ҚР ДСӘДМ азаматтардың әлеуметтік ахуалы мен денсаулығын жақсарту мақсатында белсенді шараларды қолдануда | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

ҚР ДСӘДМ азаматтардың әлеуметтік ахуалы мен денсаулығын жақсарту мақсатында белсенді шараларды қолдануда

ҚР ДСӘДМ азаматтардың әлеуметтік ахуалы мен денсаулығын жақсарту мақсатында белсенді шараларды қолдануда

Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова ҚР ДСӘДМ-нің стратегиялық жоспардың негізгі көрсеткіштері, 2015 жылғы және 2016 жылдың 5 айындағы мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштері, алдағы кезеңнің жоспарлары туралы ҚР ДСӘДМ Қоғамдық кеңесінде есеп беру кезінде хабарлады.

Шараға Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ермек Алпысов, ҚР ДСӘДМ Қоғамдық кеңесінің басшысы Бақытжан Тәжібай, денсаулық сақтау саласы комиссиясының басшысы Ермек Ясылов және т.б. қатысты.

Өз сөзінде Тамара Дүйсенова жиын қатысушыларына Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру міндетін қойғанын, бұл -  денсаулық сақтау саласы сапасының жоғары деңгейде болуын білдіретінін еске салды. Сонымен қатар, мақсатты тапсырма – Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығын 2020 жылға қарай 73 жасқа дейін ұлғайту.

«Аталған мақсат қысқа уақытта әлем елдері және өз республикамыздың тәжірибесі негізінде денсаулық сақтау жүйесінің жаңа, ұзақ мерзімді үлгісін құруға бар күш-жігерді біріктіруді талап етеді. Ол әлемдік және отандық экономиканың кез келген құбылыстарында қаржылық тұрақтылықты сақтай отырып, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді», - деп атап айтты ол.   

Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру үшін жаңа ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында бірқатар өзара жүйелі міндеттерді шешу қарастырылады:

1. ЭЫДҰ елдері тәжірибесінің,  Дүниежүзілік Банк және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының ұсынымдары негізінде Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен тамақтануды оңтайландыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруды біріктіру негізінде Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру.. Оның негізгі міндеті - жұқпалы және негізгі жұқпалы емес ауруларды бақылау және эпидемиологиялық қадағалау; профилактикалық шараларды өткізу; халықтың хабардарлығын арттыру және т.б.   

2.  Ауруларды басқару бағдарламасын (әрі қарай - АББ) алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде енгізу.

Қазақстанда АББ 2013 жылдан бастап пилоттық режимде Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы 7 емханада үш нозология бойынша жүзеге асырылуда: артериалдық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі және қант диабеті. Бағдарламаға 1213 адам қатысуда.

Пилоттық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде пациенттердің 75%-ында артериалдық гипертензия деңгейінің көрсеткіші тұрақталып, артериалдық қысымды бақылау және гипотензивті препараттарды тұрақты тұрде қабылдау машықтарының қалыптасуы байқалды. Созылмалы жүрек кемістігі бар пациенттерді ауруханаға жатқызу жағдайы 2 есеге азайды. 

Пилоттық аймақтардағы АББ-ны енгізудің тиімді тәжірибесін ескере отырып, АББ-ны жүзеге асыру биылғы жылы Астана, Алматы қалаларының, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарының емханаларында жүзеге асырылатын болады

3. Негізгі әлеуметтік мәні бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар 5 ауру: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша медициналық көмек көрсетудің  біріктірілген үлгісін енгізу.  

Аталған бағыттардың әрқайсысы бойынша қызметтің барлық түрлері көрсетілетін болады: профилактика, емдеу шаралары, оның ішінде оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер.

Сонымен қатар, күрделі технологиялық құрылымдар мен жоғары білікті мамандарды талап ететін қызметтер ауданаралық, аймақтық және республикалық деңгейде орталықтандырылатын болады. Күрделі технологиялық құрылымдарды талап етпейтін қызметтер тұрғылықты мекен-жай бойынша медициналық ұйымда көрсетілетін болады.

Медициналық көмек көрсетудің  біріктірілген үлгісін енгізу мақсатында Жол картасы жасалып, 5 үйлестіру кеңесі құрылды, сондай-ақ, оған жауапты республикалық денсаулық сақтау ұйымдары анықталды.

4. Медициналық білім беруді жаңғырту.

Отандық медициналық ЖОО-дағы кадрларды дайындау сапасын арттыру мақсатында әлемдегі 500 үздік университеттер қатарына кіретін стратегиялық әріптестерді шақыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олар: АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Финляндия және т.б. елдердегі медициналық мектептер. Сондай-ақ, ағымдағы жылғы қыркүйек айынан бастап 6 медициналық колледжде мейірбикелерді дайындаудың финдік үлгісі енгізілетін болады.

5. Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын әрі қарай дамыту бойынша жобалау тобы құрылып, инфрақұрылым мен МЖМӘ-ні дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып аймақтардың медициналық картасы жасалуда. Картада азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, оларға медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қажет болатын денсаулық сақтау ұйымдары нысандарының саны анықталатын болады. Тізімделген нысандарға құрылыс, қайта құру, жеке секторды тарту мен жекелеген нысандарды МЖМӘ тетіктерін қолдана отырып, сенімді басқару ісі кіреді.

6. Техникамен жабдықтау.

Қазіргі таңда қолданыстағы барлық медициналық техника мүліктері түгенделіп, оның тозу деңгейі анықталды.

Медициналық техниканы сатып алуды өзгерту бойынша ұсыныстар дайындалды: медициналық ұйымдар құны 5 млн-ға дейінгі медициналық техниканы өздігінен сатып ала алады, 5-100 млн. теңге көлеміндегі техниканы лизинг арқылы, ал құны 100 млн.теңгеден астам бұйымдарды республикалық және жергілікті бюджет есебінен сатып ала алады.

7. ҚР ДСӘДМ дәрілік қамсыздандыруды жетілдіру мақсатында сапаның халықаралық стандарттарына сай дәрілік заттарды тіркеуді жеңілдету бойынша нормативтік-құқықтық актілер жобаларын дайындады.  

Өткен жылы шетелдің сарапшылармен бірлесе отырып Ұлттық дәрілік формуляр әзірленіп, енгізілді. Оған республикада тіркеліп, барлық клиникалық тиімділігі дәлелденген және әрбір дәрінің шектік бағасы көрсетілген дәрілік заттар кіреді. Кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында сатып алынатын дәрілік заттардың тізімі жаңартылып, референттік баға құруды енгізудің бірінші кезеңі қамтылды. Тиісті фармацевтикалық практика стандарттарына (GXP) өту бойынша жұмыс атқарылуда

8. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында және денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекет, жұмыс беруші және қызметкерлердің ортақ жауапкершілігін қамтамасыз ететін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, министр Мемлекет басшысының тапсырмасы Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамын» жүзеге асыру аясында жаңа Еңбек кодексі жасалып, қабылданғанын еске салды. Жаңа Еңбек кодексінің тұжырымдамалық моделі халықаралық тәжірибені, ең алдымен ЭЫДҮ елдері тәжірибесін ескере отырып, Еңбек заңнамасын ырықтандыруға бағытталған. Ол жұмысшыларға минималды еңбек стандарттары, кепілдіктер мен өтемақыны белгілей отырып,жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қатынастарына мемлекет тарапының араласуын шегін нақты анықтайды. Оны орындауды бақылаудың қатаң тетігі қарастырылған. 

 «Министрлік Бас прокуратура, қаржы министрлігі, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, апталық еңбекақы қарызын бақылауды жүргізіп отыр. Қазіргі күрделі экономикалық жағдайда әкімдіктермен, кәсіподақтармен, және аймақтардағы кәсіпорындармен өндірістік үдерістерді тұрақтандыру бойынша меморандумдарды жасасу, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету жалғасып келеді. Сонымен бірге, жұмыскерлерді босату қаупі бар кәсіпорындардағы жағдай апта сайын бақыланып отырады», - деп атап айтты Тамара Дүйсенова.

Халықты жұмыспен қамту мақсатында ҚР ДСӘДМ «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» (әр» қарай – «ЖҚЖК 2020») бағдарламасын жүзеге асырып келеді. 2015 жылы Жол картасының барлық бағыттары бойынша, оның ішінде ашық бос орындарға тікелей 167 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Оның 85%-ы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды (142 мың адам). Сонымен қатар, 6 мыңнан астам адам өз бизнесін ашу мен ұлғайту мақсатында  микрокредит алды, олар 6,1 мың қосымша жұмыс орындарын ашты. 14 мың адам тегін кәсіби оқытуға жіберілді, 24,5 мың адам мемлекет субсидиялаған жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды, 1,2 мың адам жаңа мекен-жайға көшірілді. Оларға тұрғын үй беріліп, жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. 

 «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында аталған бағдарлама жаңғыртылған болатын. Біз жұмыс орындарын сақтауға негізделген жаңа құралдарды қарастырдық. Бұл – білікті мамандардың жоғалған еңбекақысының бір бөлігін субсидиялау, жұмыс берушілерге өз қызметкерлерін оқытуға арналған гранттарды беру (қайта даярлау мен бліктілікті арттыру), жұмыс орындарын міндетті түрде сақтау шартымен жұмыс істейтін жастарды кәсіби оқытуды ұйымдастыру. 2016 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген 100,8 млрд.теңгенің 63 млрд. теңге көлеміндегі бөлігі жаңа бастамаларды жүзеге асыруға бағытталатын болады», - деп атап айтты Тамара Дүйсенова.

Министр ағымдағы экономикалық жағдайға қарамастан, Үкіметтің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы әрі толыққанды орындап отырғанын атап айтты.

2016 жылы ынтымақты зейнетақы 9%-ға ұлғайтылды, барлық жәрдемақылар - 7%-ға, мүгедектік және асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағы 25%-ға артты.

«Мемлекет басшысының әлеуметтік қолдау бойынша берген бірқатар тапсырмалары азаматтардың әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатындағы шаралардың жалғасы болып табылады. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» шараларын іске асыру аясында 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап қазіргі таңда аз қамтылған азаматтарға төленетін әлеуметтік көмектің үш түрі атаулы әлеуметтік көмек түріне (әрі қарай - АӘК) жаңа үлгіде өзгертіледі. Ол отбасының жұмысқа жарамды мүшелерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді түрде қатысқан жағдайда ғана беріледі», - деп мәлімдеді Тамара Дүйсенова.

Сондықтан 2014 жылы 3 аймақта пилоттық режимде, 2015 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап республиканың барлық облыстарында (38 аудан мен қала) басталған «Өрлеу» жобасының аясында жаңа әдістерді жүзеге асыру сатылай жүргізіліп келеді.

«Өрлеу» жобасы қатысушыларының жан басына шаққандағы орташа кірісі 2 еседен астам ұлғайды; АӘК алушалыр саны 31,8%-ға, балаларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы 2,1%-ға азайды; жобаның жұмысқа жарамды мүшелерінің 90%-ы жұмыспен қамту шараларына қатыстырылды.

Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары сатылай жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік және транспорттық инфрақұрылым нысандарын паспорттау мен бейімдеу арқылы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру бойынша; мүгедектерді оңалтудың техникалық қосалқы (компенсаторлы) құралдарымен қамтамасыз ету, кохлеарлы имплантация отасынан кейінгі есту қабілетін оңалту, кохлеарлы импланттардың сөйлеу процессорлары ауыстырылып, күйге келтіру шаралары жүйелі түрде атқарылып келеді.

Жұмыспен қамту орталықтарының мәліметінше, жыл сайын орталыққа жүгінетін мүгедектердің 75%-ы жұмысқа орналастырылады.

Қиын өмір жағдайына тап болған адамға стационар, күндізгі орталық, үй күтімі, уақытша орналасу жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бүгінде әлеуметтік қызметтер мүгедектерді, жасы ұлғайған адамдарды, адам саудасының құрбандары, сотталған адамдар, пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды қамтиды. Өткен жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында арнаулы әлеуметтік қызметтердің біріктірілген үлгісін енгізу бойынша пилоттық жоба басталды. Жыл соңына дейін мүдделері бір қызметтердің өзара қарым-қатынас тетіктерін құру бойынша Жол картасы жасалып, білім жүйесі, денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік қорғау мен пробация қызметі мамандарын оқыту ұйымдастырылатын болады.

Сөзін қорытындылай келе, Тамара Дүйсенова ҚР ДСӘДМ-нің 2016 жылға арналған түзетілген бюджеті 2015 жылмен салыстырғанда 33%-ға жуық өсіп, 2 трлн. 996 млрд. 863 млн. теңгеге артқанын хабарлады. 2016 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, жоспардың 99,3%-ы (1 трлн. 251 млрд. 529 млн. теңге) игерілді.

2015 жылдың қорытындысы бойынша қызмет тиімділігінің жалпы бағалау нәтижесінде орталық мемлекеттік органдар арасында ҚР ДСӘДМ көшбасшы үштік қатарына енді.  Бағалаудың бес бағытының екеуі (ақпараттық технологияларды қолдану мен бюджеттік қаражатты басқару) бойынша бірінші орында.

24 маусым, 2016 - 10:51 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші