Америка сауда палатасының өкілдері Қазақстандағы жаңа шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібіне оң бағасын берді | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Америка сауда палатасының өкілдері Қазақстандағы жаңа шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібіне оң бағасын берді

кездесу

Бүгінгі ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен кездесу барысында, Қазақстандағы Америка сауда палатасының өкілдері, яғни еліміздегі Royal Dutch Shell директорының орынбасары Дирк Эппнер мен Boston Consulting Group директоры Ян Дирк Вайбер Шетелдік жұмыс күшін (әрі қарай – ШЖК) тарту ережесіне енгізілген өзгерістерге оң бағасын берді. 

Кездесу басында, Тамара Дүйсенова, Қазақстанда 2017 жылдың 1 қаңтарынан ШЖК тарту тәртібі жетілдірілгенін атап өтті. Мәселен, бұрын еліміздің экономикалық тұрғыдан белсенді халқына пайыздық қатынаста белгіленіп келген ШЖК тарту квотасы осы жылдың басынан әрбір сала (немесе экономикалық қызмет түрлері) бойынша жеке белгіленеді. Квотаны есептеуді жұмыс күшіне сұранысты кешенді талдауды, жұмыссыздар санының болжамын, стратегиялық (индустриялдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы секілді) жобалар бойынша қажеттілікті, өткен жылы ШЖК тарту тиімділігін бағалауды ескере отырып, жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде өңірлік комиссиялар жүргізеді.

Жұмыс рұқсаттарын беру кезінде, ерекше шарттардың орнына, жұмыс берушілерге жаңа салық алымы енгізілді. Жергілікті бюджетке төленетін алым мөлшерлемесі шетелдік жұмыс күшінің санаты мен саласына қарай 137 АЕК-ден 250 АЕК-ге дейінгі шамада белгіленеді, бұл  290 мың мен 530 мың теңге аралығы. Бұдан өзге енді рұқсаттар барынша қысқа мерзімде берілетін болады. Бұл ретте жұмыс берушілерге қойылатын кадрлар құрамындағы жергілікті қамту шарттарын сақтау талаптары өзгермейді, яғни: басшылар мен олардың орынбасарлары бойынша кемінде – 70 %, мамандар мен білікті жұмысшылар бойынша кемінде – 90 %.

Корпоративішілік ауысу (бұдан әрі – КА) мәселелері бойынша ұлттық заңнама Дүниежүзілік сауда ұйымының стандарттарымен сәйкестендірілген – КА ҚР Үкіметі айқындаған экономика салаларындағы еңбек шартында белгіленген, бірақ 3 жылдан аспайтын мерзімде жүргізіледі, рұқсатты ұзарту құқығы – 1 жыл.

КА кезінде жұмыс берушілердің таңдау жөніндегі ерекше шарттарды сақтау талаптары қалады, бұл – қазақстандықтарды кәсіптік даярлау, қайта даярлау немесе олардың біліктіліктерін арттыру не олар үшін қосымша жұмыс орындарын ашу.

Кадрларға жергілікті қамту жөніндегі талаптар менеджерлер мен мамандар үшін 50/50 қатынасында оңайлатылған сызба бойынша қолданылатын болады, бұл бірінші басшылар мен олардың орынбасарларына қолданылмайды.

КА шеңберіндегі рұқсаттар тегін беріледі. Тек басшылар, менеджерлер мен мамандар ғана ауыса алады.

Қазақстанға өз бетінше, қандай да бір жұмыс берушінің шақыртуынсыз келген шетелдік жұмыскерлерге, енді рұқсатты әкімдіктерден алу қажет емес.

«Мұндай рұқсаттарды біліктілік сәйкестігі туралы анықтамамен ауыстырдық. Аталған анықтаманы, құрамына ШЖК тартуға айқындалған экономикалық қызмет салалары мен түрлерін назарында ұстайтын құзырлы органдар өкілдері кіретін  тиісті комиссияның ұсынысы бойынша, біздің министрлік береді. Бұл ретте бұл шетелдік жұмыскерлердің біліктілігіне білім деңгейі мен жұмыс өтілі бойынша талаптар қойылатын болады, ол балдық жүйеге сәйкес бағаланады. Аталған мәселеде, көбірек ұпай тәжірибесі үшін қойылатын, канадалық бағалау жүйесі негізге алынды. Анықтама шетелдік азамат Қазақстанға келгеннен кейінгі алғашқы 3 ай ішінде еліміздің барлық аумағында жарамды болады. Осы уақыт аралығында ол тұрақты жұмыс тапса, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарлауға тиіс. Осындай жағдайда анықтама оның еңбек шартының мерзіміне, бірақ жалпы алғанда 3 жылдан аспайтын мерзімге ұзартылады», - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.

Өз кезегінде, Дирк Эппнер, ШЖК тартуға арналған ережеге енгізілген өзгерістер, білікті жұмыс күшінің келуіне және жаңа шетелдік инвесторларды тартуға әсер ететінін атап өтті.

«Шетелдік жұмыс күшін тартуда өте жақсы өзгерістерді байқап отырмыз. Оның ішінде жұмыс рұқсаттарын беру мәселесі ерекше назар аудартады. Жұмыскерлердің біліктілігі мен дағдыларының аражігін ажырата қарауларыңыз да аса маңызды. Себебі жұмыс берушілерге олардың тәжірибесі қажет. Бастапқыда басқа білім алған адам, кейін өзге бағытта табысты қызмет атқаруы мүмкін. Мысалға заңгер мықты менеджер бола алады», – деді Дирк Эппнер.

Кездесу қорытындысында, Қазақстан Республикасындағы Америка сауда палатасының өкілдеріне, ҚР ЕХӘҚМ веб-сайтындағы жетілдірілген «Шетелдік жұмыс күші» ақпараттық жүйесі таныстырылды. Оның көмегімен, өз елінде жүрген шетелдік азамат, біліктіліктің сәйкестігі туралы анықтамаға өтініш бере алады. Мәселе оң шешімін тапқан жағдайда, анықтама электрондық нұсқада беріліп, содан соң үміткер ҚР дипломатиялық өкілдігінде жұмыс визасын ашады.  

23 ақпан, 2017 - 17:50 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші