ҚР ДСӘДМ Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар жоспарының III кезеңін жүзеге асыруға кірісті | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

ҚР ДСӘДМ Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар жоспарының III кезеңін жүзеге асыруға кірісті

ҚР ДСӘДМ Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар жоспарының III кезеңін жүзеге асыруға кірісті

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2015 жылғы 20 ақпандағы «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңын жүзеге асыру мақсатында Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының үшінші кезеңін жүзеге асыруға кірісті. 

Жоспардың негізгі міндеті – мүгедектігі бар тұлғалар өмірінің барлық салаларында нысандар мен қызметтердің қолжетімділік тетіктерін жетілдіру. Құжат келесі мәселелерді қарастырады:

1. Ұлттық заңнаманы жетілдіру. Аталған бағыттың аясында мүгедектік белгілері бойынша адамдарды кемсітуге жол бермеу мақсатында мүгедектік дефинициясы мен индикаторларын өзгерту заңнамасын жасау мәселелерін қарастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлерді дайындау бағдарламаларына қызмет алушылармен іске асырылатын жұмыстың біріктірілген әдісін енгізу, оңалту шараларының қосалқы (орнын толтырушы) техникалық жабдықтарына бірегей талаптарды енгізу мәселелері қарастырылатын болады. Мүгедектерге тұратын үй-жайларды қайта жарақтандыру тетігін енгізу туралы ұсыныстар әзірленетін болады.

2. Физикалық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әлеуметтік және көлік инфрақұрылымдары нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыру.

3. Мүгедектіктің алдын алу және оның профилактикалық шаралары. Аталған бағыттың аясында балалардың, жұмысқа қабілетті тұрғындардың, егде жастағы адамдардың денсаулығының негізгі көрсеткіштері бойынша бақылау жүргізу жоспарланып отыр. Мүгедектің денсаулық жағдайын динамикалық бақылауды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленеді, мүгедектік көрсеткішінің қарқындылығы, оңалтуды жүргізу бойынша өңірлердің рейтингісі жасалады, сондай-ақ, мүгедектікті белгілеу өлшемшарттарының балдық жүйесін әзірлеу жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

Сонымен қатар, шалғайдағы ауылдарда тұратын мүгедектерге оңалту құралдарын (протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоспағанда) үйге жеткізіп беру ұйымдастыру қарастырылуда; есту қабілеті бұзылған балаларды есту-сөйлеуге бейімдеу жүргізіледі және кохлеарлық импланттарға сөйлеу процессорларын ауыстыру және теңшеу бойынша қызметтер көрсетіледі.

4. Инклюзивті білім беруді әрі қарай дамыту.  Көру қабілеті бұзылған балаларды ірі қаріптері және Брайль қарпі бар оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешенмен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету, кәсіп алуға бағдарланған арнайы (түзету) мектептер үшін арнайы оқу бағдарламаларын қайта қарау, медициналық-әлеуметтік мекемеде әлеуметтік-педагогикалық қызметтер көрсету тәсілдерін қайта қарау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге кедергісіз қолжетімділік жасау жоспарлануда.

5. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну мақсатында жағдайларды жақсарту. Сыйымдылығы шағын әлеуметтік үйлердің, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының желісін дамыту; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру; мүгедек балаларды тәрбиелеуші ата-аналарға психологиялық көмек пен кеңестер беретін онлайн-қолдау қызметін ұйымдастыру қарастырылған. 

6. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту. Арнайы жұмыс орындарын субсидиялау және жұмыс орындарына квота белгілеу тетігін енгізу; өндірістік практика базаларын ұйымдастыру бойынша ұсыныстарды әзірлеу; Қазақ соқырлар қоғамы мен Қазақ саңыраулар қоғамы кәсіпорындарында 29 жастан асқан адамдарды оқыту мүмкіндігін зерделеу.

7. Мүгедектігі бар адамдар үшін мәдениет, спорт объектілері мен ғимараттарының қолжетімділігін қамтамасыз ету; мүгедектер арасында аудандық, облыстық және республикалық спорт жарыстарын ұйымдастыру, мүгедек спортшыларды халықаралық жарыстарға даярлау және қатыстыру.

8. Мүгедектігі бар адамдарға қоғамның оң көзқарасын қалыптастыру. Аталған бағыттың аясында мүгедектер үшін кедергісіз орта құру жөнінде телеарналарда ақпараттық бейнероликтерді көрсету, мүгедектерді қолдау, қоғамға бейімдеу мәселелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жоспарланып отыр.  

Аталған іс-шаралар жоспарын іске асыру мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүруіне және қоғамға кірігуіне тең құқық пен мүмкіндіктер туғызуға сеп болады, сондай-ақ, басты құндылықтары адам, оның құқықтары және бостандықтары болып табылатын демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық имиджіне оң әсер етеді.

Іс-шаралар жоспарын іске асыруға мемлекеттік бюджеттен жалпы сомасы 20,4 млрд. теңге көзделген, оның ішінде республикалық бюджеттен – 17,5 млрд. теңге, жергілікті бюджет – 2,9 млрд. теңге.

20 мамыр, 2016 - 16:27 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші