X
egov

You are here

Т.Дүйсенова әр қазақстандықтың өз мәртебесін анықтауының қаншалықты маңызды екенін түсіндірді

Тамара Дүйсенова

Бүгін, Астанада, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру (әрі қарай – бағдарлама) жөнінде селекторлық кеңес өткізді. Жиын барысында, ведомство басшысы, жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған қазақстандықтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту және халықты толық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту мақсатында азаматтардың мәртебесін анықтауға қатысты жайттарды егжей-тегжейлі сараптап берді. 

Шараға Астана мен Алматы қалалары, облыс әкімдері орынбасарлары, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшылары,   жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарының, салық органдарының өкілдері, «Қазпошта» АҚ қызметкерлері, тағы да басқа тараптар қатысты.

«Баршаңызға белгілі, 1 наурыздан бері, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алдық. Мұндағы басты межеленген міндеттер: азаматтардың өздігімен жұмысқа орналаса алу көкжиегін кеңейту үшін сұранысқа ие кәсіптерге жаппай оқыту, несиелендіру арқылы жеке іс ашып, бизнестің өрісін ұзартуға жағдай жасау, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау.

Бағдарламаны жүзеге асыру сәтінен бастап, оған қатысқан 80 мыңнан астам адамның 31 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылып, 20 мыңнан астам жас маман қоғамдық жұмыстарға және жастар тәжірибесіне жіберілді. Қысқа мерзімді курстарда кадрлар даярлау бастау алып, жақын арада 5 облыста пилоттық тәртіпте мобильді оқу орталықтары қатарға қосылатын болады. 260 несие берілді. Бұл бір жарым айдағы көрсеткіш», - деді Тамара Дүйсенова.

Министр, негізгі мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру, жаңа заңды тұлғалардың құрылуы, еңбек ресурстарының өзіндік орын ауыстыруы нәтижесінде жұмыс орындарының босауы аясында (зейнетке шығу, ана болуға байланысты демалыс және өзге де) биыл 634 мыңнан астам жұмыс орны құрылатынын атап өтті. Бұл жұмыс орындары жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған тұрғындар үшін қажет қор ретінде қолданылмақ.

«Жұмысқа орналасуда мемлекеттен көмекке қол жеткізу үшін, азаматтар бірінші жұмыссыздарға немесе өзін өнімсіз жұмыспен қамтығандарға жата ма, сол жағынан мәртебесін анықтап алуы керек. Біздің министрлік жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы жеке тұлғалар дерегіне арналған мемлекеттік базада тіркелген ел халқын барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен толық салыстырып шықты. Қазіргі кезде, өңірлерде, үй-үйді аралау жолымен азаматтардың мәртебесін нақтылау жұмысы белсенді жүргізілуде. Бұл іс-қимылды тез арада тиянақтау керек! Әр азаматтың мәртебесін анықтаудың арқасында, жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған жандарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарта аламыз. Сондай-ақ, мемлекет Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударатын адамдар санын айқындауға мүмкіндік туады», - деді Тамара Дүйсенова.

ҚР ЕХӘҚМ басшысының сөзіне қарағанда, жұмыссыз жандар өздігімен жұмыспен қамту орталықтарында, ХҚКО-да, тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ әкімінде, «Қазпошта» АҚ бөлімшесінде немесе «электрондық үкімет» порталы арқылы тіркеле алады. Экономиканың бейресми саласында жұмыс істейтін азаматтарға (жеке тасымал, құрылыс бизнесі, қызметтер, сауда және т.б.) тұрғылықты жері бойынша салық органына есепке тұру қажет.

«Электрондық үкімет» порталы арқылы, соңғы екі аптада, 400 мыңнан астам адам өз мәртебесін нақтылап үлгерді. Мәртебені нақтылау әрекетін жеңілдету мен жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту мақсатында, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігімен бірлесе отырып, еліміздің 237 халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыспен қамту орталықтарының мамандықтары үшін 272 жұмыс орны ұйымдастырылды. Осылайша азаматтар жұмыссыз ретінде есепке тұрып, қажетті ақпаратты ала алады және де 199 жұмыспен қамту орталықтарынан тыс, ХҚКО арқылы да бағдарламаға қатыса алады.

1 мамырдан мұндай қызметтерді ауылдық округ әкімдерінің аппараты жоқ елдімекендерде «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы көрсету жоспарланып отыр. «Қазпошта» қызметкерлері азаматтың тұрғылықты мекенжайына келіп, мәртебесін анықтауға байланысты тілдескеннен кейін, барлық растаушы құжаттардың көшірмесін ауылдық округ әкімдігіне немесе жұмыспен қамту орталығына табыстайды», - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Селекторлық кеңесте сөз алған өңірлер мен Астана, Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары министрге мектеп жасына дейінгі балаларға тәрбиелеушілер мен кәсіби күтушілер даярлаудың қысқа мерзімді курстары; арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж тұлғаларды анықтауға қажет әлеуметтік жұмыс кеңесшілері; кәсіпкерлік негіздеріне, сұранысқа ие кәсіптерге, компьютерлік сауаттылыққа оқыту арнайы жобаларын жүзеге асыру жайын баяндады.

Сонымен қатар, қазақстандықтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек қолы тапшы аймақтарға өз еркімен көшуге ынталандыру және әлеуметтік әлсіз топтарға жататын азаматтарды, ауылдық жерде тұратын жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған жандарды есепке алуға әрі халықтың нысаналы топтарын қолдау шараларын белгілеуге мүмкіндік беретін «е-Халық» ақпараттық жүйесін енгізу мәселелері қаралды.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ай сайынғы жарналар мен аударымдарды жұмыс берушілер (өз қызметкерлері үшін) мен өзін жұмыспен қамтыған тұлғалар (өзі үшін) салатын болады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан мемлекет 18 жасқа дейінгі балаларға, күндізгі оқу бөлімінің студенттеріне, тіркеуде тұрған жұмыссыздар мен «халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобы» санатына жататын азаматтарға жарна аударады.     

19 сәуір, 2017 - 12:11 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші