Қазақстанда үздік әлеуметтік жобалар байқауы басталды | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Қазақстанда үздік әлеуметтік жобалар байқауы басталды

үздік әлеуметтік жоба

Елімізде «Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық байқауының алғашқы (өңірлік) кезеңі бастау алды.  Барлық облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында өтінімдерді қабылдап, жеңімпаздарды іріктеумен айналысатын және құрамына әкімдердің мүмкіндігі шектеулі жандар мәселелері жөніндегі кеңесшілері, үкіметтік емес ұйымдардың (әрі қарай – ҮЕҰ), «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалдарының, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері және басқа да мүдделі тараптар енген комиссия өз жұмысына кірісті. Бүгінде 13 қатысушы тіркеліп үлгерді.

Байқауда өмірде қиын жағдайға тап болған жандардың бастарына түскен ауыртпалықты жеңілдетуге азаматтық қоғам назарын аудару, оларға күнделікті тіршілікте және шығармашылық қабілеттерін дамытуда тең жағдай жасау мақсат тұтылып отыр.

Жеңімпаз атану жолында қызметтері халықты әлеуметтік қорғау жүйесін өркендетуге бағытталған үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, мүгедектер ұйымдары, жеке тұлғалар, өзге де мекемелер мен ведомстволар бақ сынай алады.

Байқауға қатысуға өтінімдер ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін қабылданатын болады. Өңірлерде бірінші орын иеленген жобалардың түгелі, ҚР ЕХӘҚМ жанындағы байқау лауреаттарын анықтау үшін жасақталған республикалық комиссия отырыстарында қарастырылады.

Үздік әлеуметтік жобалардың таныстырылымы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі, 2017 жылдың қыркүйек айында, Астана қаласында өтеді.

«Бұл байқау Қазақстанда бесінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мұндағы басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға, қарт адамдарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, басқа да халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына көмек көрсету. Әлеуметтік жобаларды іске асырудың арқасында өмірде қиын жағдайда қалған 250 мыңнан астам адамға қолдау танытылып, жәрдем жасалды. Оның ішінде 100 мыңнан аса жан шын мәнінде көмекке зәру еді.

Атап өтерлік жайт, бұған дейінгі жылдарда тағдыр тәлкегіне ұшырап, тығырыққа тірелсе де жігері құм болмай, белгілі бір кәсіпті игеріп, жеке ісін ашқан, онымен қоймай өзге замандастарына көмектесе бастаған азаматтар да жолықты. Аталған тұлғалардың мұратына жетудегі табандылығы, айрықша қажыр-қайраты мен қоғамды көркейтуге деген зор құлшынысы баршамызға озық үлгі болатыны анық. Сондықтан оларға қол ұшын созып, шамамыз келгенше қолтықтан демеп жіберу – асыл парызымыз. Барлық отандастарымды «Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық байқауына белсене атсалысуға шақырамын», - деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.  

2016 жылы байқауда Алматы қаласынан «Онлайн сурдоаударма қызметі» жобасымен қатысқан Сергей Махашев жеңіске жетті. Бұл жобаның игі жағы сол, сөйлеу және (немесе) есту қабілеті бұзылған мүгедек жандарға ыммен сөйлесу (сурдоаудармашы) мамандарының қызметін ғаламтор желісі арқылы нақты уақыт аралығында пайдалануға септігін тигізді. Тек былтыр ғана тиісті қызметте жұмыс істейтін төрт сурдоаудармашы-диспетчер 300-ден астам адамның қажетін өтеді.  

Екінші орынды «Көкшетау қаласында және Красный Яр аулында тұратын, жүріп-тұруы қиын 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, 1-ші топ мүгедектеріне үй ішінде паллиативтік көмек көрсету орталығын құру» әлеуметтік жобасымен Көкшетау қаласынан Василий Шиманский алды. Жоба мақсаты – қоғамда белсенді әлеуметтендіру арқылы тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған адамдарды оңалтуға көмектесу. Былтыр орталық кеңесіне жүгінген 50 науқастың емінде оң нәтиже байқалған.

«Адам саудасынан жапа шеккен жандарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» әлеуметтік жобасымен үшінші орыннан көрінген Анна Рыль Астана қаласында тұрады. Жоба аясында адам саудасы құрбандарын оңалтуды және әлеуметтік жәрдемнің толыққанды көлемін қамтамасыз етуді көздейтін дағдарыс орталығы жұмыс істеуде. 2016 жылы орталыққа 60-тан астам адам орналастырылып, 200-ге жуық азаматқа ақыл-кеңес пен көмек берілген. 

Еске сала кетсек, Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» көрмесі 2013 жылдан бері қолға алынып келеді. Осы жылдары байқауға қатысқан 495 әлеуметтік жобаның 94-і өңірлік деңгейде жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың жалпы санынан 17 әлеуметтік жоба жеке қаражат есебінен жүзеге асырылса, 38-іне демеушілер жанашырлық танытуда. Сондай-ақ, 39 жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асырылуда.

13 сәуір, 2017 - 18:16 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші