Шетелдегі қазақ диаспорасы: этникалық көші-қонның әлеуметтік сипаты | Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
X
egov

You are here

Шетелдегі қазақ диаспорасы: этникалық көші-қонның әлеуметтік сипаты

дөңгелек үстел

 

Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтің төрағалық етуімен, бесінші Дүниежүзі қазақтары құрылтайы аясында «Шетелдегі қазақ диаспорасы: этникалық көші-қонның әлеуметтік сипаты және бейімделудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Шараға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат өкілдерінің өкілдері және де Құрылтай делегаттары қатысты.

Дөңгелек үстел барысында, көші-қон үдерісін реттеуде ҚР “Көші-қон және халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңында қарастырылған жаңа қадамдар жайы талқыға салынды. 

Этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуын ынталандыру мақсатында, заң жобасында қоныс аудару өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру, Үкімет белгілеген аймақтарға орналасқан кезде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудегі белсенді шаралар аясында әлеуметтік қолдау иелену мүмкіндігі,  ықтиярхат алған жағдайда бір жыл ішінде оралманның Қазақстан Республикасы азаматтығын алуы көзделуде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі ҚР Үкіметі ерікті көші-қонды ынталандыруда, оралмандарды қосқанда қоныс аударушыларды қабылдайтын 7 өңірді (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) және көштің қайнар көзі ретіндегі 4 өңірді (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары) белгілегенін еске салды. Жоғарыда келтірілген өңірлерге қоныс аударуды ұйғарған қандастарымызға көш шығындарын жабатын және бір жыл бойы баспана жалдауға қажет қаржыны өтейтін субсидия бөлінеді.

«Үкімет анықтаған өңірлерге көшіп барғандарға барынша жағдай жасау жағын қарастырып отырмыз. Біріншіден, 35 айлық есептік көрсеткіш деңгейіндегі отбасының әр адамына берілетін төлемақы сақталады. Екіншіден, көшіп барған отбасыға бір жылға дейін ай сайын тұрғын үй жалдауға 34-68 мың теңге көлемінде ақша төлейміз. Егер солтүстіктің ауылды жерлеріне көшіп барса, жылдық жалға төлейтін ақшаға үй сатып алуға да болады екен. Үй алатын болса, жылдық жалдау ақысын бірден аударуға да келісіп отырмыз. Тұрғын үй жинақ банкі де өз жеңілдіктерін ұсынуға дайындығын аңғартуда», - деп байыптады Біржан Нұрымбетов.

Вице-министр баяндамасы қазақ көші-қонының өзекті мәселелері бойынша шара қатысушыларының қызу пікір алмасуына ұласты.

24 маусым, 2017 - 12:41 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші