X
egov

You are here

2017 жылы ірі қалаларда орналасқан жұмыспен қамту орталықтарында электрондық кезек енгізу жоспарлануда

коллегия

Бұл туралы, бүгін, 2016 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2017 жылғы жоспарларға арналған ҚР ЕХӘҚМ алқасының кеңейтілген отырысында, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігі, Премьер-министр кеңсесі, орталық мемлекеттік органдар өкілдері, Парламент депутаттары және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Министр, отандық еңбек нарығын жаңғырту үшін, жұмыс күшінің бір саладан екіншісіне ауысуын басқаруды қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

«Бұл мәселе әлемдік экономиканың даму қарқынында да аңғарылады. Жаңа технологиялардың енгізілуі мен өнімге сұраныстың өзгеруіне байланысты, өндірістің салалық құрылымы басқаша сипатқа енуде. Егер 80-ші жылдары ұлттық экономикада жұмыспен қамтылған халықтың көп бөлігі өнеркәсіп секторында шоғырланған болса, соңғы жылдары қызметтер секторына ойысты. Жаңа өндіріс түрлері мен мамандықтар пайда болды. Осыған байланысты, бізге, жұмыс берушілермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі жаңа технологиялар енгізіп жатқан және жұмыс орындарын қысқартуды жоспарлаған салалар мен кәсіпорындар тізбесін анықтау керек. Сонымен қатар, арнайы дайындық өткізу мен босаған жұмысшыларды басқа қызмет түрлеріне бағыттауды қамтитын Жол картасын жүзеге асыруды қамтамасыз еткен жөн», - деп нақтылады Тамара Дүйсенова.

Елдегі еңбек нарығын жаңғырту барысында, бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық дерек жинастырылатын, Біртұтас электрондық биржа құрылмақ. Осы ретте, ағымдағы жылы, жұмыспен қамту орталықтары соны кейіпте жаңғырмақ.

«Қызмет көрсетудің жаңа стандарттары түзіліп, жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік мекеме сипатынан шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып өзгереді. Бұл арқылы, жекеменшік саладағыдай, орталық қызметкерлерінің еңбегі түпкі нәтижесіне қарай төленетін болады. Сонымен бірге, жұмыспен қамту орталықтары жаңа компьютерлермен жабдықталып, министрліктің барлық ақпараттық жүйесіне және эталон базаларына қолжетімділікті қамтамасыз ететін бағдарламалық кешендер орнатылады. Көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту мақсатында, үстіміздегі жылы, Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында электрондық кезек енгізуді көздеп отырмыз», - деп мән-жайға қанықтырды Тамара Дүйсенова.

 

21 ақпан, 2017 - 17:35 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші