Қазақстанда қызылшамен сырқаттану 36 есеге төмендеді | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Қазақстанда қызылшамен сырқаттану 36 есеге төмендеді

Халықты вакциналау шараларымен кең көлемде қамтудың нәтижесінде Қазақстанда қызылшамен сырқаттанудың көрсеткіші ағымдағы жылдың 2 айында өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 36 есеге төмендеді (2015 жылғы 2 айда 705 жағдай,  2016 жылғы 2 айда 20 жағдай).

Қызылша – қоздырушысы РНК-вирус болып табылатын жіті жұқпалы ауру. Аурудың белгілері – жоғарғы дене қызуы (40,5°C-ға дейін), көздің, жұтқыншақтың, жоғарғы тыныс алу мүшелері шырышты қабығының қабынуы, ауыздың шырышты қабығындағы бөртпелер, денедегі дақты-папулалық бөртпелер, жалпы ағзаның улануы.

Қызылша ерекше контагиозды. Аталған аурумен сырқаттанған адаммен қарым-қатынаста болған сау адамның ауруды жұқтыру қаупі 95-96 пайызды құрайды. Қызылшамен кез келген жастағы адам ауырады, көбінесе мектепке дейінгі жастағы және мектеп жасындағы балаларда кездеседі.

Инфекция ауа-тамшылы жолдармен: жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескен кезде жұғады. Инкубациялық кезең орта есеппен 8-10 күнге созылады.

Сонымен қатар, вакцинамен басқарылатын жұқпалы ауруларды, оның ішінде қызылшаны да емдеудің бір ғана жолы бар, ол – вакциналау. Вакциналау жасанды иммунитетті жасауға көмектеседі. Адам ағзасында белгілі бір ауруға иммунитеттің болмауы аурудың асқынуына не болмаса өлімге әкелуі мүмкін. Қызылшамен ауырғандағы ауыр асқынулар өкпенің қабынуына (пневмония), энцефалитке және менингоэнцефалитке әкеледі. Қызылшаның ең ауыр сырқаттану түрлері жасы ұлғайған адамдарда кездеседі.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы қызылша эпидемиологиялық жағдайының төмендеуіне байланысты 15-19 жас аралығындағы адамдарға қосымша иммундау жүргізу туралы шешім қабылданған болатын. Шара 2015 жылғы ақпанда басталды. Оны жүргізу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификацияланған және барлық стандарттарға сай вацина сатып алынған болатын.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі халықты вакциналаумен қажетті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында ҚР-да қызылшаға қарсы қосымша иммундау кампаниясын өткізуге арналған Әлеуметтік мобилизациялау мен ақпараттық жұмыстар жоспарын бекіткен болатын. Облыс, Астана, Алматы қалалары әкімдері орынбасарларының басшылығымен өтетін қызылшаға қарсы қосымша иммундау шараларын үйлестіру мақсатында әрбір аймақта штабтар құрылды. Вакцинаны тасымалдау мен сақтау шаралары мұқият тексерілді. Жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен вакциналауды жүргізудің қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қызылшаға қарсы иммундау кампаниясының бірінші кезеңінде 529 мың 422 жасөспірім (60,1%-дан аса), екінші кезеңінде 292 мың 113 адам немесе  мақсатты топтың жалпы санының 92,1%-ы (316 мың 704 жасөспірім) қамтылды. 

31 наурыз, 2016 - 11:21 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші