X
egov

You are here

Қазақстан АИТВ-нің таралуы жөнінде ЖБИ көрсеткіші бойынша Дүниежүзілік экономикалық форумы рейтингісінде бірінші орында

Қазақстан АИТВ-нің таралуы жөнінде ЖБИ көрсеткіші бойынша Дүниежүзілік экономикалық форумы рейтингісінде бірінші орында

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында АИТВ-ны диагностикалау, емдеу мен алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізудің нәтижесінде республикада халықтың осал топтарының арасында АИТВ-ның таралуын шоғырланған сатыда ұстап тұру мүмкіндігі пайда болды. Ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы мәліметтер бойынша, елімізде АИТВ инфекциясы бар адамдар (әрі қарай – АБА) саны 17 726-ны құрады. Соңғы екі жылдың ішінде «15-49 жас аралығындағы тұрғындардың ішінде АИТВ инфекциясының таралуы» Жаһандық бәсекелестік индексінің көрсеткіші бойынша Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингісінде Қазақстан 0,18% көрсеткішімен алғашқы орындағы елдердің қатарына кіреді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда АИТВ инфекциясын емдеудің барлық заманауи тәсілдері мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған препараттар қолданылады. 2009 жылдан бастап ретровирусқа қарсы емдеу (әрі қарай - РҚЕ) медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында мемлекет есебінен тегін жүргізіліп келеді, балаларға тек қана брендтелген дәрілік заттар беріледі. РҚЕ тиімділігін бақылау мен препараттарға төзімділіктің жаңа технологиялары енгізілді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ретровирусқа қарсы терапияны алатын адамдардың саны 2005 жылғы 233 адамнан 2015 жылғы 6285 адамға, яғни 27 есеге артты. Осылайша, АБА-ны ретровирусқа қарсы терапиямен қамту көрсеткіші аталған емдеуге зәру адамдардың жалпы санының (7929 АБА) 79,3%-ын құрады.  

РҚЕ қолжетімділігін арттыру нәтижесінде АБА-ның ЖИТС-тан болатын өлім көрсеткішінің 2005 жылғы 1000 АБА-ға шаққанда 16,1-ден 2015 жылы 9-ға төмендеу тенденциясы байқалады, бұл олардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығының жоғарылауына сеп болады.

Республикада АИТВ-ның анадан балаға берілуін алдын алу мақсатында АИТВ оң көрсеткішті жүкті әйелдер мен АИТВ-позитивті аналардан туған нәрестелердің АРВ-профилактикасы жүргізілуде. Жүкті әйелдерді қамту 2005 жылғы 66%-дан 2015 жылғы 95%-ға, нәрестелерді қамту 2005 жылғы 81%-дан 2015 жылғы 99,7%-ға  өсті. АИТВ жұқпалы аурулы аналардан туған барлық балалар тамақтандыруға арналған тегін сүтті қоспалармен қамтамасыз етіледі. Іске асырылған шаралардың нәтижесінде АИТВ-ның анадан балаға берілуі айтарлықтай төмендеді: 2007 жылғы 8,4%-дан 2015 жылғы 1,9%-ға дейін.

Балаларды тиімді емдеу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысында «Ана мен бала» мамандандырылған оңалту орталығы жұмыс істейді. АБА-ға консультативтік-диагностикалық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында телемедицина жетістіктері қолданылады.

Пенитенциарлық жүйеде профилактикалық бағдарламаларды енгізу бас бостандығынан айырылған адамдардың арасындағы АИТВ инфекциясын мекеме ішінде жұқтыру жағдайларының санын 1,9 есеге төмендетуге ықпал етті.

Тұрғындардың осал топ өкілдері үшін (наша қолданушылар, секс-жұмысшылар, ерлермен жыныстық қатынаста болатын ер адамдар) профилактикалық бағдарламалар жүзеге асырылады, 2001 жылдан бастап халықаралық донорлар есебінен, 2010 жылдан кезең-кезеңімен мемлекеттік қаржыландыруға өту арқылы жүргізілуде. 11 көмек түрінен тұратын кешенді қызмет көрсету пакеті енгізілді (кеңес беру, АИТВ-ға тестілеу, шприцті алмастыру мен тарату, мүшеқапты, ақпараттық-ағартушылық материалдарды тарату, ретровирусқа қарсы терапияны жасау, жыныс жолдары арқылы берілетін инфекцияларды диагностикалау және т.б.). Республиканың 10 қаласында пилоттық режимде АИТВ-ның алдын алу мақсатында алмастырушы апиындық терапия бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Қазақстан Орталық Азия аймағындағы емделуі тиімсіз пациенттерге арналған ретровирусқа қарсы препараттарға АИТВ-нің  дәрілік төзімділігін анықтау жүргізілетін бірден-бір ел болып табылады. Бұл дәрігерлерге емдеу шараларының тиімділігін арттыру үшін емдеу тәсілдерін уақытында ауыстыруға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы АИТВ инфекциясын жұқтырудың алғашқы жағдайы 1987 жылы тіркелген болатын. 2015 жылғы 31 желтоқсандағы мәліметтерге сәйкес, АИТВ инфекциясының 26690 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 1705 шетел азаматтары, 24427 қазақстандықтар және 558 аты-жөні көрсетілмей тексерілген адамдар бар.

 

15 сәуір, 2016 - 15:42 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші