X
egov

You are here

Астанада «Өз кәсібінің үздігі» атты медицина қызметкерлері арасында өткен республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Астанада «Өз кәсібінің үздігі» атты медицина қызметкерлері арасында өткен республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында (Астана қ.) жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиын барысында «Өз кәсібінің үздігі» республикалық байқауының жеңімпаздары 8 аталым бойынша бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды. Медицина саласы қызметкерлеріне белгілі қазақстандық эстрада орындаушылары өнер көрсетті.  

Салтанатты жиынға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстанның барлық аймақтарынан келген белгілі медицина саласының қызметкерлері мен қоғам қайраткерлері (1300-ден астам адам) қатысты.

Тамара Дүйсенова еліміздегі медицина саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтай отырып, қазақстандықтар мен ұлт болашағының денсаулығын қамтамасыз етуге бар күш-жігерін салатын дәрігерлердің еңбегі ыстық ықылас пен зор алғысқа лайық екенін атап айтты.

 «Қалжыраған тән мен қасірет төнген жанға араша болар тек бір ғана маман иесі бар, ол – дәрігер. Әлемде дәрігерден асқан қайырымды жан, дәрігер кәсібінен маңызды мамандық жоқ шығар. Құрметті дәрігерлер мен мейіргерлер, ауруханалар мен емхана қызметкерлері, профессор-оқытушылар, медициналық білім беру мекемелерінің ұстаздары, сіздерді өзімнің және Қазақстан халқының атынан кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздер ең ізгі, ең күрделі мамандықтың бірін таңдадыңыздар. Сіздердің еңбектеріңіз жоғары біліктілікті, өз ісіне деген адалдықты, төзім мен ықыласты талап етеді. Әр дәрігердің еңбегі ұлт денсаулығын қалыптастыруға, отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға зор үлес қосып келеді.

Осындай жауапты істеріңіз адамдардың денсаулығын түзетіп, олардың ертеңгі күнге деген сенімін арттырады. Кез-келген уақытта көмек қолын созып, адам өміріне араша түсуге дайын тұратын дәрігерлеріміз бен орта медицина персоналына айтар жақсы сөздеріміз ешқашан толастамайды.

Адал атқарып жүрген қайырымды қызметтеріңіздің арқасында пациенттердің шексіз алғысына бөленіп, атқарып келе жатқан қызметтеріңіз бен жетістіктеріңіздің жемісін көре беріңіздер!», - деді тамара Дүйсенова.

Сонымен бірге, Министр еліміз тарихындағы қысқа ғана уақытта заманауи денсаулық сақтау инфрақұрылымы жасалып, кадрлық потенциал дамытылып келе жатқанын, саланы қаржыландыру ұлғайтылып  отырғанын атап айтты.

 «Кейінгі онжылдықта денсаулық сақтауға жұмсалатын шығын төрт есеге көбейді. 1 000-нан астам денсаулық сақтау объектісі салынды. 170 млдр-тан астам теңгеге медициналық жабдық сатып алынып, оның көлемі 6 есеге арттырылды. Жасалып жатқан шаралардың арқасында барлық мамандықтар бойынша жалпы республикада, өңірлерде медицина кадрларының тапшылығы төмендетілді. 

Соңғы бес жыл ішінде республикамызда қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы 2,8 есе ұлғайып, 70 жастан асты. Халық арасындағы өлім-жітім көрсеткіші 15%-ға, ал аналар өлім-жітімі - 1,9, нәрестелер арасындағы өлім-жітім саны 1,7 есеге төмендеді», - деп мәлімдеді Тамара Дүйсенова.   

Жыл санап Қазақстанда науқастарды жоғары технологияларды пайдаланып емдеу саны артуда. Енгізілген Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бүкіл өңірлерде жоғары технологияларды белсенді түрде дамытуға ықпал етті. Ауыл тұрғындары үшін жоғары мамандандырылған медициналық көмек қолжетімді етілді.

Бүгінде Ұлттық кардиохирургиялық орталық, Ұлттық нейрохирургиялық орталық, Ұлттық ғылыми медициналық орталық сияқты және басқа да заманауи медициналық орталықтардағы дәрігерлер жасаған қиын оталар белесенді жұмыс жасайды. Нейрохирургия, травматология, кардиология, трансплантология саласында көптеген үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Туберкулез және әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша бағдарламалар нәтижелі іске асырылуда.

Алдағы уақытта елдің денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы мен оны ұйымдастыру принциптерін айқындайтын медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады.

 2017 жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл денсаулық сақтауды қаржыландыру көздерін мемлекет, жұмыс беруші, азаматтардың қаражаты есебінен кеңейтуге мүмкіндік береді және де жүйеге қатысушылардың денсаулықты сақтау үшін ортақ жауапкершілікте болуын қамтамасыз ететін болады. 

«Еңбекақы төлеуде емдеу мекемелері басшыларының құқықтары артты. Жұмыс істеген сағатына қарап ақы төлеудің ескі моделі ауыстырылып, соңғы нәтижеге байланысты төленетін болды. Енді еңбекақы көбіне емдеу сапасы мен пациенттің қанағаттану деңгейіне  қарай төленеді» - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Салтанатты жиында 8 аталым бойынша «Кәсібінің үздігі» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды:

«Үздік дәрігер» - Алматы қаласы И. Жикенова атындағы қалалық жұқпалы аурулар клиникалық ауруханасының емдеу ісі бойынша бас дәрігерінің орынбасары Тамара Утаганова;

«Үздік ауыл дәрігері» - Қостанай облысы, Федеровская орталық аудандық ауруханасының хирург дәрігері Эдуард Финк;

«Үздік мейіргер» - Ақтөбе қаласы ЖМКА-ның интервенциялық кардиология бөлімшесі ангиографиялық зертханасының мейіргері Назкен Ерубаева;

«Үздік фельдшер» - Ақмола облысы жанындағы жедел медициналық жәрдем стансасының  фельдшері Руслан Мусенов;

«Үздік денсаулық сақтау саласының тәуелсіз сарапшысы» - Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының анестезиология және жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Инна Гловацкая;

«Денсаулық сақтау саласындағы үздік менеджер» - Қостанай қаласының №4 емханасының бас дәрігері, Маргарита Бисенова;

«Үздік провизор» - Алматы қаласы медициналық-әлеуметтік түзету наркологиялық орталығының провизоры Бақыт Әбдрахманова;

«Медициналық-әлеуметтік сараптаманың үздік сарапшысы» - ДСӘДМ Ақмола облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті аймақтық департаментінің медициналық-әлеуметтік сарапшысы Күлзайра Аймурзина.

Сонымен бірге, «Үлздік емхана» республикалық байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Олар: Астана қаласының №8 емханасы (бас дәрігер Айгүл Қасымова) және Алматы қаласының №17 емханасы (бас дәрігер Айгүл Тәжиева).

Салатанатты жиын Қазақ ССР Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев, Қазақстанның халық әртістері Нағима Есқалиева, Тамара Асар, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткерлер Қыдырәлі Болманов, Толқын Забирова, Бақтияр Омаров, Бәтима Изенаева және өзге де отандық орындаушылардың қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды. 

17 маусым, 2016 - 18:13 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші