ҚР ДСӘДМ-де әлеуметтік-еңбек саласының 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметі қорытындыланды | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

ҚР ДСӘДМ-де әлеуметтік-еңбек саласының 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметі қорытындыланды

коллегия

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенованың басшылығымен ҚР ДСӘДМ-нің ағымдағы жылдың 6 айындағы әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметінің қорытындысы бойынша алқа мәжілісі өтті.

Шараға ҚР ДСӘДМ жауапты хатшысы, вице-министрлер, комитет төрағалары, министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің және ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары, бейнебайланыс режимінде – облыс, Астана, Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, еңбек инспекциясы басқармаларының, ҚР ДСӘДМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменттерінің басшылары қатысты.

Отырыс барысында Тамара Дүйсенова ағымдағы экономикалық жағдайда азаматтарды әлеуметтік қорғау, халықты жұмыспен қамтамасыз ету, қызметкерлерді жаппай жұмыстан босатуға жол бермеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап айтты.

Еңбек нарығындағы жағдай мен «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» (әрі қарай – «ЖҚЖК 2020») бағдарламасын жүзеге асыру шаралары туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Біржан Нұрымбетов баяндады.

Ол 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында «ЖҚЖК 2020» бағдарламасына 78,4 мың адам, оның ішінде жұмыссыз азаматтар – 53,1 мың (67%), өзін өзі жұмыспен қамтығандар – 25,3 мың адам (32%) қатысқанын атап айтты.

 «ЖҚЖК 2020» бағдарламасына қатысушылар  арасында аз қамтылғандар үлесі 3 мың 340 адамды, мүгедектер – 2 мың 594 адамды құрайды. 29 жасқа дейінгі жастар үлесі 46,2% (36 мың 206 адам), әйелдер – 45,8% (35 мың 968 адам) болып отыр.

2016 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 100,8 млрд. теңге бөлінді.

Біржан Нұрымбетов Мемлекет басшысының тапсырмасымен «ЖҚЖК 2020» бағдарламасы жаңғыртылғанын еске салды.

«Қысқартылған жұмыс уақытына төленетін жалақыны (Германия тәжірибесі) уақытша субсидиялау, қызметкерлерді оқыту үшін жұмыс берушілерге гранттарды беру, жұмыс істейтін жастарды кәсіби оқыту арқылы жұмыс орындарын сақтау тетіктері жасалды. Сонымен бірге, микрокредиттеу тиімділігін арттыру, қызмет көрсету саласындағы жұмыспен қамтуды ұлғайту арқылы жұмыс орындарын құру бойынша шаралар қарастырылған», - деп хабарлады ол.

Жиында аз қамтылған азаматтарға шартты ақшалай көмек көрсетуді енгізудің «Өрлеу» пилоттық жобасын жүзеге асырудың нәтижелері қарастырылды.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Светлана Жақыпова аталған жобаның еліміздің 132 ауданы мен қалаларында жүзеге асырылып келе жатқанын мәлімдеді. 2016 жылғы 1 шілдедегі жағдайға сәйкес жұмыспен қамту шараларымен жобаның жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған жұмысқа жарамды азаматтарының 99,4%-ы қамтылды.  

 «Пилоттық жобамен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау облыстары, сонымен қатар, Астана және Алматы қалалары толығымен қамтылды. Жобаны жүзеге асыру оның қатысушыларының жан басына шаққандағы орташа табысын 2,6 есеге арттыруға көмектесті. 2016 жылы республикалық бюджеттен аталған пилоттық жобаны жүзеге асыруға 1,4 млрд. теңге бөлінді», - деп хабарлады Светлана Жақыпова. 

Сонымен бірге, жиында арнайы әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту; мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік және транспорттық инфрақұрылым нысандарын паспорттау мен бейімдеу; мүгедектерді оңалтудың техникалық қосалқы (компенсаторлы) құралдарымен уақытылы қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

Талқылау нәтижесі бойынша Тамара Дүйсенова азаматтарды жұмыспен қамту шараларына белсенді түрде қатыстыру шараларын жандандыруды тапсырды. 

22 шілде, 2016 - 16:26 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші