Астанада Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін реформалау мәселелері талқыланды | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Астанада Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін реформалау мәселелері талқыланды

форум

Бүгін Астанада «Қазақстандағы денсаулық сақтау саласын реформалау: ұлт саулығын қорғау» тақырыбындағы экономикалық саясат жөнінде Форум өтті. Шараға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Әділет Министрі Марат Бекетаев, Қазақстандағы АҚШ және Канаданың Төтенше және Өкілетті елшілері Джордж Крол мен Шон Стэйл, Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Мелита Вуйнович және т.б. қатысты.

Форумда сөз сөйлеген Тамара Дүйсенова Денсаулық сақтау саласын дамытудың екі мемлекеттік бағдарламасын (2005-2015 жж.) іске асыру нәтижесінде Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асқанын, халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткіші 15,3%-ға, ана мен сәби өлімі 1,8 есеге төмендегенін еске салды.

Биылғы жылы ҚР ДСӘДМ ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды бастады. Бұл құжат алдыңғы бағдарламалардың логикалық жалғасы болып табылады, сонымен қатар, ол денсаулық сақтау саласындағы түбегейлі өзгерістердің әрі қарай толықтырылуына негізделген.

Жаңа Мемлекеттік бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – аурулардың алдын алу мен оны ескерту болып табылады. Сондықтан ЭЫДҰ елдері тәжірибесінің,  Дүниежүзілік Банк және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының ұсынымдары негізінде Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен тамақтануды оңтайландыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруды біріктіру негізінде Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылатын болады.

Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір басты бағыты – алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде (әрі қарай - МСАК) Ауруларды басқару бағдарламасын (әрі қарай - АББ) енгізу болып  табылады.

МСАК мамандарының мультидисциплинарлық командасы мен пациенттің әлеуметтік келісім шартпен бекітілген серіктестік қарым-қатынасы - АББ-ның негізі болып табылады. Нәтижесінде, АББ созылмалы жұқпалы емес аурулардың асқынуына жол бермей, денсаулық сақтау саласының шығынын азайтып, азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қатынасын ынталандыруды қалыптастырады.

Қазақстанда АББ-ны 2013 жылдан бастап пилоттық тәртіпте 2 өңірде үш нозология бойынша жүзеге асыру басталды: артериалдық гипертензия, созылмалы жүрек кемістігі және қант диабеті. Оны енгізудің тиімді тәжірибесін ескере отырып, АББ-ны 2017-2018 жылдары жүзеге асыруды еліміздің барлық өңірлерінде енгізу, сондай-ақ 2019 жылдан бастап бес ауруға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Тамара Дүйсенова Форум қатысушыларына МСАК деңгейінде профилактикалық шараларды күшейте отырып, негізгі әлеуметтік мәні бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар 5 ауру: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша медициналық көмек көрсетудің  біріктірілген үлгісін енгізу арқылы стационарлық көмектің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.   

Аталған бағыттардың әрқайсысы бойынша қызметтің барлық түрлері көрсетілетін болады: профилактика, емдеу шаралары, оның ішінде оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер. Сонымен қатар, күрделі технологиялық құрылымдар мен жоғары білікті мамандарды талап ететін қызметтер ауданаралық, аймақтық және республикалық деңгейде орталықтандырылатын болады. Күрделі технологиялық құрылымдарды талап етпейтін қызметтер тұрғылықты мекен-жай бойынша медициналық ұйымда көрсетілетін болады.

Қазіргі таңда медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру, кадрлық қамтамасыз ету мен материалдық-техникалық жабдықтау ісі сараланып, анықталған проблемалардың шешу жолдары әзірленді. Кадрларды дайындау мен қайта даярлау бойынша жұмыс басталып, медициналық көмек көрсету деңгейіне сай медициналық ұйымдарды аймақтандыру бойынша шаралар аяқталды.

Отандық медициналық ЖОО-дағы кадрларды дайындау сапасын арттыру мақсатында әлемдегі 500 үздік университеттер қатарына кіретін стратегиялық әріптестер шақырылды. Олар: АҚШ, Швеция, Италия және Польша елдерінің медициналық мектептері.

Бүгінгі таңда стратегиялық әріптестердің көмегімен барлық ЖОО-да қызмет көрсетудің бірнеше бөлімі: ЖОО басқару, білім беру және ғылыми қызмет салалары бойынша әлеует пен ресурстардың сараптамалық бағалауы жүргізілуде.

Шетелдік әріптестердің ұсынымдары отандық медициналық университеттерді дамытудың стратегиясын әзірлеуге негіз болады.

Сонымен бірге, биыл фин үлгісі бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламасын пилотты тәртіпте жүзеге асырып отырған 6 медициналық колледжге Жоғарғы колледж мәртебесі берілді. Қолданбалы бакалавриаттың алғашқы түлектері кәсіби қызметтеріне 2018 жылы кіріседі.

Аталған жаңа жұмыс бағытын енгізудің нәтижесінде орта медициналық персонал әлеуетін пайдалану тиімділігі артып, халықты МСАК қызметтерімен қамсыздандыру артады деп күтілуде.

ҚР ДСӘДМ дәрілік қамсыздандыруды жетілдіру мақсатында шетелдің сарапшылармен бірлесе отырып Ұлттық дәрілік формулярды әзірлеп, енгізді. Оған республикада тіркеліп, барлық клиникалық тиімділігі дәлелденген және әрбір дәрінің шектік бағасы көрсетілген дәрілік заттар кіреді. Тиісті фармацевтикалық практика стандарттарына (GXP) өту бойынша жұмыс атқарылуда.

Қазіргі таңда қолданыстағы барлық медициналық техника мүліктері түгенделіп, оның тозу деңгейі анықталды. Медициналық техника өндірушілерімен бірлесе отырып, медициналық ұйымдарды жабдықтаудың жаңа тәсілдері жасалды. Медициналық ұйымдарға құны 5-тен 100 млн. теңгеге дейінгі техниканы «ҚазМедТех» АҚ арқылы лизингпен сатып алу ұсынылып отыр.

Өз сөзін аяқтай келе, Тамара Дүйсенова денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымында бюджеттік қаражаттан басқа, МЖМӘ, сенімді басқару мен жекешелендіру тетіктері арқылы жеке сектордың ресурстары қолданылатынын атап айтты.

Шара барысында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті, Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті дамыту мәселелері, дәрілік заттардың сапасы мен түпнұсқалығын, республиканың фармацевтикалық нарығын дамыту перспективалары талқыланды. 

28 қыркүйек, 2016 - 10:24 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші