80 мыңдай қазақстандық азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдем жасалды | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

80 мыңдай қазақстандық азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдем жасалды

жұмыспен қамту

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына (әрі қарай – бағдарлама) бүгінде 80 мың адам қатысқан болса, олардың ішінде 75 мыңы (94%) жұмыссыздар, 5 мыңы (6%) өзін жұмыспен қамтыған жандар саналады. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында 48 мың адам әлеуметтік жұмыс орындары арқылы еңбекпен қамтылып, қоғамдық жұмыстар мен жастар тәжірибесіне жолданды. Тағы 31 мың адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы тәрбиеші, мұғалім, фельдшер, слесарь, бухгалтер, монтажшы, инженер, фермер, элекр монтері, тігінші, бұрғылаушы, техник-электрик, қазандық операторы, электр-газ дәнекерлеуші сынды мамандар бойынша жұмыс берушілердегі бос орындарға орналастырылды.

Жоғарыда келтірілген бағдарламада сұранысқа ие кәсіптерге және кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту және дағдыларды үйрету, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту көзделген.

Бағдарламаның алғашқы бағыты аясында 2,5 жыл оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіби-техникалық білім беру ұйымдастырылып, бұл жерде бәрінен бұрын, мектепті аяқтаған соң оқу орнына түспеген жастарға назар аударылмақ.

Биыл техникалық және кәсіби оқумен 21 мыңнан астам жас қазақстандықты қамту жоспарлануда. Бұл ретте мемлекет оқуға кететін шығындарды жауып, шәкіртақы төлейтін болады және де бір реттік ыстық тамақ беріледі.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары ауқымында жұмысшы кадрларды нарықта сұранысқа ие кәсіптер мен дағдыларға үйретуге арналған кәсіби оқытудың қысқа мерзімді курстары басталды (1-ден 6 айға дейінгі мерзімде). Бүгінгі таңда қысқа мерзімді курстарға 650 адам жіберілді: Ақтөбе облысы – 225 адам, Қостанай облысы – 310 адам, Астана қаласы – 115 адам.

5 өңірде мобильді оқу орталықтары арқылы қысқа мерзімді кәсіби оқыту түрі сыналмақ. Бүгінде олар құрылу үстінде:

-          Ақмола облысында Шағалалы ауылының агробизнес колледжі, Щучинск каласының экология және орман шаруашылығы колледжі, Көкшетау қаласының жоғары колледжі жанынан;

-          Ақтөбе облысында Қобда көпсалалы колледжі, Қандыағаш өнеркәсіп-экономикалық колледжі, Хромтау тау-кен және техникалық колледжі жанынан;

-          Шығыс Қазақстан облысында Аягөз политехникалық колледжі, Семей қаласының электр-техникалық колледжі жанынан;

-          Қостанай облысында Қостанай индустриалдық-педагогикалық колледжі жанынан;

-          Маңғыстау облысында облыстық оқу-әдістемелік дәрісханасы жанынан.

Бұл өңірдерде де алыс ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға сабақтардың қолжетімді болуы үшін жылжымалы оқу орталықтары іске қосылады. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар тарапы арнайы автокөліктер алу бойынша іс-қимылдарды атқаруда (қазіргі кезде Ақмола облысында 3 мобильді оқу орталығы сатып алынған).

Жалпы тиісті оқыту тәсіліне 26 мың қазақстандық ілікпек. Бағдарламаның алғашқы бағытын іске асыруға 11,6 млрд теңге бөлінген.

Бағдарламаның екінші бағытын іске асыруға, жыл басынан бері, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасынан қайтарылған қаражаттан 260 несие берді.

1 мамырдан Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға қарастырылған қаржыдан несие таратыла бастамақ. Бағдарлама қатысушыларына несие, қалалық жерлерде «Даму» қоры арқылы, ауылда және шағын қалаларда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі. Несие сомасы 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өсті (18 млн теңгеге дейін) және мерзімі 5 жылға дейін (мал маруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтеріне – 7 жылға дейін), жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында. Несие беру кезінде Аграрлық несие корпорациясы арқылы несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілді: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында.

Сондай-ақ, несиеге қолжетімділікті арттыру мақсатында, жеке тұлғаларға қарыз алуға қажет құжаттар саны 30-дан 14-ке дейін, заңды тұлғаларға 9 құжатқа дейін қысқарды.

Бағдарламаның екінші бағытын іске асыруға, ағымдағы жылы, 38,5 млрд теңге қарастырылған және 5,8 мың шағын несие беріп, 15 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарлануда.

Бағдарламаның үшінші бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, әлеуметтік жұмыс орындарына 12,5 мың адам орналастырылып, қоғамдық жұмыстарға 28,1 мыңнан астам қазақстандық жіберілсе, 7,6 мың жас маман жастар тәжірибесіне атсалысуда.

Ерекше назар өңірлер арасындағы еңбек ресурстары қозғалысына аударылуда. Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал, Сарыағаш аудандары және Шымкент қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының 636 жұмыс берушісі өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, ауылшаруашылық, құрылыс салаларынан 1785 жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңке қорытындысында 672 отбасы еліміздің теріскей аймақтарына қоныс аударуға шешім қабылдады. Осымен бірге еңбек ресурстарына сұранысты қанағаттандыру мен еңбек нарығының мобильділігін арттыру мәселелері бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Осы орайда, оралмандарды қосқанда қоныс аударушыларды қабылдауда 7 өңір (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) және көштің қайнар көзі ретіндегі 4 өңір (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары) белгіленген. Қоныс аударуды ұйғарған отандастарымызға көш шығындарын жабатын және бір жыл бойы баспана жалдауға қажет қаржыны өтейтін субсидия бөлінеді. 2017 жылы 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу көзделген.

Бағдарламаның бұл бағытын іске асыруға 9 млрд теңге бөлінген.

10 сәуір, 2017 - 18:41 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші