X
egov

You are here

ҚР ДСӘДМ азаматтардың денсаулығын нығайту мен оларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында жүйелі түрде шараларды іске асыруда

ҚР ДСӘДМ азаматтардың денсаулығын нығайту мен оларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында жүйелі түрде шараларды іске асыруда

Бұл туралы ҚР Парламентінің мәжілісінде «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында «Өлім-жітім көрсеткіші жоғары аурулармен күресудің жүйелі шаралары туралы»  тақырыбында сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.

Өз сөзінде ол Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің алдына Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығын 2020 жылға қарай 73 жасқа дейін ұлғайтуды мақсат етіп қойғанын еске салды.

Екі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде (2005-2010 және 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламалар) күтілетін өмір сүру ұзақтығы 71 жастан асты, халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткіші 15,3%-ке төмендеп, ана мен сәби өлімі 1,8 есеге азайды.

Министр халықтың денсаулығын сақтау көрсеткішіндегі бірқатар оң өзгерістермен қатар, ЭЫДҰ елдеріне қарағанда қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығының төмен болуына себеп болатын факторлардың бар екендігін атап айтты.

 «Қазірде Қазақстанда амбулаторлық және стационарлық деңгейде халықтың медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші жоғары. Сонымен қатар, стационарда емделу шығыны бөлінетін барлық қаражат сомасының 50%-дан астам бөлігін құрап отыр. ЭЫДҰ елдерінде бұл сома жалпы қаражаттың тек үштен бір бөлігін құрайды. Бүгінде бір пациентті стационарлық емдеу құны аурудың ерте кезеңіндегі медициналық көмектің өзге түрін үш адамға көрсеткен жағдайдағы сомаға сай келеді.

Сонымен қатар, біздің елімізде дүние жүзіндегі өзге де мемлекеттердегідей жұқпалы емес аурулар деңгейінің көрсеткіші артып келеді. Өлім-жітім құрылымындағы жағдайлардың жартысынан астамы қан айналым жүйесінің аурулары (26%), қатерлі ісік аурулары (13%), жарақаттар (11%); босандыру пен балалыққа (3,6%) байланысты болып отыр. Сарапшылардың паймдауынша, аталған нозологиялардан болатын өлім-жітім күтілетін өмір сүру ұзақтығын 8 есеге дейін азайтады», - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Осыған байланысты 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасында ел демографиясына айтарлықтай әсер ететін жоғарыда аталған 3 нозологияны емдеуге баса назар аударылды. Осы мақсатта кешенді шараларды қабылдау қарастырылып отыр.

1.                      ЭЫДҰ елдері тәжірибесінің,  Дүниежүзілік Банк және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының ұсынымдары негізінде Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен тамақтануды оңтайландыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруды біріктіру негізінде Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылатын болады. Оның негізгі қызметі - жұқпалы және негізгі жұқпалы емес ауруларды бақылау және эпидемиологиялық қадағалау; профилактикалық шараларды өткізу; халықтың хабардарлығын арттыру және т.б.   

2.                      Ауруларды басқару бағдарламасын (әрі қарай - АББ) алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде енгізу.

Қазақстанда АББ 2013 жылдан бастап пилоттық режимде Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы 7 емханада үш нозология бойынша жүзеге асырылуда: артериалдық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі және қант диабеті.

АББ-ның 1213 қатысушыларымен келісім жасалып, пациенттер жүргізетін өзін өзі бақылау күнделіктері берілді. Келісімге сәйкес, медициналық ұйымдар АББ қатысушысы-пациентпен үнемі байланыста бола отырып, пациентке динамикалық бақылау жасайтын мультидисциплинарлық командаларды құрады.

Емханалар жанында пациенттерді өзіне өзі көмек көрсету қағидаларына, өз денсаулығына дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрететін, салауатты өмір салты мен өздігінен білім алу бойынша ақпараттық материалдармен қамтамасыз ететін денсаулық мектептері жұмыс істейді.

Ақпараттандырылған пациент өзін-өзі бақылау күнделігін жүргізеді, денсаулығына әсер ететін факторларды бақылайды, сонымен бірге, пациенттің мінез-құлқы өзгеріп, өз денсаулығы үшін жауапкершілігі арта түседі.

Осылайша, бағдарлама пациенттермен қатар медициналық қызметкерлерге өз ауруларын басқаруға, оның асқынуына жол бермеуге мүмкіндік туғызады. 

Пилоттық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде пациенттердің 75%-ында артериалдық гипертензия деңгейінің көрсеткіші тұрақталып, артериалдық қысымды бақылау және гипотензивті препараттарды тұрақты тұрде қабылдау машықтарының қалыптасуы байқалды. Созылмалы жүрек кемістігі бар пациенттерді ауруханаға жатқызу жағдайы 2 есеге азайды.  Қант диабетін анықтауға тексерілген адамдар саны ұлғайды (СҚО - 64%, Павлодар облысында -  98%-ға дейін). АББ-ның барлық қатысушыларын өзін өзі басқаруға оқыту 100%-ға қамтылғанын атап айту қажет. 

Пилоттық аймақтардағы АББ-ны енгізудің тиімді тәжірибесін ескере отырып, АББ-ны жүзеге асыру биылғы жылы Астана, Алматы қалаларының, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарының емханаларында жүзеге асырылатын болады

3.  Негізгі әлеуметтік мәні бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар 5 ауру: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша медициналық көмек көрсетудің  біріктірілген үлгісін енгізу.  

Аталған бағыттардың әрқайсысы бойынша қызметтің барлық түрлері көрсетілетін болады: профилактика, емдеу шаралары, оның ішінде оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер.

Сонымен қатар, күрделі технологиялық құрылымдар мен жоғары білікті мамандарды талап ететін қызметтер ауданаралық, аймақтық және республикалық деңгейде орталықтандырылатын болады. Күрделі технологиялық құрылымдарды талап етпейтін қызметтер тұрғылықты мекен-жай бойынша медициналық ұйымда көрсетілетін болады.

Медициналық көмек көрсетудің  біріктірілген үлгісін енгізу мақсатында Жол картасы жасалып, 5 үйлестіру кеңесі құрылды, сондай-ақ, оған жауапты республикалық денсаулық сақтау ұйымдары анықталды.

Үйлестіру кеңестері Астана, Алматы қалалары, облыстық денсаулық сақтау, республикалық және аймақтық медициналық ұйымдардың жұмысын үйлестіріп, Жол картасын жүзеге асыру аясында өткізілетін шараларды бақылайтын болады.

Аталған үйлестіру кеңестері ағымдағы жағдайды зерделеп, медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша нақты шараларды әзірледі:

- медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейіндегі медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылды. Биыл бейінді резидентураны 65 кардиолог тәмамдап, олар емдеу ұйымдарына жіберілетін болады. Басым бағыттар бойынша білім беру қызметтерін жүзеге асырудың мемлекеттік тапсырысы аясында 473 маман оқытылып, оның ішінде 441 дәрігер «Миокардтың жіті инфаркті кезіндегі медициналық көмек көрсетудің  біріктірілген үлгісін енгізу»; 32 дәрігер «Жіті инсульт кезіндегі медициналық көмек көрсетудің  біріктірілген үлгісін енгізу» бағыты бойынша білім алатын болады.

- емдеу стандарттарын қайта қарау, клиникалық хаттамалар мен процестердің алгоритмін, сонымен бірге, пациенттердің қозғалыс бағытын жетілдіру бойынша жұмыс басталды. Қызметтердің жұмысын бағалау мен бақылау бағдарламасы жасалуда (чек-парақшамен, лауазымдық нұсқаулар және соңғы индикаторлармен жұмыс);

- биыл аймақтарда қарқынды терапия палаталарын (бригадаларын), жан сақтау бөлімдері және миокардтың жіті инфарктімен сырқаттанған адамдарға арналған қарқынды терапия бөлімдері ашу қарастырылған;

- Астана қаласындағы Медициналық университет жанынан Республикалық инсульттік орталық құру бойынша нормативтік-құқықтық актілер дайындалды. Оның ашылуы ағымдағы жылғы 1 тамызда жоспарланып отыр.

«Аурулардың барлық түрлері бойынша медициналық көмек көрсетудің осал саласы – жедел жәрдем көмек көрсету қызметі болып отыр. Ағымдағы түйінді мәселелерді шешу бойынша жедел жәрдем медициналық көмек көрсетудің екі деңгейлі біріктірілген үлгісін енгізу жоспарлануда. Алғашқы деңгейде автоматтандырылған GPS жүйесі бар жедел көмек көрсету бірыңғай диспетчерлік қызмет құрылады. Оның құрамына облыстың санавиациясы, ауылдық, аудандық, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы кіреді. Екінші республикалық деңгейде аталған қызметтің құрамына санавиация, телемедицина мен бірінші деңгеймен біріктірілген ақпараттық жүйе кіретін болады. Жаңа үлгі аталған жұмысты республика деңгейінде үйлестіруді қамтамасыз етіп, оқиға орнына оперативті түрде санавиация бригадаларын жіберу мен телемедицина арқылы кеңес беру мүмкіндігі де қарастырады», - деді Тамара Дүйсенова.  

Сонымен бірге, пациенттердің қозғалыс бағыты өзгертіледі. Яғни, жедел жәрдем қызметі сырқаттанған адамды жақын жерде орналасқан ауруханаға емес, оған білікті медициналық көмек көрсетілетін медициналық ұйымға жеткізеді.

 «Отандық медициналық ЖОО-дағы кадрларды дайындау сапасын арттыру мақсатында әлемдегі 500 үздік университеттер қатарына кіретін стратегиялық әріптестерді шақыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олар: АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Финляндия және т.б. елдердегі медициналық мектептер. Сондай-ақ, ағымдағы жылғы қыркүйек айынан бастап 6 медициналық колледжде мейірбикелерді дайындаудың финдік үлгісі енгізілетін болады», - деп хабарлады Тамара Дүйсенова. 

Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын әрі қарай дамыту бойынша жобалау тобы құрылып, инфрақұрылым мен МЖМӘ-ні дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып аймақтардың медициналық картасы жасалуда. Картада азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, оларға медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қажет болатын денсаулық сақтау ұйымдары нысандарының саны анықталатын болады. Тізімделген нысандарға құрылыс, қайта құру, жеке секторды тарту мен жекелеген нысандарды МЖМӘ тетіктерін қолдана отырып, сенімді басқару ісі кіреді.

Қазіргі таңда қолданыстағы барлық медициналық техника мүліктері түгенделіп, оның тозу деңгейі анықталды.

«Медициналық техниканы сатып алуды өзгерту бойынша ұсыныстар дайындалды: медициналық ұйымдар құны 5 млн-ға дейінгі медициналық техниканы өздігінен сатып ала алады, 5-100 млн. теңге көлеміндегі техниканы лизинг арқылы, ал құны 100 млн.теңгеден астам бұйымдарды республикалық және жергілікті бюджет есебінен сатып ала алады», - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

ҚР ДСӘДМ дәрілік қамсыздандыруды жетілдіру мақсатында сапаның халықаралық стандарттарына сай дәрілік заттарды тіркеуді жеңілдету бойынша нормативтік-құқықтық актілер жобаларын дайындады.  

 «Өткен жылы шетелдің сарапшылармен бірлесе отырып Ұлттық дәрілік формуляр әзірленіп, енгізілді. Оған республикада тіркеліп, барлық клиникалық тиімділігі дәлелденген және әрбір дәрінің шектік бағасы көрсетілген дәрілік заттар кіреді. Кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында сатып алынатын дәрілік заттардың тізімі жаңартылып, референттік баға құруды енгізудің бірінші кезеңі қамтылды. Тиісті фармацевтикалық практика стандарттарына (GXP) өту бойынша жұмыс атқарылуда»,- деді Тамара Дүйсенова.

Сөз соңында ол  Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында және денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекет, жұмыс беруші және қызметкерлердің ортақ жауапкершілігін қамтамасыз ететін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша дайындау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

9 маусым, 2016 - 19:06 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші