Жеңіс күні аясында Қазақстанда 400-ге жуық шара өтеді | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Жеңіс күні аясында Қазақстанда 400-ге жуық шара өтеді

брифинг

Ұлы Отан соғысындағы (әрі қарай – ҰОС) Жеңістің 72 жылдығын мерекелеу қарсаңында, жергілікті атқарушы органдар тарапы ардагерлерге қолдау көрсету мен ардақтау тұрғысында шаралар жоспарын әзірлеп, оның аясында ел бойынша 400-дей іс-шара өткізу көзделген. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова, Орталық коммуникациялар қызметіндегі ҰОС ардагерлерін әлеуметтік қолдау, аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту және ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта қарастыру мәселелеріне арналған брифинг барысында хабарлады.

Вице-министр өз сөзінің басында, қазіргі кезде елімізде, 2 776 - Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер, 157 679  - ҰОС жылдарында тылда жұмыс істегендер; 194 - қоршауда болған Ленинград қаласында жұмыс істегендер; 487  – кәмелетке толмаған кездерінде концлагерьлерде, гетто және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарында болғандар; 7 806 - қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдері; 80 – ҰОС кезіндегі әскери қызметкерлер, партизандар, астыртын жұмыс істегендер, қайтыс болғандардың (із-түссіз жоғалып кеткендер) қайта үйленбеген жұбайлары; өзге де Жеңіске үлес қосқан санаттардан 778 азамат өмір сүріп жатқанын еске салды.

«Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығын мерекелеу қарсаңында, Қазақстан аймақтарында еске алу акциялары, ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша «Мәңгілік алау», әскерге шақырылған жастар мен әскери қызметкерлердің, еріктілер қозғалыстары өкілдерінің ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетуі тұрғысында «25 игі іс», «Мейірім эстафетасы», «Ардағым ардагерім», ҰОС басталғанына 76 жыл болғанына байланысты «Тағзым шырағы», ардагерлердің қатысуымен ағаш отырғызуды қамтитын «Бейбітшілік ағашы», «Жаужүрек полк» шаралары, «Есте сақтаймыз! Мақтан тұтамыз» фотокөрмесі, спорттың қолданбалы түрлерінен қойылымдар, ҰОС қаһармандарын насихаттау кештері, мұражайларға тақырыптық саяхаттар және басқа да қоғамдық маңызды шаралар өткізілуде», - деп жеткізді Светлана Жақыпова. 

Сонымен қатар, вице-министр, аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау мен өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы іс-қимылдарға тоқталды.

«Әлеуметтік әлсіз халық топтарына қамқорлық – мемлекет қолға алған әлеуметтік саясаттағы басты басымдықтар қатарында қала береді. Бұл мақсатта, ҚР ЕХӘҚМ, аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту және ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта қарастыру мәселелері жөнінде тиісті жұмыс жүргізіп келеді», - деп атап өтті Светлана Жақыпова.

 2015 жылдың 29 қазанында Мемлекет басшысы қол қойған ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»» Заңында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысу талабымен, әрбір мүшесіне санағанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бүгінде – 40%) 50 пайызынан төмен отбасыға, атаулы әлеуметтік көмекті (әрі қарай - АӘК) көрсетудің жаңа тәртібін енгізу қарастырылған. Олар қазіргі іс жүзіндегі келесі қағидалардың орнына ұсынылмақ:

- көпбалалы отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы (әрі қарай - АМЖ);

- аз қамтылған отбасыларға арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы;

- аз қамтылған үй шаруашылығына берілетін атаулы әлеуметтік көмек.

«Жаңа сипаттағы АӘК жаңа үлгіде шартсыз және шартты ақшалай көмек болып 2 түрге бөлінеді.

Шартсыз ақшалай көмек, құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі.

Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара жауапкершілікті мойындарына алады: әлеуметтік қызметтер жұмыспен қамту шараларын қарастырып, жәрдемақы төлесе, отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына жауапкершілікпен қатысады.

Адамға тек ақшалай көмек ұсынылмайды, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі. Осылайша, отбасының кедейлік жағдайынан шығу мүмкіндігі ынталандырылады.

Бұл ретте балаларды әлеуметтік қолдау күшін жоймайды, яғни АӘК, отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына қатысу-қатыспау жағдайына қарамастан төлене беретін болады», - деп нығарлады Светлана Жақыпова.

Әлеуметтік келісімшарт жасаған тұлғаларға шартты ақшалай көмек көрсетуді қарастыратын «Өрлеу» жобасы, 2014 жылдан бері Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында бастау алып, әлеуметтік жәрдемнің жаңа тәсілдері сыналды. 2015 жылғы 1 шілдеден бастап ұқсас өңірлік пилоттық жобалар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша 38 аудан мен қалада жүргізіле бастады. Мәселен, 2015 жылы «Өрлеу» жобасына 20,2 мың адам, 2016 жылы 38,8 мың адам қатысты.

2017 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша «Өрлеу» жобасына 48,3 мың адам қатысып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 9 мың адам немесе жобаның еңбекке қабілетті қатысушыларының жалпы санынан 87%-ы қамтылды.

Жобаны іске асыру нәтижесінде оған қатысушылардың жан басына шаққандағы орташа кірісі 2 еседен астамға өсті.  

Жобаны әрі қарай, яғни 2017 жылы жүзеге асыру ауқымында, республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге қарастырылған. Биыл «Өрлеу» пилоттық жобасына елдің барлық ауданы мен қаласынан 150 мыңға жуық аз қамтылған азаматты тарту жоспарлануда.

Брифинг қорытындысында, вице-министр, Елбасының тапсырмасы аясында, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қазақстандықтардың тұтыну шығындарының нақты деңгейін көрсететіндей, ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесі қайта қарастырылатынын айтты. Мұндай өзгеріс  шамамен 3 млн адамға базалық зейнетақы, мүгедектер, асыраушысынан айырылған отбасылар үшін жәрдемақы мөлшерін өсіруді қамтамасыз етпек. Бұл мақсатқа бюджеттен қосымша 63 миллиард теңге көзделген.

 

5 мамыр, 2017 - 17:11 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші