге асырылады.

«Медициналық және мейіргерлік білім беруді дамыту клиникалық тәжірибе, медициналық білім беру және ғылыми қызметтің ұштұғырлығын қарастырады. Аталған мақсатта медициналық қызметтер мен кадрларды дайындаудың толық кезеңі қағидасымен ғылыми ұйымдардың, медициналық ЖОО-ның, стационарлық және амбулаторлық ұйымдарды біріктіру негізінде интеграцияланған академиялық медициналық орталықтарды (университеттік емханаларды) дамыту тұжырымдамасы жасалды. Жаңа клиникалық базалар мен университеттік клиникаларды құру жетекші халықаралық медициналық университеттер және ұйымдармен серіктестік негізінде жүзеге асырылады. Академиялық үрдістерге жетекші шетел мамандары, басшыларды (менеджерлерді), ғалымдар мен оқытушыларды тарту тәжірибесі кең көлемде қолданылатын болады», - деп хабарлады Елжан Біртанов.

Денсаулық сақтау жүйесін әрі қарай реформалау халықтың толыққанды, сапалы медициналық қызметтерге деген икемді сұранысына сай инфрақұрылымды құруға негізделетін болады. Оның ішінде медициналық ұйымдарды қосу мен тік және көлденең біріктіру арқылы денсаулық сақтау саласының мемлекеттік инфрақұрылымын оңтайландыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге, облыстық және республикалық ұйымдарды, ЖОО мен ғылыми орталықтарды кезең кезеңімен «Назарбаев Университеті» ДББҰ тәжірибесі негізінде денсаулық сақтау саласының автономдық ұйымына трансформациялау мүмкіндігі қарастырылады.

ЭЫДҰ стандарттарының негізінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымдары стандарттарының жаңа жүйесін, сонымен қатар, денсаулық сақтау нысандарының қоршаған ортаға зиянсыздығын, ресурстарын сақтау, энерготиімділігі саласындағы стандарттарды әзірлеп, енгізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, «Денсаулық» Мембағдарламасы аясында медициналық техника, МЖӘ сервистік келісімшарттарын жүзеге асыру, жеке лизингті дамыту Ұлттық дерекқорын жасау қарастырылады.

Бірегей біріктірілген ақпараттық ортаны құру аясында ақпараттық жүйелер мен денсаулық сақтау саласының ресурстары біріктірілетін болады, госпитальдық ақпараттық жүйе енгізіліп, пациенттің электрондық денсаулық паспорты мен жеке кабинеті арқылы өз денсаулықтары туралы ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етіледі, сонымен бірге, МЖС негізінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен смарт-медицинаның тиімді қызмет етуі үшін IТ-құралдар енгізілмек.

Госпитальдық ақпараттық құралдарға медициналық ұйымдардағы барлық процестерді автоматтандыру, медициналық ақпаратты қағазсыз технология арқылы жүргізуді енгізу кіреді.

Сонымен қатар, пациенттердің дәрігерлерге қаралу үшін өздігінен онлайн-жазылу шаралары, онлайн уақыт тәртібінде жеке стационарлық компьютерлер мен смартфондарды қолдану арқылы оларға кеңес беру мен бақылау сатылай енгізілетін болады.

2019 жылға қарай халықты электрондық денсаулық паспортымен және электрондық госпитализациямен қамтамасыз ету 50%-ға, бірегей желіге қосылған медициналық ұйымдар үлесі 80%-ға жететін болады.

 

25 ақпан, 2016 - 11:44 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші