Астанада азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі бойынша заңнамалар түзетулері талқыланды | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Астанада азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі бойынша заңнамалар түзетулері талқыланды

әлеметтік төлемдер

Бүгін ҚР ЕХӘҚ-да Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша жария тыңдаулар өткізілді.

Іс-шараға ҚР Паламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, ҚР Ұлттық банкінің, «Атамекен» ҚР ҰКП, ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Қоғамдық кеңестің, ҮЕҰ, Экономикалық зерттеу институтының, Заң шығару институтының, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, Мемлекеттік аннуитеттік компанияның, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының, ҚазМЗУ өкілдері және басқалары қатысты.

Жария тыңдауларда сөз сөйлегенде, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жоғарыда аталған заң жобасында:

- 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақылардың мөлшерін 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттыру;

- 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақының көлемін 20%-ға өсіру;

- жұмыс берушінің 5%-дық міндетті зейнетақы жарналарын енгізудің қарастырылған мерзімін 2018 жылдан 2020 жылға ауыстыру көзделгенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017-2018 жылдары республикалық бюджеттен төленетін зейнетақылардың мөлшері кезең-кезеңімен арттырылады. Ынтымақты зейнетақының жыл басынан 9%-ға арттырылғанын ескере отырып, тағы 11%-ға арттырылатын болады. Базалық зейнетақының жыл басынан 7%-ға арттырылғанын ескере отырып, тағы 13%-ға арттырылатын болады. Нәтижесінде 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақының мөлшерін 2016 жылғы мөлшерімен салыстырғанда 20 пайызға дейін арттыруын қамтамасыз етеміз. Бұл арттыру барлық зейнеткерлерді немесе 2 млн.-нан астам адамды қамтиды», - деп айтты Светлана Жақыпова.

Жоғарыда аталған өзгерістерді ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшері (базалық зейнетақыны ескергенде) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 45 711 теңгеге дейін ұлғаяды. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны қоса есептегенде) 55 117 теңгеден 66 676 теңгеге дейін артады.

Бала тууына байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 7%-ға арттырылды, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап тағы 20%-ға артатын болады. Нәтижесінде 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы зейнетақының өсімі 27%-ды құрайды.

«Егер 2016 жылы бала тууына байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 66 621 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 71 270 теңгені, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 86 222 теңгені құрайтын болады. Бала тууына байланысты төленетін мемлекеттік жәрдемақы төртінші және одан кейінгі балаларға 111 035 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 118 мың теңгеге дейін жоғарылады, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 142 947 теңгені құрайтын болады», - деп түсіндірді Светлана Жақыпова.

Вице-министр жоғарыда аталған зейнетақыны және жәрдемақыны арттыру үшін республикалық бюджеттен 81,6 млрд.теңге көзделгендігін атап өтті.

Заң жобасында 8 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Заң жобасын қабылдаған жағдайда құқықтық және әлеуметтік-экономикалық теріс салдарға әкелмейді.

 

27 ақпан, 2017 - 15:25 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші