2017 жылы 200 мыңдай адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарлануда | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

2017 жылы 200 мыңдай адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарлануда

жұмыспен қамту

Бұл туралы Мемлекет басшысының 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған ҚР Үкіметіндегі бүгінгі брифинг барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.

Өз сөзінің басында, ол, Мемлекет басшысы өзінің халыққа соңғы Жолдауында үшінші жаңғырту кезеңіне көшу қажеттігін жариялағанын еске салды. Еліміздің әлемдегі дамыған 30 ел қатарына кіруін қамтамасыз етуді көздеген бұл қадам, әлеуметттік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешуде министрлік алдына бірқатар нақты міндеттер қойды.

«Егер экономиканы жаңғырту жайын айтар болсақ, алдымызда келесі басты міндет тұр, ол – еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру.Осыған байланысты ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, сұранысқа ие кәсіптерге және кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту және дағдыларды үйрету, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту көзделетін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын (әрі қарай – бағдарлама) жүзеге асыруға кірістік», - деді министр.    

Бағдарламаның алғашқы бағыты аясында 2,5 жыл оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіби-техникалық білім беру ұйымдастырылып, бұл жерде бәрінен бұрын, мектепті аяқтаған соң оқу орнына түспеген жастар назарға алынбақ. Биыл техникалық және кәсіби оқуға 21 мыңнан астам жас қазақстандық ілікпек.

«Мемлекет, оқуға кететін шығындарды толық жауып, шәкіртақы төлейтін болады. Жол мен тұру қаражаты да өтеліп, техникалық және кәсіби білім беру нысандарында оқитындарға бір реттік ыстық ас беріледі», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары аясында кәсіби оқытуға арналған қысқа мерзімді курстар өткізілмек (1-ден 6 айға дейін).

Алыс ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға сабақтардың қолжетімді болуы үшін, мобильді оқу орталықтары ұйымдастырылмақ: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында арнайы дәрісханалары бар жылжымалы кешендер түрінде; шалғай ауылдық жерлердегі аз сыйымдылықтағы мектептер ауқымында; жұмыс берушілер мүмкіндігін пайдаланған сипатта.

«Назар аударарлық жайт, егер бұрын тек жұмыс берушілердің өтінімдері арқылы оқытып келсек, енді тәжірибесі бай өз ісінің шеберлерін оқу үдерісіне тарта отырып, сұранысқа ие кәсіптерге оқытатын боламыз. Үлес салмағы келесідей түзіледі: оқу уақытының 30%-ы теория, 70% - тәжірибелік сабақтар», - деп нығарлады ҚР ЕХӘҚМ басшысы.  

Тамара Дүйсенова,Бағдарлама қатысушыларына несие, қалалық жерлерде «Даму» қоры арқылы, ауылда және шағын қалаларды Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілетінін хабарлады. Несие сомасы 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өскен (18 млн теңгеге дейін) және мерзімі 5 жылға дейін (мал маруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтеріне – 7 жылға дейін). Жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында. Осымен бірге, несие беру кезінде Аграрлық несиелік корпорациясы арқылы несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілген: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында.

Бағдарламаның үшінші бағытында жекелеген азаматтар санатын жұмысқа орналастыруда нақты қолдауды күшейту, еңбек ресурстарын жұмылдыруды көтеру және еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту мақсат тұтылуда.    

Анығырақ тоқталсақ, жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар тәрізді құралдар жастар мен әйелдер және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында сұранысқа ие.

Еңбек ресурстарын жұмылдыруды арттыру мақсатында, ҚР Үкіметі анықтаған өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарды мемлекеттік қолдау межеленуде. Жыл сайын өңірлер мен жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына мұқтаждығын ескерген райда, ішкі көші-қон квотасы белгіленуде. Мұндай көшті ынталандыру жолында, жол мен жүк тасу шығындарын өтеу мен бастапқы бейімдеу қаражаты кіретін іс жүзіндегі әлеуметтік пакетті қолдану жалғасын таппақ. Биыл 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу жоспарлануда.

«Бүгінгі таңда 18,5 мың адам бағдарламаның үшінші бағытына тартылып үлгерді. Жалпы, жыл аясында, бағдарламаның барлық бағыттарын жүзеге асыру арқылы 200 мың адамды қамтуды жоспарлап отырмыз», - деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.

Осы жылы Бағдарламаны жүзеге асыруға 85,3 млрд теңге бюджет қаржысы қарастырылған.

10 наурыз, 2017 - 18:20 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші