X
egov

You are here

Қазақстанда медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының екінші кезеңі басталды

ақпараттық-түсіндіру жұмыс

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова аймақтардағы, Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарларымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (әрі қарай - МӘМС) жүйесін енгізу мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізді. Олар өз кезегінде МӘМС-тің негізгі қағидалары жөнінде аудан, қала әкімдері, аймақтық мемлекеттік органдардың басшыларына мәлімет береді. Әрі қарай ақпарат ел азаматтарына таратылады. Осылайша, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің (әрі қарай – ҚР ДСӘДМ) «Аймақ, аудан, ауыл» қағидасы бойынша халық арасында өткізілетін ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының екінші кезеңі басталды.

Отырыста сөз сөйлеген Тамара Дүйсенова МӘМС-ті енгізу – дамыған елдердің тәжірибесі бойынша ҚР денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығы жүйесін, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, амбулаторлық-дәрілік қамсыздандыруды ұлғайтуға бағытталатынын, сонымен бірге, мемлекет пен азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы тең дәрежедегі жауапкершілігін қамтамасыз ететінін атап айтты. Сондай-ақ, МӘМС жаңа технологияларды енгізуге ықпал етіп, медициналық қызметтерді ұсынушылар арасындағы бәсекелестікті арттыру есебінен медициналық қызметтің сапасын көтеруге, медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен жалақысын арттыруға көмектеседі.

Вице-министр Елжан Біртанов әкімдердің орынбасарларына атқарылатын қызметтерді ҚР ДСӘДМ, жергілікті атқарушы органдар және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (әрі қарай - ӘМСҚ) арасында бөлу қағидасы туралы айтып берді.

МӘМС жүйесінде министрлік денсаулық сақтауды қорғау саласындағы саясатты әзірлейді; медициналық қызметтегі басымдықтар мен қажеттіліктерді, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (әрі қарай - ТМККК) мен МӘМС пакетін анықтайды, МӘМС пен ТМККК аясында көрсетілетін медициналық көмектің тарифін бекітеді; денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды ұстану шараларына мемлекеттік бақылау жасайды.

«Жергілікті атқарушы органдарға барлық азаматтар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту мен аймақтағы медициналық қызмет көрсетушілердің тиімділігін арттыру, өңірдегі медициналық көмекті денсаулық сақтау ұйымдарының желісі арқылы көрсету, медициналық қызметтің қажетті көлемін жоспарлауға қатысу, денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды дамытуды қамтамасыз ету қызметтері жүктеледі. Әкімдіктер Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің аймақтық департаменттерімен бірлесе отырып, медициналық және фармацевтикалық қызметті лицензиялауға қатысатын болады», - деп хабарлады Елжан Біртанов.

ӘМСҚ МӘМС-ке төленетін жарналарды жинайды, ҚР Ұлттық банкі арқылы қор құрып, бос ақшаны қаражат құралдарына салады; МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек шығынын жоспарлайды; халықтың қажеттілігі бойынша медициналық қызметтерді сатып алады; медициналық көмек көрсету құрылымының тиімділігі мен оны оңтайландыруға ықпалдасады; медициналық қызмет көрсететін ұйымдардың (жеткізушілердің) медициналық көмектің көлемі мен сапасы бойынша келісілген міндеттемелерді орындауына бақылау жасайды.  

Өз кезегінде, Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті аудандық медицина ұйымдарын МӘМС жүйесіне дайындығын қамтамасыз ету, ауруханалар мен емханалар ӘМСҚ медициналық қызмет берушілерді таңдағанда  минимальды стандарттарға сай болу керектігін атап өтті.

Бұрындары хабарланғандай, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының бірінші кезеңі ағымдағы жылдың 9 маусымы мен 28 шілдесі аралығында еліміздің барлық медициналық қызметкерлері үшін өткізілген болатын. Аталған кезеңде құрамында денсаулық сақтау саласының белді қайраткерлері, ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті аймақтық департаменттерінің, аймақтардағы, Астана, Алматы қалаларындағы денсаулық сақтау басқармаларының басшылары бар арнайы мобильдік топтар республиканың медициналық қызметкерлері үшін 400-ден астам кездесулер мен семинарлар өткізді. Жалпы алғанда 38,3 мыңнан астам медициналық қызметкерлер, оның ішінде 957 медициналық ұйымның 3445  басшысы қамтылды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен (әрі қарай - ТМККК) әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.

Азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.  

МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісім шарт негізіне жүзеге асырылады.

Қолданыстағы заңнама бойынша 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, ал 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекет Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (әрі қарай - ӘМСҚ) жарна төлеуді бастайды.

Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7% құрайды.

Сонымен қатар мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылдан 6%-ға, 2024 жылдан 7%-ға сатылай өсетін болады.

Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі кірістің 5%-ын құрайтын болады. Аударым 2017 жылы 2%-ды, 2018 жылы 3%-ды, 2019 жылы 4%-ды, 2020 жылы 5%-ды құрайтын болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7% құрайтын болады. Ол 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5%, 2020 жылдан бастап 7% болады.

Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1%, 2020 жылдан 2%-дық мөлшерде төлейтін болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры (әрі қарай - ӘМСҚ) жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері.

Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына:

- балалар;

- «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар;

- ҰОС ардагерлері мен мүгедектері;

- мүгедектер;

- жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;

- интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар;

- техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО кейін білім алып жатқан тұлғалар;

- бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар;

- жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар;

- зейнеткерлер;

- ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер;

- уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар жатады.

Айта кету керек, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі ӘМСҚ-ға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақытылы әрі үнемі төленіп тұруы тиіс.

Қазақстанда қолданыстағы тәжірибеге сай ӘМСҚ-ға түсетін жарналарды бақылау ісін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктеу ұсынылады.

Сарапшылардың болжамы бойынша МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсетіні, сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. МӘМС адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, отырыста азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру, «Өрлеу» жобасы мен «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» (әрі қарай – «ЖҚЖК 2020») мәселелері қарастырылды.

Вице-министр Светлана Жақыпова 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгеретінін, ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің қосымша 5%-дық міндетті зейнетақы жарналарын белгілеу есебінен зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышы енгізілетінін еске салды.

Осылайша азаматтардың зейнетақы төлемдері мынадай бөліктерден тұратын болады:

1) зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын базалық зейнетақы төлемі;

2) 1998 жылғы 1 қаңтарға кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға Орталықтан төленетін зейнетақы төлемі;

3) БЖЗҚ-дан қызметкердің жеке 10 % міндетті зейнетақы жарналары; жұмыс берушінің қосымша 5 %-дық зейнетақы жарналары; 5 %-дық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын) (2023 жылдан бастап) есебінен зейнетақы төлемдері;

4) ерікті зейнетақы жинақтары.

Аталған шаралар азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етудің Халықаралық еңбек ұйымының стандарттары мен ұсынымдарына сәйкестігін қамтамасыз етеді (зейнетақы көлемі жалақының 40%-нан кем болмауы тиіс).

Сонымен қатар,  2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бүгінде – 40%) 50%-нан төмен отбасына жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде қазіргі таңдағы қолданыстағы жұмыспен қамту шараларын алмастыратын белсенді шараларға қатысуымен шартталған атаулы әлеуметтік көмекті (әрі қарай - АӘК) әрбір отбасы мүшесіне көрсетудің жаңа тәртіптерін енгізу қарастырылған:

- көпбалалы отбасыларына арнайы мемлекеттік жәрдемақы (әрі қарай - АМЖ);

- аз қамтылған отбасыларына арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдеамақысы;

- аз қамтылған үй шаруашылығына берілетін атаулы әлеуметтік көмек.

АӘК жаңа үлгіде шартсыз және шартты ақшалай көмек болып 2 түрге бөлінеді.

Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларына (мәселен, қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасыларына (мысалы, мектеп жасына дейінгі балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасыларынан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасына әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі. 

«2014 жылдан бастап әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа әдістері Ақмола, Шығыс-Қазақстан және Жамбыл облыстарында сынақтан өтіп, әлеуметтік келісімшартқа отырған азаматтарға шартты қаржылай көмек көрсетуді қарастыратын «Өрлеу» пилоттық жобасы енгізілді. 2015 жылғы 1 шілдеден бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен пилоттық жоба қосымша 38 аудан мен қалаларда жүргізіле бастады. 2015 жылы «Өрлеу» жобасына 20,2 мың адам қатысты. Жобаны іске асыру оған қатысушылардың жан басына шаққандағы табысының 2 есеге артуына; 90%-ға жуық еңбекке қабілетті қатысушыларды жұмыспен қамту шараларына тартуға; республика аумағындағы 18 жасқа дейінгі атаулы әлеуметтік және мемлекеттік жәрдемақы алушылар санын сәйкесінше 31,8%-ға және 2,1%-ға қысқаруына мүмкіндік туғызды. Биылдан бастап пилоттық жоба еліміздің барлық өңірлерінде іске асырылуда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен ағымдағы жылға 1,4 млрд. теңге қарастырылған. «Өрлеу» жобасы халық арасындағы кедейлікті төмендету бойынша тиімді құрал болып табылатындықтан, оған адамдарды барынша белсенді түрде қатыстыру қажет», - деп атап айтты әкім орынбасарларына Светлана Жақыпова.

Ол жергілікті атқарушы органдарға өмірлік қиын жағдайда тап болған тұлғаларға арнайы әлуметтік қызметтердің бірыңғай көлеміне қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде вице-министр Біржан Нұрымбетов «ЖҚЖК 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдарға жұмыспен қамтуды, инфрақұрылымды және тұрмыстық-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы қарастыратын бағдарламаның бірінші бағыты аясында объектілерде жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргізу конкурстарын өткізуді қатаң бақылауға алуды ұсынды.

Вице-министр жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлеріне жастарды «ЖҚЖК 2020» бағдарламасына қатыстыру жұмысын жаңа құралдармен жандандыруға кеңес берді:

-оқуға түсе алмаған түлектерді, жұмыссыз түлектер және жұмыссыз жастарды компьтерлік сауаттандыру, кәсіпкерлік негіздерін, ағылшын тілін үйрету қарастырылған (жұмысқа орналастыру міндетінсіз).

- бірінші жұмыс орнына орналасу мәселесі бойынша жоғары оқу орындары және колледж түлектері үшін «ЖҚЖК 2020» бағдарламасының үшінші бағдарламасы аясында 38 мың теңгеден 53 мың теңгеге дейін жалақының өсуімен «Жастар тәжірибесі» компоненті кеңейтілетін болады.

-жұмыс берушілердің сұранысы бойынша шекті деңгейін өте алмаған түлектер үшін жұмысшы мамандықтарына үйрету,  екі жаққа барып қайту құнын төлеумен қоса басқа аймақта оқыту қарастырылған.

Жиынның соңында Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы органдарына «ЖҚЖК 2020» бағдарламасы шеңберінде жұмысқа орналасқан адамдардың зейнетақы жүйесіне, келешекте – МӘМС жүйесіне қатысуын бақылауға алу қажеттігін атап өтті. 

28 шілде, 2016 - 15:19 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші