X
egov

You are here

Астанада жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер талқыланды

жұмыспен қамту

Бүгін, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде, ҚР «Халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өткізілді.

Шараға бейнебайланыс арқылы ҚР Парламенті, орталық мемлекеттік органдар, ҚР Заңнама институты, ҚР Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.

Қоғамдық тыңдауда баяндама жасаған ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов, аталған заң жобасы, 2016 жылдың 9 қыркүйегіндегі жұмыспен қамту саласын мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленгенін атап өтті.

«Жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына оператор ретінде 4 министрліктің (еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, ұлттық экономика, ауылшаруашылық) қатысуы қарастырылғанын ескере отырып, заң жобасында олардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағытындағы қызметі айқындалған», - деп хабарлады вице-министр.

Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталықтарының қызметін саралау мен бағалау; ғаламтор мүмкіндігін пайдаланған райда барлық жұмыс іздеген жандарға қолданыстағы мамандықтар аясында еңбекпен қамту немесе кәсіби оқудан өту жайлы ақпарат беру; ғаламтор ресурсында өңірлер шегінде кадрларға сұраныс туралы мәліметтер орналастыру қызметтерін  табыстау арқылы  ҚР ЕХӘҚМ Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (әрі қарай – ЕРДО) құзыры нақтыланған.

«Мұндағы жаңашылдықтардың бірі деп, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында көзделген халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларын жүзеге асыруға, жекеменшік агенттіктерді қатыстыру жайын айтса болады. Осыған байланысты, заң жобасында, «халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтер аутсорсингі» терминін белгілеу ұсынылады», - деді Біржан Нұрымбетов. 

Заң жобасында, жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуі шеңберіндегі іс-қимылдарды жеңілдету мақсатында, жұмысқа мұқтаждықты орталыққа тікелей барудан тыс, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (телефон, электрондық пошта және тағы басқа) арқылы да растау мүмкіндігі көрініс тапқан. Сондай-ақ, жұмыссыздар мен жұмыс берушілердің, ЕРДО ғаламтор ресурсы (электрондық еңбек нарығы) бойынша жұмыспен қамту орталықтарымен және жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерімен өзара байланыс орнатулары қамтамасыз етілмек. 

«Тағы бір жағымды жаңалық, студенттер мен жоғары сынып оқушыларына жазғы демалыстардан бөлек, оқудан бос уақытта да қоғамдық жұмыстарға атсалысу мүмкіндігі кеңейтіледі. Тиісті мүмкіндікке ҚР Еңбек кодексінде рұқсат етілген және жастарға қосымша пайда табуға жол ашады», - деп мәлімдеді вице-министр.

Жұмыс берушілерге артық ауыртпалық түсірмеу үшін, ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңынан жұмыс берушілердің жұмыспен қамту орталықтарына меңгерген мамандық пен біліктіліктерін көрсете отырып, кәсіби даярлықтан, қайта даярлықтан және өндірісішілік оқудан өткендер саны жайлы деректерді ұсыну жөніндегі бапты алып тастау ұсынылуда.

«Мысалға, бұл шараларды жұмыс берушілер өз бастамасымен және жеке қаражаты есебінен жүргізетіндіктен, оны орындамағаны үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінде қарастырылған талаптар мен жауапкершілікті алып тастауды жөн деп шештік», - деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов. 

 Заң жобасында, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» ҚР Президентінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы № 401 Жарлығына сәйкес, халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін қайта бөлу болжанған. Бұл жерде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Ұлттық экономика министрлігінен халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру қызметі, ал Ішкі істер министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты ведомствоаралық үйлестіру мен жүзеге асыру қызметі берілген. 

Заң жобасын дайындау барысында, жекелеген жұмыспен қамту мәселелері жөнінде Австралия, Швеция, Жапония және Венгрия елдерінің тәжірибесі зерделеніп, назарға алынған.

Аталмыш құжатта 5 кодекс пен 6 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Заң жобасын қабылдау құқықтық және әлеуметтік-экономикалық теріс салдарға әкелмейді әрі мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді. 

7 сәуір, 2017 - 15:29 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші