X
egov

You are here

«Нұр Отан» партиясында жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қаралды

министр

Бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жүзеге асыру барысы жайлы партиялық тыңдау өтті.

Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «ҚазАгро» АҚ, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өкілдері және бейнебайланыс арқылы облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, өңірлердегі жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшылары, тағы да басқа тараптар қатысты.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асырудың бүгінгі таңдағы қарқыны жайлы айтып берді.

«Баршаңызға белгілі, 1 наурыздан бері, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын (әрі қарай – бағдарлама) жүзеге асыруды қолға алдық. Жаңа бағдарлама 3 бағыттан тұрады: азаматтардың өздігімен жұмысқа орналаса алу көкжиегін кеңейту үшін сұранысқа ие кәсіптерге жаппай оқыту, несиелендіру арқылы жеке іс ашып, бизнестің өрісін ұзартуға жағдай жасау, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылуды қолдау. Ағымдағы жылы бағдарламаны іске асыруға 85,3 млрд теңге қарастырылған. Бағдарламаны жүзеге асыра бастағалы бері, оған қатысқан 122 мыңнан астам адамның жартысы ауылдағы ағайын болып отыр. Тұрақты жұмыс орындарына 57 мың адам орналастырылды. Барлығы, биыл, негізгі мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру, жаңа заңды тұлғалардың құрылуы, еңбек ресурстарының өзіндік орын ауыстыруы нәтижесінде жұмыс орындарының босауы аясында (зейнетке шығу, ана болуға байланысты демалыс және өзге де) 634 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Бұл жұмыс орындары жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған тұрғындар үшін қажет қор ретінде қолданылады», - деп әңгімеледі Тамара Дүйсенова.

Бағдарламаның алғашқы бағыты аясында 2,5 жыл оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіби-техникалық білім беру ұйымдастырылып, бұл жерде бәрінен бұрын, мектепті аяқтаған соң оқу орнына түспеген жастар назарға алынады деп жоспарлануда. Биыл техникалық және кәсіби оқуға 21 мың жас қазақстандық ілікпек.

«Мемлекет, оқуға кететін шығындарды толық жауып, шәкіртақы төлейтін болады. Жол мен тұру қаражаты да өтеліп, техникалық және кәсіби білім беру нысандарында оқитындарға бір реттік ыстық тамақ беріледі», - деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары ауқымында жұмысшы кадрларды нарықта сұранысқа ие кәсіптер мен дағдыларға үйретуге арналған кәсіби оқытудың қысқа мерзімді курстары басталды (1-ден 6 айға дейінгі мерзімде). Бүгінгі таңда, өңірлерде 91 жобаны жүзеге асыру басталып, бұл жерде 16 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған болса, қазірде 5,5 мың жан оқуға кірісті.

5 өңірде мобильді оқу орталықтары арқылы қысқа мерзімді кәсіби оқыту түрі сыналмақ. Бүгінде олар құрылу үстінде:

-          Ақмола облысында Шағалалы ауылының агробизнес колледжі, Щучинск каласының экология және орман шаруашылығы колледжі, Көкшетау қаласының жоғары колледжі жанынан;

-          Ақтөбе облысында Қобда көпсалалы колледжі, Қандыағаш өнеркәсіп-экономикалық колледжі, Хромтау тау-кен және техникалық колледжі жанынан;

-          Шығыс Қазақстан облысында Аягөз политехникалық колледжі, Семей қаласының электр-техникалық колледжі жанынан;

-          Қостанай облысында Қостанай индустриалдық-педагогикалық колледжі жанынан;

-          Маңғыстау облысында облыстық оқу-әдістемелік дәрісханасы жанынан.

Бұл өңірлерде алыс ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға сабақтардың қолжетімді болуы үшін жылжымалы оқу орталықтары іске қосылмақ. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар тарапы арнайы автокөліктер алу бойынша іс-қимылдарды атқаруда (қазіргі кезде Ақмола облысында 3 мобильді оқу орталығы сатып алынған).

Екінші бағыт тұрғысында, үстіміздегі жылдың мамыр айынан бағдарламаны жүзеге асыруға қарастырылған қаржыдан несие таратыла бастамақ. Бағдарлама қатысушыларына несие, қалалық жерлерде «Даму» қоры арқылы, ауылда және шағын қалаларда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі. Несие сомасы 18 млн теңгеге дейін өскен және мерзімі 5 жылға дейін (мал маруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтеріне – 7 жылға дейін), жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында. Несие беру кезінде Аграрлық несие корпорациясы арқылы несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілді: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында.

Осымен бірге, жыл басынан бері, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасынан қайтарылған қаражаттан 576 несие берді.

Министр, несиеге қолжетімділікті арттыру мақсатында, жеке тұлғаларға қарыз алуға қажет құжаттар саны 30-дан 14-ке дейін, заңды тұлғаларға 9 құжатқа дейін қысқарғанын атап өтті. 1 мамырдан бағдарламаға қарастырылған қаржыдан несие беру бастау алмақ. 9 облыста кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға арналған «Бастау-Бизнес» жобасы іске қосылып, бүгінгі кезде жоба аясында 2 мыңнан астам адам қамтылған.

 «Бағдарламаның үшінші бағытында жекелеген азаматтар санатын еңбекпен қамтуда атаулы әлеуметтік қолдау күшейтіліп, еңбек ресурстарының ұтқырлығы көтеріледі және еңбек нарығының инфрақұрылымы дамиды. Мәселен, әлеуметтік жұмыс орындарына 14,5 мың адам орналастырылып, қоғамдық жұмыстарға 35 мыңнан астам қазақстандық жіберілсе, 9 мың жас маман жастар тәжірибесіне атсалысуда», - деді Тамара Дүйсенова.

ҚР Үкіметі ерікті көші-қонды ынталандыруда, оралмандарды қосқанда қоныс аударушыларды қабылдайтын 7 өңірді (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) және көштің қайнар көзі ретіндегі 4 өңірді (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары) белгілегені мәлім. Жоғарыда келтірілген өңірлерге қоныс аударуды ұйғарған отандастарымызға көш шығындарын жабатын және бір жыл бойы баспана жалдауға қажет қаржыны өтейтін субсидия бөлінеді. 2017 жылы 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу көзделген.

Тамара Дүйсенова аймақтар арасындағы еңбек ресурстарының қозғалысына ерекше назар аударды.

«3-5 сәуір аралығы Оңтүстік Қазақстан облысының екі ауданы мен Шымкент қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, онда Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының 636 жұмыс берушісі өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, ауылшаруашылық, құрылыс салаларынан 1785 жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңке қорытындысында 672 отбасы еліміздің теріскей аймақтарына қоныс аударуға шешім қабылдады. Осымен бірге еңбек ресурстарына сұранысты қанағаттандыру мен еңбек нарығының мобильділігін арттыру мәселелері бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды», - деп хабарлады министр.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту үшін  237 халыққа қызмет көрсету орталығында, жұмыспен қамту орталықтарының мамандарына 272 жұмыс орны ұйымдастырылғанын жеткізді. Осылайша азаматтар 199 жұмыспен қамту орталығынан тыс, халыққа қызмет көрсету орталықтарында да жұмыссыз ретінде тіркеліп, барлық қажетті ақпаратты ала алады және бағдарламаға қатысу мүмкіндігін иеленеді.

Еңбек нарығын жаңғырту аясында, ағымдағы жылдың қыркүйек айында, Қазақстанда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер жайлы барлық деректер жиналатын Біртұтас  электрондық еңбек биржасы құрылмақ. Бұл дегеніңіз, жұмыспен қамту орталықтары, ізденушілер, кәсіпорындар, түрлі меншік сипатындағы ұйымдар, персонал таңдаумен айналысатын рекрутинг компаниялары сынды еңбек нарығындағы барлық мүдделі тараптардан жиналатын тегін әрі біртұтас ақпараттар базасы жасалады.

Сөз соңында, Тамара Дүйсенова, жаңа бағдарлама қазақстандықтарды жұмыспен қамту шараларын күшейтуді қамтамасыз ететінін, бұл өз кезегінде халық кірісінің тұрақты түрде өсуіне, өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтар санын азайтуға жол ашатынын атап өтті.

27 сәуір, 2017 - 13:17 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші