Балалар құқығын қорғау - ұлттық саясат басымдықтарының бірі | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Балалар құқығын қорғау - ұлттық саясат басымдықтарының бірі

Балалар күні

Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының негізгі бағыттарының бірі балалы отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып отыр.

Бүгінгі таңда елімізде балалары бар отбасыларды қолдаудың ұлттық жүйесі құрылған. Онда бірқатар мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер жайы қарастырылған.

Анығырақ тоқталсақ, бала тууды ынталандыру мен отбасыдағы бала тәрбиесіне қолдау білдіру мақсатында, 2003 жылдан бері бала туғанға жәрдемақы мен 2006 жылдан бала бір жасқа толғанша оның күтіміне жәрдемақы тағайындалды. Бұлардың мөлшері отбасыдағы бала санына байланысты есептелуде. Соңғы 10 жылда (2007-2017 жылдары) бала туғанға қатысты жәрдемақы 7,3 есеге (16 380 теңгеден 118 783 теңгеге дейін), бала күтімі бойынша 4,1 есеге (4 914 теңгеден 20 195 теңгеге дейін) өсті. Сонымен қатар, 2008 жылдан бастап, жүктілік пен босану, бала бір жасқа толғанша оны бағу кезінде табыстан айырылған тұста әлеуметтік тәуекел жағдайы туындағанда жасалатын төлем енгізілді. Аталған төлемдер жұмыс істеп жатқан азаматтар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан жүргізіліп, көлемі орташа еңбекақының 40%-ын құрауда.

2014 жылдан бала бір жасқа толғанша еңбек демалысында болатын әйелдер үшін міндетті зейнетақы жарнасын субсидиялау тәсілі қолданыла бастады. Бұл өз кезегінде бала туу қарқынының көтерілуіне ықпал етті. 2006-2016 жылдар аралығы жыл сайынғы сәбилердің жарық дүние есігін ашуы 1,4 есеге (301 756-ден 409 948 балаға дейін) ұлғайды.

Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға да қолдау танытылуда. Мәселен, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұған дейін «Батыр ана» атағын алған, одан басқа I және II дәрежедегі «Ана даңқы» орденімен марапатталған, 4 және одан да көп кәмелет жасқа толмаған балалары бар көпбалалы аналар мен отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленуде. 10 жылда тиісті жәрдемақы 3,2 есеге жоғарылады (2007 жылы 4 259 теңгеден 2017 жылы 14 522 теңгеге дейін). Көпбалалы балаларға берілетін жәрдемақы 2,4 есеге өсті (2007 жылы 4 017 теңгеден 2017 жылы 9 440 теңгеге дейін).

Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған балаларға айрықша назар аударылуда. Мүгедек балаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік және арнаулы мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, 2010 жылдан мүгедек бала бағатын ата-аналар мен қамқоршы, асырап алу жақтарға бала кәмелет жасқа жеткенше 1,05 төменгі еңбекақы мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленуде (2017 жылы 25 682 теңге). Бұдан тыс, жергілікті құзырлы органдардың шешімі арқылы ата-аналар мен мүгедек балалардың өзге де заңды өкілдеріне үй ішінде оқыту шығындарын жабуға арналған жәрдемақы төленеді (2007 жылы ел бойынша орташа мөлшері 2 202 теңге, 2017 жылы 5 387 теңге, өсім - 2,4 есе).    

Аз  қамтылған отбасыларды қолдау аясында, әр балаға кірісі азық-түлік себеті құнынан төмен отбасыларға (күнкөріс деңгейінен 60%) 18 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 2007-2017 жылдар аралығы жәрдемақыны алушылар саны 1,3 есеге азайды (721 292 баладан 576 118 балаға). Сонымен қатар, мемлекет тарапынан, жан басына шаққанда орташа кірісі кедейлік шегінен (күнкөріс деңгейінің 40%-ынан) төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қамтамасыз етілуде. 2007-2017 жылдар мерзімінде атаулы әлеуметтік көмекті алушылар қатары 17,5 есеге азайғаны (505 060 адамнан 28 783 адамға дейін), аз қамтылған отбасылардың кедейлік шегінен шығуы тұрғысында жағымды әсерін байқатуда.  

Еске сала кетсек, Елбасының “Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бірыңғай жәрдемақы түрі - жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек қолданысқа енгізіледі. Бұл жәрдемақыға қазіргі көпбалалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы, аз қамтылған отбасыларға арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы және атаулы әлеуметтік көмек сынды төлемдер біріктіріледі.

Жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек әлеуметтік шартқа сай жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысу талабымен, әрбір мүшесіне санағанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайыздан төмен отбасыға шартты және шартсыз қаржылай көмек ретінде беріледі. Осы орайда, отбасының еңбекке жарамды мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәремдесу шараларына қатысу-қатыспауына қарамастан, балаларды әлеуметтік қолдау іс-қимылдары жалғасын табатын болады.

Мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау мен медициналық-педагогикалық түзеу шараларына да көп көңіл бөлінуде.

Мүгедек балаларға жеке оңалту бағдарламаларына сай шипажайларда емдеу, арнайы қозғалу құралдары, техникалық көмекші құрылғылар және міндетті тазалық заттары, инватакси қызметі ұсынылып келеді. Министрлік жыл сайын техникалық (компенсаторлық) құралдар тізбесін кеңейтіп, өзектілігін арттыруға күш салуда.

2009 жылы енгізілген, отбасыдағы мұқтаж адамды қолдап, қоғамға бейімделуіне жағдай жасауға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер үлгісі де өз тиімділігін дәлелдеді. Қазіргі кезде жартылай стационар мен үйде қызмет көрсету, іс жүзіндегі стационарлық ұйымдардың баламасы болуда және баланың отбасыдағы орнын сақтап қалуға септігін тигізуде. 

Қазақстанда мүгедек балаларға арналғандарын қосқанда, 53 күндізгі сауықтыру ұйымы жұмыс істеп, оларда 1,2 мың балаға қызмет көрсетіледі. Аталған орындарда балалар психологтар мен дефектологтардың, логопедтердің, емдік дене тәрбиесі нұсқаушысының, массаж жасаушылар мен басқа да мамандардың білікті көмегін алуда. 2016 жылдың қорытындысында, тиісті бөлімшелердің жұмысының арқасында, интернат-үйлерден 626 бала отбасына оралса, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 693 ана жұмысқа орналасты.

Осы тұста жадыда жаңғыртсақ, 2016 жылдың 15 желтоқсаны, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық кезеңіне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы жариялағандай, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бала туғанға байланысты біржолғы жәрдемақы 7%-ға көтеріліп, 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы 20%-ға өспек. Сонда, биыл, жалпы алғанда өсім 27%-ды межелемек.

Сондай-ақ, Жолдаудағы Президент тапсырмасы бойынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі күнкөріс деңгейі қайта қарастырылатын болады. Бұл арқылы базалық зейнетақы, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған отбасыларға арналған жәрдемақы, атаулы көмек пен мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге берілетін жәрдемақы көлемі көтерілмек. Болжам бойынша, 2018 жылы төменгі күнкөріс деңгейі 2017 жылға қарағанда 16%-ға жоғарылайды.

1 маусым, 2017 - 17:22 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші