X
egov

You are here

Т. Дүйсенова: Медициналық сақтандыру жүйесінде ешкім қосымша ақы төлемейді

медстрахование

Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (әрі қарай – МӘМС) енгізу бойынша Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының аймақтық штаб мүшелері үшін селекторлық тәртіпте өткен семинарда мәлімдеді.

ҚР ДСӘДМ басшысы медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің себептері бойынша қажетті ақпарат берді. Оның айтуынша, аталған жүйені енгізу – ең алдымен медициналық көмек көрсету стандарттарының ЭЫДҰ елдері деңгейінде болуын қамтамасыз етуді көздеп  отыр.

«Мемлекет басшысы Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізу міндетін қойды. Аталған мемлекеттердің денсаулық сақтау саласының негізін әлеуметтік медициналық сақтандыру құрайды. Мұнда ортақ жауапкершілік 3 негізгі субъектіге артылады: мемлекет, жұмыс берушілер және ел азаматтары. Жыл сайын мемлекет денсаулық сақтау жүйесіне 800-900 млрд.теңге қаражат бөледі, сонда да біздегі медициналық қызмет көрсетудің сапасы дамыған елдерден төмен. Егер біз медицинаның сапалы болуын қаласақ, қосымша қаражат қарастыруымыз қажет. Медициналық сақтандыру жарнасының негізінде 200 млрд. теңгеге жуық қаражат алуды ойластырып отырмыз. Бұл қаржы Қазақстанның денсаулық сақтау саласын әрі қарай дамытуға жұмсалатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, ол мемлекеттің құрамына 17 миллион қазақстандықтарды вакциналау, әлеуметтік маңызы бар ауруларға көрсетілетін медициналық көмек және шұғыл медициналық көмек қызметтері кіретін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінің аясында медициналық қызметтермен қамтамасыз ету бойынша қаржыландырудың бүгінгі таңдағы бар көлемін сақтап қалатынын атап айтты. Сақтандыру медицинасы жүзеге асырылған жағдайда мемлекет Медициналық сақтандыру қорына  халықтың әлеуметтік тұрғыдағы осал тобының 10,1 млн. азаматы үшін жарнаны төлеу міндеттемесін өз мойнына алады.

Сондай-ақ, Министр МӘМС жүйесін енгізу кезінде медициналық қызметтер үшін ешбір қосымша жарна төленбейтіндігін, ал олардың қызмет көрсету сапасы медициналық ұйымдарды қаржыландырудың негізгі талабы болатындығын мәлімдеді.

 «Медициналық сақтандыру жүйесінде ешбір адам қосымша жарна төлемейді. Қаражатты тек қана Қор төлейді, ол медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы болады. Қордағы қызметтің басты басымдығы – медициналық қызметтердің сапасы болмақ», - деп атап айтты Тамара Дүйсенова.

Семинар барысында Тамара Дүйсенова аймақтық штаб өкілдерінің сауалдарына жауап бере отырып, медициналық сақтандыру жүйесіне өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтыған азаматтардың қатысуына ерекше мән берді.

 «Өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтыған азаматтар үшін мемлекет 2020 жылға дейін жоспарлы госпитализациядан басқа барлық медициналық көмек пакетін ұсынады. Аталған уақыт ішінде осы санаттағы адамдарға МӘМС жүйесіне қатысудың 3 нұсқасының біреуін таңдаулары қажет: біріншісі – жұмыссыз ретінде тіркелу; екіншісі – жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мәлімденген кірістен немесе ол болмаған жағдайда ең төменгі жалақыдан жарна төлеу; үшіншісі – екінші дәрежедегі банктер арқылы жеке тұлға ретінде ең төменгі жалақыдан 2% көлеміндегі жарна енгізіп тұру», - деп түсіндірді ол. 

Бұрындары хабарланғандай, ағымдағы жылғы 19 қыркүйекте Тамара Дүйсенова Батыс Қазақстан облыстары, 21 қыркүйекте Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Маңғыстау облыстарының аймақтық штабының мүшелері үшін семинар өткізді.

Жуырда Тамара Дүйсенова Атырау, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Ақмола облыстары мен Астана және Алматы қалалары үшін семинар өткізбек.

Оқыту шаралары аяқталған соң, аймақтық штаб мүшелері 1 қазаннан бастап халық арасында түсіндіру жұмыстарын бастайды. Олар жұмыс берушілермен, кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдарымен, бюджеттік сала қызметкерлерімен, ҮЕҰ және кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен, сонымен қатар, ауылдық жерлердегі түрғындармен кездесулер өткізеді деп күтілуде. 

26 қыркүйек, 2016 - 12:05 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші