You are here

Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасын және Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы

Жоба

 

Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасын және Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы

 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы № 401 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. Қоса беріліп отырған:
  1. Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы;
  2. Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілсін.
  1. Жоспардың орындалуына жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ мүдделі ұйымдар:
  1. Жоспарды іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдасын;
  2. жылына бір рет, есептi кезеңнен кейiнгi айыдың 15-күнiнен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Жоспар іс-шараларының орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
  1. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі есептi кезеңнен кейiнгi жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне Жоспар                                 іс-шараларының орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін.
  2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының                                Б. Сағынтаев

          Премьер-Министрі

 

 

Қазақстан Республикасы

Үкіметінің
2017 жылғы «  »

№     қаулысымен

бекітілген

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫНЫҢ         2017-2021 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

 

 

МАЗМҰНЫ

 

  1. Кіріспе
  2. Ағымдағы жағдайды талдау
  3. Көші-қон процестерін реттеудің әлемдік тәжірибесі
  4. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты, міндеттері және іске асырылу кезеңі
  5. Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының негізгі қағидаттары мен тәсілдері
  6. Күтілетін нәтижелер
  7. Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

 

 

1. КІРІСПЕ

 

         Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері қоғамның бірігуі мен ұтқырлығын арттыру мақсаттарына бағытталған өз көші-қон саясатын жүргізе бастады.

Аталған кезеңде Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы                28 тамыздағы № 399 Жарлығымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 5 қыркүйектегі № 1346 қаулысымен бекітілген  Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының тұжырымдамаларын қоса алғанда, көші-қон саласында бірқатар стратегиялық және бағдарламалық құжаттар іске асырылды.

Олардың негізгі мақсаты еліміздің тұрақты демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ мемлекеттік қауіпсіздігін нығайту үшін жағдай жасау болды.

Осы тұжырымдама еліміз әлеуметтік-экономикалық дамуының ажырамас бөлігі ретінде жүргізіліп жатқан көші-қон саясатының қисынды жалғасы болып табылады және Қазақстан Республикасында көші-қон процестерін басқарудың қолданыстағы тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына және Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы міндеттемелеріне,  «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына, сондай-ақ 2015 жылғы қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарауымен қабылданған  2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму мақсаттарына сәйкес әзірленді.

Тұжырымдама Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ еліміздің                           әлеуметтік-экономикалық дамуы, көші-қон процестері дамуының жалпымемлекеттік мүдделерінің және әлемдік үрдістерінің сақталуы контекстінде оларды іске асыру тетігін  айқындайды.

 

2. АҒЫМДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

 

         Көші-қон процестері көптеген, оның ішінде экономикалық және әлеуметтік, сондай-ақ табиғи-климаттық, демографиялық және мәдени-тарихи факторлардың әсерінен қалыптасады. Жалпы көші-қон ағындары өзіне халықтың сыртқы (еларалық) көші-қонын, сондай ішкі (өңірі ішіндегі, сондай-ақ өңіраралық) көші-қонын қамтиды.

            Еліміздің экономикалық дамуы мен географиялық тиімді орналасуы жағынан тартымдылығын ескере отырып, Қазақстан транзиттік көші-қон торабы болып табылады. Бұл, бір жағынан, көшіп-қонушылардың Қазақстан арқылы едәуір транзиттік ағындарын шарттайды.

         Мәселен, соңғы 5 жылда елімізге шамамен 6,1 млн. шетелдік азамат келген. Олардың көбісі (5,3 млн. адам) жеке шаруасымен және шамамен 300 мыңға жуық адам қызмет бабымен келген. Аталған көшіп-қонушылар республикада уақытша болған.

         Басқа жағынан, бұл тұрақты тұрғындар құрамының елеулі құбылмалылығымен де түсіндіріледі.

         Мәселен, 1991 және 2004 жылдар аралығында көші-қон сальдосы теріс болды (жылыстау орта есеппен жыл сайын 164,3 мың адам). 2004 жылдан бастап 2012 жылға дейін көші-қон сальдосы тұрақты оң болды (өсім 12,3 мың адам жыл сайын). Соңғы бесжылдықта сальдо (9,8) мың адам орташа белгісінде тұрақтап, қайтадан теріс аймаққа өтті.

         Қазіргі уақытта еліміздің көші-қон саясаты мынадай сипатталады:

         Бірінші. Сыртқы көші-қон процесін реттеу саласында.

         Қазақстанда бүгінде шетелдік жұмыс күшін тартудың кешенді жүйесі жұмыс істейді. Білікті шетелдік жұмыс күшін және еңбекші иммигранттарды квоталау жүйесі, жұмыс рұқсаттарын берудің көп сатылы жүйесі бар. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қатысушы мемлекеттердің аумақтарында еңбек ресурстарының еркін қозғалысы режимі жұмыс істейді.

         Аталған шаралар еліміздің инфрақұрылымдық және өңдірістік жобаларын дамыту үшін қажетті білікті шетелдік жұмыс күшінің жеткілікті санын тартуға мүмкіндік берді.

Соңғы 5 жылда  жыл сайын жұмыс рұқсатымен білікті шетелдіктер санының 2013 жылы 24 мыңнан 2017 жылдың басына 36,8 мың адамға артқаны байқалуда.

Жұмыс күшінің біліктіге жатпайтын бөлігінің орнын толтыру үшін қазіргі уақытта елге еңбекші иммигранттар жеке тұлғалардың шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін тартылуда. Мұндай шетелдік жұмыскерлер ішкі істер органдары беретін рұқсаттар бойынша тартылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында мұндай еңбекші иммигрантардың саны шамамен 322,7 мың адам.

         Қазақстанда тұрақты негізде елімізге білікті шетелдік мамандарды тарту жағдайларын одан әрі жақсарту бағытындағы жүйелі шаралар әзірленеді. Мәселен, 2015 жылғы мамырда бекітілген «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» президенттік бағдарламасына сәйкес 56-қадамда шетелден білікті мамандарды тарту үшін АҚШ, Канада, Аустралияның үлгісі бойынша қолайлы көші-қон режимін құру көзделеді. 

         Аталған қадамды іске асыру үшін 2015-2016 жылдары жұмыс беруші үшін жұмыс рұқсаттарын беру рәсімдерін жеңілдету бойынша бірқатар шаралар қабылданды, шетелдік жұмыскерлерді корпоративішілік ротациялау жүйесі ДСҰ әлемдік стандарттарына дейін жеткізілді, сондай-ақ келетін шетелдік мамандардың білімі мен біліктілік деңгейін балмен бағалауға негізделген өз бетінше келген еңбекші көшіп-қонушыларды тартудың қағидаттық жаңа жүйесі әзірленді. 2017 жылдан бастап Қазақстанға жұмыс іздеу үшін өз бетінше келетін шетелдіктерге аталған жоғары білімі мен біліктілік деңгейін растайтын анықтамалар беріледі, қоса іздеушілер олар бойынша республика аумағында кедергісіз жұмыс істей алады. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда.

            Дегенмен, шетелдік жұмыс күшін тарту саласын жетілдіруге елеулі әлеуеті бар сауалдар қатары сақталуда, оның ішінде:

         1. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту жүйесі оқшауланған болып табылады және көші-қон саясатының өзге де бағыттарымен байланысты бола бермейді.

         Қазіргі уақытта ішкі көші-қон да (жұмыс қолы көп өңірлерден еңбек ресурстарына қажеттілік жоғары өңірлерге қоныстану бағыты бойынша бөлігінде), еңбек көші-қоны да заң жүзінде өңірлік еңбек нарықтарын дамытуға, оларды жеткілікті дәрежеде жұмыс күшімен (жергілікті және шетелдік) қамтамасыз етуге бағытталған.  Алайда, іс жүзінде көші-қон саясатының әрбір бағыты жеке, бір-біріне өзара тәуелді болмай жұмыс істейді. Бұл ретте шетелдік жұмыс күші еңбек нарығын ішкі көші-қон арқылы қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда сұраныс бойынша пайдаланылатын қосымша элемент ретінде қарастырылмайды. Бұл елде ішкі еңбек резерві және еңбек әлеуеті болған кезде шетелдік жұмыс күшінің тым көп болуына  қауіп тудыруы мүмкін.

         2. Еліміздің жоспарлы әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін білікті ШЖК-ге өңірлік нақты қажеттілікті айқындаудың пәрменді құралдары жоқ.

         Қазіргі уақытта ШЖК-ге өңірлік шынайы сұранысты айқындау тетігі квота белгілеу рәсімімен шектелген, ол әрдайым объективті бола бермейді. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар квотаны белгілей отырып өңірдің бағдарламалық құжаттарда белгіленген негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне үнемі бағыт алмайды. 

         Бұдан басқа, шетелдік жұмыс күшінің ел дамуының нақты бағдарламалық көрсеткіштеріне немесе іске асуы үшін шетелдік жұмыс күшін тарту жүйесі үнемі түзетіліп отыратын жекелеген стратегиялық міндеттерге ықпалы әрдайым айқын бола бермейді.

3. Еңбекші көшіп-қонушыларды есепке алудың жетілдірілмегені, сондай-ақ елде шетелдік жұмыс күшін экономикалық талдау және болжамдау мүмкіндігінің жоқтығы.

Қазіргі уақытта шетелдік жұмыс күшінің, оның ішінде ЕЭО-дан келетін шетелдік жұмыс күшінің (біліктілігі және біліктілігі жоқ) барлық ағындарын статистикалық есепке алу әдіснамасы жоқ. Бұдан басқа, еліміздің негізгі рейтингтік және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне ШЖК барлық ағындарының әсерін талдау жүйесі жоқ.

4. «Дарындылар» деп аталатындарды елге тарту және ұстап қалу тетігінің болмауы.

Осы проблема шеңберінде елге білікті кадрларды тарту және елде дарынды мамандарды, ғалымдарды, новаторларды ұстап қалу бойынша мақсатқа бағытталған үйлестірілген жұмыс жолға қойылмағанын атап өту қажет.

5. Еңбекші көші-қонушылар тапқан ақшалай қаражаттың елден тыс жерлерге шығарылуы.

Жеке тұлғалар – Қазақстан Республикасының резиденті емес адамдар соңғы үш жылда 341,2 млрд. теңге сомасына ақшалай қаражатты халықаралық аударымдар жүйесі арқылы аударған. Бұл ретте төлемдер мен ақша аударымдарының негізгі көлемі Өзбекстан – 19,2%, Ресей Федерациясы – 26,6%, Түркия – 6,9%, Қытай – 7,6%, Қырғыстан – 3,4% резидентерінің пайдасына бағытталған. Нәтижесінде ақша аударымдары инвестициялар мен тұтынуға тікелей әсер ету арқылы донор елдердің экономикалық өсуінде маңызды рөл атқарады және реципиент ел – Қазақстан Республикасының төлем балансына ықпал етеді.

Қолайлы инвестициялық климат жасау және елдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында шетелдік азаматтар үшін мемлекеттің визалық режимін одан әрі ырықтандыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда.

Экономикалық дамыған 48 елдің азаматтары үшін бір реттік іскери, жеке, сондай-ақ бір және екі реттік туристік виза беру рәсімдері жеңілдетілді.

Бүгінде 19 елдің азаматтары Қазақстанға виза ресімдемей келе алады.

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 45 мемлекеттің азаматтары, оның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Европалық одаққа мүше мемлекеттер, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Сингапур және Монако Княздігі еліміздің аумағына кірген күннен бастап 30 күнге дейін Қазақстанға визасыз кіру құқығын алды.

Екінші. Тарихи еліне этникалық қазақтардың қайтуы саласында.

Мемлекетіміз тәуелсіздіктің барлық жылдары этникалық қазақтардың ерікті түрде елге оралуын ынталандыру саясатын жүргізеді. Аталған кезеңде келген этникалық қазақтардың саны 1 млн-нан асады. Тәуелсіздік жылдары келген оралмандардың демографияға қосқан үлесінің арқасында  көші-қонның теріс сальдосының деңгейін 28 %-ға дейін төмендету мүмкін болды.

Өзбекстан (61,6%), Қытай (12,1%), Моңғолия (11,7%), Түркменстан (7,1%) этникалық қазақтар кеткен негізгі елдер болып табылады. Этникалық қазақтардың шыққан елдерін ескере отырып, олардың көпшілігі Оңтүстік Қазақстан (21,6%), Алматы – (16,8%), Маңғыстау – (13%), Жамбыл – (9,3%) облыстарында қоныстанды.

Білім деңгейі бойынша көптеген этникалық қазақтардың жалпы орта білімі (61,1%) және арнайы орта білімі (20,5%) бар.

Этникалық қазақтардың қоныстануының неғұрлым жоғары белсенділігі 2004 жылдан 2008 жылға дейінгі кезеңге келеді, оның шеңберінде 43,7% этникалық қазақ (439 430 адам) келген. Бұл осы кезеңде әлеуметтік қолдаудың неғұрлым қолайлы шаралары көрсетілгенімен байланысты (мемлекет есебінен тұрғын үй, көшуге субсидия беру).

Сонымен қатар, этникалық репатрианттарды мемлекеттік қолдау шараларын талдау оларды көрсетуде жүйеліліктің жоқтығын және пайдаланылатын құқықтық тетіктердің жеткілікті түрде келісілмегенін көрсетеді.

Қазіргі уақытта этникалық көші-қонның ағымдағы жағдайы мыналармен:

1) ел өңірлерінің еңбек ресурстарына қажеттілігін есепке алмай оларда этникалық қазақтарды қоныстандырумен;

2)  этникалық қазақтардың дүниетанымдарындағы ерекшеліктерді және тілдік кедергілерін ескере отырып, олардың қазақстандық қоғамға әлеуметтік-мәдени ықпалдасуының төмен болуымен;

3) этникалық қазақтардың біліктілігінің төмен болуымен және оларды жұмысқа орналастыру мен бейімдеудің тиімсіз шараларымен;

4) шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысының жеткіліксіздігімен сипатталады.

Үшінші. Ішкі көші-қон процесін реттеу саласында.

Стратегиялық және бағдарламалық бастамалар шеңберінде ел азаматтарын қоныс аударуға ынталандыруға және оны реттеуге бағытталған шаралар қолданылды, алайда мұндай қоныс аудару үнемі тар шеңбрлі сипатта болды.

Мәселен, «Дипломмен ауылға!» жобасының шеңберінде 2009 жылдан бері ауылдық елді мекендерге  жұмыс істеу және тұру үшін келген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіп кешені мамандарына әлеуметтік қолдау шаралары көзделді.

Мұндай мамандар үшін мынадай әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылды:

- 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу;

-  тұрғын үй  алуға және салуға 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен мерзімі 15 жылға 1, 500 АЕК мөлшерінде бюджеттік кредит беру;

-  әлеуметтік саланың ауылдық елді мекендердегі мамандарының лауазымдық айлықақысын (тарифтік мөлшерлемесін) кемінде 25%-ға арттыру.

Сондай-ақ «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты әлеуметтік жоба шеңберінде «Серпін – 2050» білім беру бағдарламасы іске асырылды.                   2014-2016 жылдары республикамыздың 8 облысында 22 жоғарғы оқу орнында және 54 колледжде 11 мың студент  еліміздің 5 өңірінен келіп білім алды.

2015 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулермен алғаш рет азаматтардың қоныс аударуын реттеудің толыққанды жүйесі бекітілді. Халықтың еңбек күші аз өңірлерден еңбек нарығының даму әлеуеті жоғары өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуын экономикалық ынталандыру арқылы халықтың қоныстануындағы диспропорцияны түзету саясатына бастама жасалды.

Үкімет қоныстандырудың нақты өңірлерін (Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар,  және Солтүстік Қазақстан облыстары), сондай-ақ қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын айқындайды, ол жоғарыда көрсетілген өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етітін қоныс аударушылар отбасыларының шекті саны болып табылады.

Ішкі көшіп-қонушыларды есепке алу бөлігінде, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша тіркеу рәсімін жеңілдету және жетілдіру мақсатында 2014 жылы осы процестер автоматтандырылды, бұл бір мезгілде жаңа мекенжай бойынша тіркеумен қатар бұрынғы тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығаруға мүмкіндік берді. 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап ішкі көшіп-қонушылардың тіркелу бойынша міндеттерді орындауын бақылау айтарлықтай күшейді. Қазіргі уақытта тіркеу рәсімін жеңілдету бойынша одан арғы жүйелі шаралар қабылдануда, бұл әкімшілік кедергілерді төмендетуге және көші-қон процестерінің айқындылығын арттыруға тиіс.

Ішкі көші-қонның кешенді жүйесінің жұмыс істеуі нәжижесінде республикада соңғы 5 жылда ішкі көшіп-қонушылардың саны 337,8 мың адамнан (2012) 2016 жылы 610,7 мың адамға дейін артқаны, оның ішінде, өңіраралық көші-қонда (бір өңірден басқа өңірге) – 294,0 мың адам; өңірлік көші-қонда (бір өңір ішінде) – 316,7 мың адам қатысқаны байқалады.

Алматы, Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары халық ағынының негізгі өңірлері болып табылады.

Бұл ретте халықтың ұтқырлығын арттырудың қазіргі (стихиялық сипаттағы) жағдайларында кейбір кері үрдістер күшеюде:

1) Демографиялық дисбаланс. Қазіргі уақытта елдің солтүстік өңірлерінде (Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай областары) халық саны (барлығы 2,9 млн. адам) елдің оңтүстік өңірлеріне қарағанда аз (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары) (6,5 мың адам).

Бұл ретте болжамды деректер бойынша 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердің халқы 0,9 млн. адамға қысқаруы, ал оңтүстік өңірлердің халқы                 5,2 млн. адамға артуы мүмкін. Оңтүстік өңірлерде халықтың орналасу тығыздығы іс жүзінде солтүстік өңірлердің тиісті көрсеткішінен 4 есе асатын болады.

Бұдан басқа, солтүстік өңірлерде егде жастағы азаматтардың жоғары үлес салмағы байқалады. Қартаю индексі Солтүстік Қазақстанда – 53,1, Қостанай – 51,1 және Шығыс Қазақстан облыстарында – 46,2 жоғары, ал оңтүстікте керісінше егде жастағы адамдардың саны көп емес (Оңтүстік Қазақстан облысында – 12,1, Қызылорда облысында – 14,9).

Сонымен қатар, сарапшылық бағалау бойынша таяудағы 5 жылда жаңа жұмыскерлер ағынының баяулауы байқалады, бұл 90-жылдардың басындағы демографиялық құлдырауға негізделеді.

2) Экономикалық дисбаланс. Қазіргі уақытта оңтүстік өңірлерде (Алматы қаласын есептемегенде) халықтың 38%-ы тұрады, сөйте тұра  олардың жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ) үлесі 17%-ды ғана құрайды. Солтүстік өңірлерде (Астана қаласын есептемегенде) 17% халыққа ЖӨӨ-нің 13%-ы келеді.

Бұл ретте әлемдік практикада экономикалық өсім негізінен халық көп шоғырланған аудандарда болады. Дәл сонда негізгі инвестициялар барады, талантты жастар ұмтылады, сонда ғылым мен инновациялар қалыптасады.

Сонымен бірге, одан әрі дамуы мүмкін мынадай мәселелер бар:

1) ішкі көші-қон ағындарын өңірлік экономикалық өсу аймақтарына жіберудің мемлекет ынталандыратын нақты жүйесінің болмауы.

Бүгінгі күні халық негізінен өңірлік экономикалық өсім аймақтарына емес, дамыған қалалық агломерацияларға (Алматы, Астана ққ.) және өмір сүру сапасы тұрғысынан тартымды өңірлерге, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарына өз еркімен қоныс аударады. Мемлекет, басқа жағынан, халықтың жұмыс қолы көп өңірлерден еңбек ресурстарына сұраныс жоғары өңірлерге қоныс аударуын реттеуді ғана қамтиды. Алайда, ішкі көші-қон ағынын өңірлік экономикалық өсім аймақтарына ынталандыру жеткілікті деңгейде айқын және табысты болмай қалуда.

2) Ішкі көші-қонды тиісті деңгейде есепке алмау.

Қазіргі уақытта ішкі көшіп-қонушыларды есепке алу тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркелген кезде ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте көптеген азаматтар өзінің жеке меншік құқығында тұрғын үйі бола тұра тіркеуге тұрмауды жөн көретіндіктен, аталған жүйе жетілмеген. 2017 жылғы қаңтардан бастап адамдарға тіркелмегені үшін жауапкершілік енгізілген алғашқы аптаның өзінде тек Астана мен Алматы қалаларында 40 мыңнан астам адам тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін көрсетті, олар осы күнге дейін ішкі көшіп-қонушы ретінде есепке алынбаған және тиісінше тіркелмеген. Алайда, әкімшілік жауапкершілікті енгізудің өзі де ішкі көшіп-қонушылар толыққанды есепке алуға кепілдік бере алмайды.

  1. Әр түрлі сала қызметінде білікті жұмысшы кадрларды кетуі.

Соңғы үш жылда Қазақстаннан тұрақты тұру мақсатымен 91,9 мың. адам кеткен. Негізінен Қазақстан азаматтары тұрақты тұру мақсатымен Ресей Федерациясына – 78,2 адам, әсіресе шекаралас өңірлерден кетіп жатады. Сонымен бірге, Қазақстаннан тұрақты тұруға кететіндердің 43,8 %-ы 15 пен 34 жас аралығындағы жастар екені назар аудартады.

Қазақстан Республикасының жекелеген шекаралас аймақтарында халықтың экономикалық белсенділігінің төмендеуімен, бар инфрақұрылымның жай-күйінің нашарлануымен, қажет қызметтерді қашықтан алумен байланысты теріс факторлар байқалады. Осы аймақтарда халықтың елдің шалғайына кетуі және едәуір аумақтың депопуляциясы сияқты фактілер күшеюде.

Сыртқы (еңбек және этникалық), сондай-ақ ішкі (өңірлік және өңіраралық) көші-қон жүйелерінің жетілмеген ұлттық қауіпсіздіктің жалпы деңгейінің төмендеуі үшін алғышарттар тудырады.

Бір жағынан, сыртқы көші-қонды жеткілікті түрде реттемеу, елге заңсыз көшіп-қонушылардың (жұмыс күші және аз мөлшерде мәжбүрлі түрде көшіп-қонғандар түрінде), олармен бірге радикалданған әлеуметтік-агрессивті деструктивті элементтердің, сондай-ақ қылмыстық қауымдастық өкілдерінің енуіне алғышарт жасайды.

Басқа жағынан, ішкі көші-қонды жеткілікті түрде реттемеу, әлеуметтік қамсыздандыру мен шектеулі ресурстарды бөлу әрдайым қатар жүретін көші-қон адамдардың көп санының қоныс аударуын білдіретінін ескере отырып, халық наразылығының пайда болу, наразылық қатынастарының өсу және халықтың маргиналдануы  қатерлерін  туындатады.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта заңсыз көші-қонның сандық параметрлерін айқындау күрделене түскен (заңсыз көші-қонның ауқымын айқындаған кезде әдетте толыққанды көріністі бере алмайтын сарапшылық бағалаулар, ішінара зерттеулер қолданылады).

 

3. КӨШІ-ҚОН ПРОЦЕСТЕРІН РЕТТЕУДІҢ ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕСІ

 

Шет елдердің дамуын талдау әлемде көші-қон процестерін реттеудің бірыңғай әмбебап моделі жоқ екенін көрсетеді. Әрбір ел қалыптасқан мемлекеттік басқару және әлеуметтік-экономикалық даму жүйесін ескере отырып өз көші-қон саясатын қалыптастырады.

Сыртқы еңбек көші-қоны саласында.

Көптеген елдердің тәжірибесі бойынша ұлттық еңбек ресурстарының дамуы ұзақ уақыт жүретін процесс болып табылады, ол көп жағдайда экономиканың немесе оның жекелеген салаларының өсіп келе жатқан қажеттіліктерінен қалып жатады. Сондықтан еңбек ресурстарын шетелден тарту әдетте еңбекші кадрлардың жетіспеушілігі мәселесінің неғұрлым жедел әрі тиімді шешімі ретінде пайдаланылады.

Белгіленген елде мемлекетінде шетелдік күшіне қажеттілікті бағалаудың негізгі екі тәсілі бар, олар сауалнама арқылы және квота белгілеуге өтінім немесе нарықты еңбек сынағынан өткізу негізіндегі.

Сауалнама әдісін, мысалы, Италия қолданады. Италияда шетелдік жұмыс күшіне қажеттілікті бағалау италиялық Excelsior ақпараттық жүйесі арқылы еңбек нарығында еңбек ресурстары тапшылығының ауқымын айқындаудың мүмкін тәсілі болып табылатын сауалнама негізінде жүзеге асырылады.

Көптеген қарастырылған елдерде өтінім әдісі қолданылады: Германия, Испания, Канада, Ресей, Франция.

Мысалы, Канадада ел экономикасында жұмыс күшіне қажеттілік елдің 22 ірі газетінде жарияланған жұмысқа қабылдау туралы хабарландырулардың саны негізінде анықталатын индекс (Help-wanted Index) бойынша  есептеледі. Ол компаниялардың жаңа жұмысшыларды жалдауға дайындығын көрсететін жұмыс күшіне сұраныс индикаторы болып табылады.

Испанияда болса, шетелдік жұмыс күшіне сұранысты айқындаудың негізгі құралы «елдің жұмыспен қамту саласындағы жағдайы» және еңбек нарығының мұқтаждықтары туралы нақты көрініс беретін «Жұмыс күшінің дефициті бар мамандықтар каталогі» болып табылады.

Жұмыс күшінің тапшылығын айқындау және өлшеу туралы бірыңғай пікір жоқ. Мәселен, Ұлыбританияда жұмыс күшіне сұранысты бағалау еңбек көші-қоны бойынша бар ақпаратты талдау негізінде жанама әдіспен жүзеге асырылады.

Еңбек көші-қоны мәселелерін орталықтандыру деңгейі әртүрлі. Мысалы, Франция, Германия мен Испанияда жергілікті атқарушы органдар жұмыс күшінің дефицитін айқындауда маңызды рөл атқарады.

Көптеген елдерде еңбек күшін қабылдауға арналған квоталар белгіленген сандық шектеулер орнатылады. Квота білікті және біліктілігі төмен жұмыс күшіне қолданылуы мүмкін.

АҚШ заңнамасында жоғары жетістіктері, ғылыми дәрежесі және т.б. бар жоғары білікті шетелдік мамандар үшін квота белгіленеді, аталған санаттағылар үшін грин-картаны күту кезеңі әлдеқайда аз (үміткерлер санының аз болуы есебінен).

Көптеген елдер жұмысқа қабылдауға үміткерлерге қатысты балмен бағалауды қолданады. Мысалы, қазіргі канадалық қоғамның қажеттіліктеріне барынша жауап беретін білікті жұмысшыларды іріктеу үшін мынадай көрсеткіштер бойынша іріктеуден тұратын арнайы балдық жүйе әзірленген: білімі, тілді білуі, жұмыс тәжирібесі, жасы, жұмысқа орналасуы, бейімделуі.

Еңбек нарығын мониторингілеу мен болжамдау мақсатында оған талдау жүргізу үшін өкілеттіктер мен функцияларды нақты айқындаумен мықты талдамалық құрылымның болғаны маңызды (Ұлыбритания тәжірибесі – Көші-қон жөніндегі кеңесші комитет, Migration Advisory Council). Аталған құрылымда еңбек нарығы бойынша елдегі барлық ақпаратқа қолжетімділігі болуға және ол жұмыс күшінің ағымдағы дефицитін анықтау мақсатында үнемі талдау және мониторинг жүргізуге, сонымен қатар дефицитті бағалау әдіснамасын тұрақты жетілдіруге жауап беруге тиіс.

Бұдан бөлек, әлемдік практикада елге әлеуетті еңбек ресурстарын ұзақ мерзімді перспективаға немесе тұрақты тұруға тарту мысалдары да кездеседі.

Мәселен, Канадада шетелдік азаматтарды тарту мақсатқа сай болатын басым мамандықтар мен кәсіптердің тізімін айқындайтын Express Entry бағдарламасы бар. Шетелдіктер көп деңгейлі іріктеуден өтеді, оның барысында тілді білуінен бастап алған білім деңгейі мен дағдыларды меңгеру дәрежесіне дейін түрлі параметрлер есепке алынатын балдық жүйе бойынша олардың ел үшін тартымдылығы бағаланады.

Канадаға Express Entry бағдарламасы бойынша келетін шетелдіктер тұрақты тұруға ыхтиярхат алады және нақты жұмыс берушінің алдын ала шақыртуы бойынша жұмысқа орналасады.

Белсенді репатриациялық саясатты жүргізіп отырған шет елдердің (Германия, Ресей және Израиль) тәжірибесі репатрианттардың көшіп келуі мемлекеттің өмір сүруі мен қауіпсіздігінің негізі болып табылатынын көрсетеді.

Этникалық репатрианттарды тарихи отанына қайтаруға ықпал жасау саласында.

Германияның репатриациялық саясат моделі 100 мың адамға дейін құрайтын көшіп-қонушыларды қабылдауға арналған жылдық квотаны енгізуге бағдарланған. Бұл ретте Германияға кіруге үміткер этникалық немістерге тілді білуіне және неміс мәдениеті мен дәстүріне тиесілілігінің дәлеліне жоғары талаптар қойылады. Этникалық көшіп қонушылар ГФР-ге келген кезде осы үшін арналған жеті қабылдау лагерлерінің бірінде тіркеледі және белгілі бір жердің аумағында (әкімшілік бірлік) нақты бір қауымда тұруға жолдама алады. Репатриант мәртебесін алғаннан кейін көшіп-қонушылар автоматты түрде неміс азаматтығын алады. Әлеуметтік қолдауға келетін болсақ, неміс тілін оқыту курсы төленеді және зейнетақыны есептеу кезінде шыққан еліндегі еңбек өтілі есепке алынады.

Ресей Федерациясындағы көші-қон саясаты шетелде тұратын отандастардың ерікті түрде қоныс аударуына олар тіркелген соң және азаматтық алғанға дейін мектепке дейінгі тәрбиелеу, жалпы және кәсіптік білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту мемлекеттік және муниципалдық мекемелері қызметтерін  қамтитын өтемақы пакетін беру арқылы жәрдемдесуге бағытталған.

Израильде өзінің  этникалық/діни топқа тиесілілігін дәлелдеген адамдарға бастапқы орналасуға, күнделікті шығыстарға, пәтер жалдауға және ивритті үйренуге  қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл ретте көшіп келушілер шекарадан өтісімен азаматтық алады.

Ішкі көші-қон саласында.

Ішкі көші-қонды реттеу және халықты қоныстануға ынталандыру шеңберінде Қытай, АҚШ, Аустралия, Канада тәжірибесі қызығушылық тудырады.

Қытайда ішкі көші-қон Кедейлікпен күрестің 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы шеңберінде ынталандырылады. Бағдарлама шеңберінде жыл сайын 2 млн. адамды қайта даярлау, өндірісте жұмыс тәжірибесі бар 6 млн. адамды жұмысқа орналастыру, сонымен қатар 2 адамды қолайсыз аудандардан қоныс аударту жүзеге асырылады.

Бұл ретте қоныс аударушылар үшін қолжетімді бағалар бойынша тұрғын үйді жалға беру және экономикалық қолжетімді пәтерлер құрылысын қоса алғанда, тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін құру қарастырылады.

АҚШ-та ел ішіндегі көші-қон салықтық стимулдар арқылы екі бағыт бойынша ынталандырылады: көшетін жұмыскер үшін; осындай жұмыскерді жалдайтын жұмыс беруші үшін.

Көшетін жұмыскерге қоныс аударуына байланысты негізгі шығындар (жол жүруге, жүкті өткізу мен тасымалдауға, қойма орын-жайын алуға және басқасына жұмсалатын шығындар) бойынша салықтық шегерімдерге құқық беріледі. Салық қызметі (IRS) біліктілік талаптарын, оның ішінде көшу фактісін растау қажеттігін, жаңа жұмыс орнының аумақтық алшақтығына тест, жұмысты іс жүзінде жүзеге асыратынына тест және басқаларын белгілейді.

Қоныс аударушыларды жалдайтын жұмыс берушіге жұмысқа қабылданған қоныс аударушылар қатарынан әрбір қосымша адам үшін жылына 3,000$ дейін салық жеңілдіктері ұсынылады.

Аустралияда 2015 жылы «JOBACTIVE» бағдарламасы жаңартылды, оның мақсаты – ұзақ мерзімді жұмыссыздық деңгейін бұрынғы тұрғылықты жерінен кемінде 90 минуттық жерде орналасқан өзге өңірге қоныс аударып жатқандарға қаржылай көмек көрсету арқылы төмендету. Адам ауылдық жерге қоныс аударған жағдайда бір жолы $6,000 (алдында $4,500) алады, егер астанаға көшетін болса, небәрі $3,000 алады, бұл ретте қатысушы кәмелетке толмаған балалары болған жағдайда қосымша $3,000 (бұның алдында $2,000) ала алады. Қаражатты жалдау, коммуналдық және көлік қызметтері үшін төлеуге жұмсауға болады.

Канадада ел ішіндегі көші-қон жұмыс беруші үшін салық алымдары арқылы ынталандырылады. Жұмыс беруші жұмыскерді бір өңірлік офистен басқасына ауыстырғанда көшіруге шығындалған қаражат сомасы салық салынатын сомадан шегеріледі. Көшуге және жүкті тасымалдауға жұмсалған  шығындар, комуналдық жазылымдарды (телефон, телевидение, интернет және т.б.) қайтаруға жұмсалған шығындар, бұрынғы тұрғылықты жері бойынша жылжымайтын мүлікті сатуға жұмсалған шығындар, жүргізуші куәлігін және басқа рұқсаттарды өзгертуге байланысты шығындар шегеруге жатады.

Канадада ел өңірлерінен білімдарлардың кетуін болдырмау бойынша бағдарламалар бар. Мысалы, Саскачеван провинциясында оқуды енді бітірген түлектерге өңір аумағында жеті жыл бойы тұру және жұмыс істеу шартымен $20,000 ұсынылады.

Көптеген елдерде (Оңтүстік Корея, Тайвань, Малайзия, Гермения, Ресей Федерациясы) білікті кадрлардың эмиграциясының алдын алу және бұрынғы отандастардың репатриациясы үшін экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсарту бойынша стратегиялар қабылдануда.

Тайваньда және Кореяда тәжірибелі мамандар мен ғалымдарға шет елдердегі табыспен салыстыруға келетін жоғары айлықақы, жұмыс істеу үшін ең жақсы жағдайлар, тұрғын үймен және балаларының білім алуына көмек көрсетуді ұсыну арқылы оларды іздеп табатын қызметке тарту құрылымдары белсенді жұмыс істейді. Отанына оралуды жоспарламайтын мамандар мен оқытушылар үшін дәрістер курсын оқуға шақыру бағдарламалары жасалған. Қазіргі уақытта екі ел де жетекші мамандарының іс жүзінде оралуына қол жеткізу міндетімен шектеліп қана қоймай, өз диаспораларын трансұлттық желілерге жұмылдыруға тырысады. Бұл үшін олар шетелде тұратын мамандардың шоғырын қалыптастырады және оларды отандағы мамандармен байланыстырады.

Малайзияда Үкімет білім алуға стипендия бөлу, мүлікті алып өтуге салықтан босату және отбасы мүшелеріне тұрақты тұруға мәртебе беру жолымен талантты адамдарды тарту, дамыту және ұстап қалу мәселелері бойынша корпорациялармен жұмыс жасайды.

Көші-қон процестерін реттеудің әлемдік тәжірибесін жалпылау Қазақстан Республикасында қолдануға болатын мынадай тетіктерді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді:

1) демографиялық қажеттілік пен еңбек нарығындағы сұранысқа, әлемдік озық тәжірибеге сәйкес көші-қон саясатын жетілдіру;

2) теңгерімді көші-қон саясатын квоталаудың шектеулі тетіктерімен және жоғары білікті жұмыс күшін тартудың селективті әдістерімен үйлесімділікке әзірлеу;

3) еңбек нарығының қажеттілігін, оның ішінде төмен және жоғары білікті кадрларға қажеттілігін мониторингілеу мен бағалау жүйесін құру және елге қажет мамандықтардың тізбесін дайындау;

4) жұмыс күшін қоныстандыру және жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге, ауыл – ірі қала және агломерация бағыттары бойынша қайта бөлудің икемді саясатын әзірлеу;

5) еңбек ресурстарының ерікті түрде қоныс аударуына қатысушы жұмыс берушілерді ынталандыру;

6) белгіленген қоныстандыру өңірлеріне білікті жұмыс күшінің белсенді түрде қоныс аударуы үшін преференциялар тізбесін қалыптастыру;

7) жоғары білікті кадрларды ұстап қалу үшін тұрақты тұруға ыхтиярхат және азаматтық алуды қоса алғанда, арналарды кеңейту;

8) білікті кадрлардың кетуін болдырмау бойынша шаралар әзірлеу;

9) шет елде тұратын этникалық репатрианттардың тұрақты тұруға қоныс аударуына жәрдемдесу.

 

4. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты, міндеттері және іске асырылу кезеңі

 

Көші-қонның қазіргі жай-күйін және оның даму перспективаларын талдау көші-қон мәселелерін шешуде негізгі мақсаттар мен басымдықтарды және көші-қон процестерін реттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Негізгі мақсаттар:

1. Экономиканың қажетті жұмыс күшіне мұқтаждығын қамтамасыз ету, көші-қонды мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді және ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттеріне бағдарлау.

2. Халықты Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қоныстандыруға арналған оңтайлы жүйені қалыптастыру.

3. Көші-қонмен байланысты қауіптер контекстінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қойылған мақсаттарға жету үшін мынадай негізгі міндеттерді шешу болжанады:

  1. Халықтың ішкі көші-қонының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мақсаттарына бағытталған тиімді жүйесін құру.
  2. Сыртқы еңбек көші-қонның еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму және қолайлы инвестициялық климат жасау мақсаттарына бағытталған тиімді жүйесін құру.
  3. Этникалық көші-қонның Қазақстан Республикасына келетін этникалық репатрианттар үшін бейімдеу және ықпалдастырудың қолайлы жағдайларын жасауға бағытталған тиімді жүйесін құру.
  4. Заңсыз көші-қонның жолын кесу жөніндегі шараларды күшейту.

Тұжырымдаманы іске асыру мерзімі: 2017-2021 жылдар.

Қойылған мақсаттарға жету мүмкіндігіне және қойылған міндеттерге сәйкес көші-қон процестерін тиімді реттеудің тұрақты жағдайларын жасауға және 2021 жылға дейінгі кезеңге арналған Іс-шаралар жоспарында көзделетін жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететін неғұрлым басым іс-шараларды іске асыру болжанып отыр.

 

 

  1. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫНЫҢ ЖАЛПЫ ҚАҒИДАТТАРЫ МЕН БАҒЫТТАРЫ

 

         Көші-қон саясатының басым мақсаттары мен міндеттері келесі қағидаттар негізінде жүзеге асырылатын болады:

1) халықтың көші-қоны саласында қабылданатын шешімдердің негізділігі мен басымдылығы;

           2) көші-қон процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету;

           3) көші-қон процестерін реттеудің жүйелілігі мен кешенділігі;

4) көшіп-қонушылардың құқықтарын сақтау және қорғау, нәсілі, тілі, діні, жынысы, этникалық және әлеуметтік шығу тегі белгілері бойынша  кемсітуді болдырмау;

5) көші-қон процестерін реттеу саласындағы заңдар ережелерінің және халықаралық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету;

6) көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы;

7) көші-қон процестерін басқару және реттеу саласында халықаралық танылған стандарттарды сақтау контексінде әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық келісім мен толеранттылықты  қамтамсыз ету және сақтау бөлігінде  ұлттық мүдделердің басымдылығы.

Халықтың ішкі көші-қонының еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына бағытталған тиімді жүйесін құру жөніндегі жұмыс мынадай бағыттар бойынша жүргізілетін болады:

  1. Ішкі көшіп-қонушылар мен оралмандарды жұмыс қолы көп өңірлерден Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған жұмыс қолы жетіспейтін өңірлерге, соның ішінде шекара маңындағы елді мекендерге қоныс аударту:
  • қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру мәселелері шешілетініне кепілдік ала отырып, жұмыс берушілерді азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуы процесіне тарту;
  • жұмыс берушілерге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір маман үшін субсидиялар беру;
  • алдын ала кәсіпкерлік негіздерін оқытып, жаппай кәсіпкерлікті дамытуды жеңілдетілген микрокредиттер шенберінде субсидиялар беру жолымен солтүстік өңірлерде, оның ішінде шекара маңындағы аумақтарда кәсіпкерлікті дамыту;
  • ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыру немесе коммерциялық мақсатта, бақша өсіруге өтеусіз жер пайдалану құқығында конкурссыз, қайтарымсыз құқықта оралмандарға жер учаскелерін беру;
  • тұрғын үй құрылыс жинақтау бағыты бойынша субсидиялар мен тұрғын үй қарызын берудің жеңілдетілген  тетігін қарастыру, сондай ақ екінші нарықтағы баспананы ауылдық аумақта сатып алу қаржысына мүмкіндік беру, бір жылдың ішінде баспананы жалдауға жұмсалған шығындарды мемлекеттің өтеуі, жол шығыны субсидиялары мемлекеттік міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету;
  • «Серпін» бағдарламасының (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі) қатысушыларын шығу өңіріне қарамастан жұмыспен қамту белсенді шаралары шенберінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағдарламасына тарту;
  • жоспарланған ішкі көші-қонның жаппай сипатын ескере отырып, қоныс аударушыларды келген өңірлерінің мектепке дейінгі және мектепте білім беру ұйымдарында орындармен қамтамасыз ету;
  • солтүстікке келген халықтың белсенді ассимилляция үшін уақыты жеткілікті болуы мақсатымен айтарлықтай ұзақ мерзімді кезеңге жұмыс орындарын құру арқылы ірі жобалардың іске асуын қамтамасыз ету.
  1. Урбандалу және көшуге, баспананы жалға алу шығыстарын өтеу мен коммуналдық қызметтерге төлеуге субсидиялар беру кіретін мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жолымен экономикалық әлеуеті төмен ауылдардан облыстық, (аудандық) деңгейдегі қалаларға қоныс аударуды ұйымдастыру,.

3) Ішкі көші-қонды есепке алуды жетілдіру.

4) Эммиграцияның қысқаруы мен тұрақтануына, оның ішінде республикамыздың интелектуалдық әлеуетінің кетуінің алдын алуға ықпал ету.

Сыртқы еңбек көші-қонының еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму және еліміздің қолайлы инвестициялық климатын құру мақсаттарына бағдарланған тиімді жүйесін құру жұмысы мынадай бағыттар бойынша жүргізілетін болады:

  1. еліміздің жоспарланған әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін білікті шетелдік жұмыс күшіне нақты өңірлік қажеттілікті белгілеу.
  2. Елімізде шетелдік жұмыс күшін есепке алуды, экономикалық талдауды және жобалауды жетілдіру.
  3. Білікті шетелдік жұмыс күшінің ағындарын еліміздің дамуының басым (серпінді) жобаларына бағыттау (осындай тарту жеңілдікті негізде жүзеге асырылатын болады).
  4. Ұзақ мерзімді еңбек келісімшартын ұсына отырып, білікті шетелдік мамандарды елімізге тұрақты тұруға тарту.

Этникалық көші-қонның Қазақстан Республикасына келетін этникалық репатрианттар үшін бейімдеу мен ықпалдастырудың қолайлы жағдайларын жасауға бағдарланған тиімді жүйесін құру жұмысы мынадай бағыттар бойынша жүргізілетін болады:

  1. Шетелдегі қазақ диаспорасы, мынадай:
  • шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен мәдени өзара байланысты кеңейту;
  • шетелде қазақстандық мәдениетті ілгерілетуде қажетті көмек көрсету жолымен Қазақстан халқы Ассамблеясының,  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүмкіндіктерін кеңейту;
  • экономиканың басым салаларын дамыту үшін кәсіпкерлерді тарту;
  • қажетті біліктілігі бар этникалық қазақтарды Қазақстан аумағында өз бетінше жұмыспен орналасуы үшін талантты этникалық репатрианттарды тарту стимулдарын жасау (5 Дүниежізілік қазақтардың құрылтайындағы ұсыныс);
  • қазақстандық кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу үшін білікті мамандарды жіберу;
  • Назарбаев Университетіне тағылымдамаға әлемнің ең үздік 100 университетіне оқушыларды жіберу;
  • Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарына түсуге ықпал жасау мақсатында этникалық репатрианттар үшін дайындық курстарын жүргізу (5 Дүниежізілік қазақтардың құрылтайындағы ұсыныс);
  • Қазақстан Республикасына өз еркімен қоныс аударуға ниеттенген этникалық репатрианттарды ақпараттандыру мен құжаттарын әзірлеу бойынша Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің жұмысын күшейту (5 Дүниежізілік қазақтардың құрылтайындағы ұсыныс);
  • шетелде тұратын этникалық қазақтарға ана тілін оқытуды ұйымдастыру (5 Дүниежізілік қазақтардың құрылтайындағы ұсыныс);
  • этникалық қазақтармен жұмыс жөніндегі ақпаратпен алмасу жүйесін, телебағдарламалар мен веб-ресурстар циклдарын, сондай-ақ ұлтаралық және дінаралық мәдениетті дамыту жолымен қолдауды күшейту контекстінде олармен жұмыс жасау.
  1.  оралмандардың солтүстіктік, солтүстік-шығыс өңірлерде қоныстануын:
  • тұрғын үй құрылыс жинақтау бағыты бойынша субсидиялар мен тұрғын үй қарызын берудің жеңілдетілген  тетігін қарастыру, сондай ақ екінші нарықтағы баспананы ауылдық аумақта сатып алу қаржысына мүмкіндік бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге оралмандардың ерікті түрде қоныс аударуы және жол жүру, баспананы жалға алу шығыстарын өтеуге және коммуналдық қызметтерге төлеуге субсидия беру бойынша мемлекеттік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету;
  • алдын ала кәсіпкерлік негіздерін оқытып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бөлігінде жеңілдетілген микрокредиттер шенберінде субсидиялар беру кәсіпкерлікті этникалық қазақтар үшін дәстүрлі бағыттар (ауыл шаруашылығы, сауда) мен олардың әлеуетті қабілеттері бойынша дамыту мақсаты арқылы жандандыру;
  • ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыру немесе коммерциялық мақсатта, бақша өсіруге өтеусіз жер пайдалану құқығында конкурссыз, қайтарымсыз құқықта оралмандарға жер учаскелерін беру;
  1. Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарының қызметі мен функцияларын қайта форматтау, оған:
  • этникалық қазақтардың ағыны ең жоғары өңірлерде оралмандардың бейімделуі мен ықпалдасуына жәрдемдесуді қамтамасыз ететін инфрақұрылымды құру;
  • оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарының этникалық репатрианттардың әлеуметтік-мәдени және тілдік бейімделуіне бағдарланған жұмысының тиімділігін, сондай-ақ қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз ету үшін орталықтардың қызметіне мониторинг және бақылау жүргізу жолымен олардың қызмет көрсетуінің ашықтығын арттыру кіреді.
  1. қолданыстағы заңнамада елге кіру, тұрақты тұруға рұқсат, медициналық және әлеуметтік көмек алу, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру, азаматтық алу, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша көзделген жеңілдіктерді ұсыну арқылы этникалық репатрианттарға әлеуметтік қолдау көрсету.
  2. Жоғарғы білім беру, орта, кәсіби және техникалық ұйымдарға оқуға түсуге қабылдау квотасының көлемін 2 есеге ұлғайту және этникалық репатрианттарды оқыту үшін жағдайды жетілдіру, сондай-ақ этникалық қазақтардың балаларын білім алуға тарту (5 Дүниежүзі қазақтар құрылтайындағы ұсыныс).

Заңсыз көші-қонның жолын кесу жөніндегі шараларды күшейту жұмысы мынадай бағыттар бойынша жүргізілетін болады:

  1. заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылдың құқықтық базасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік шараларын жетілдіру;
  2. заңсыз көші-қон фактілерінің, ол әкеп соқтыратын теріс салдарлардың алдын алу мен жолын кесу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында иммиграциялық бақылау жүйесін дамыту және шет мемлекеттермен шарт жасасу процесін жалғастыру мен реадмиссия туралы тиісті келісімдер жасау;
  3. шетелдік инвестицияларды тарту және инвестициялық климатты жақсарту мақсатында визалық режимді одан әрі жеңілдету;
  4. заңсыз көші-қон каналдарын ұйымдастыруға қарсы іс-қимыл;
  5. ведомствоаралық өзара іс-әрекетті, оның ішінде шет мемлекеттердің құзырлы органдарымен заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпаратпен алмасуды жетілдіру;
  6. көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында азаматтармен және жұмыс берушілермен ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту.

 

6. КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕЛЕР

Тұжырымдамада көзделген шараларды іске асыру көші-қон ағындарын реттеу жүйесін жетілдіруге; этникалық қазақтарды қабылдау, олардың қазақстандық қоғамға бейімделуі мен ықпалдасуы үшін жағдай жасауға; білікті ұлттық еңбек нарығын қалыптастыру үшін сыртқы еңбек көші-қонының мүмкіндіктерін пайдалануға; ішкі көшіп-қонушыларды қоныстандыру бойынша тиімді шаралар қолдануға мүмкіндік береді.

Тұжырымдаманы іске асыру процесінде мынадай нәтижеге қол жеткізіледі:

  1. Тұрғындардың еліміздің жұмыс қолы көп өңірлерінен жұмыс қолы жетіспейтін өңірлеріне, солтүстік, солтүстік-шығыс өңірлерінің шекара маңындағы елді мекендеріне, сондай-ақ өңірлік экономикалық өсім аймақтарына қоныс аударуын ынталандырудың тиімді жүйесі құрылатын болады.
  2. Ішкі көші-қонды есепке алу жүйесі жетілдірілетін болады. Ішкі және сыртқы еңбек көші-қоны жүйелері толықтыру қағидаты бойынша бір-бірімен үйлестірілген және өзара байланысқан болады;
  3. Еліміздің жоспарланған әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін білікті шетелдік жұмыс күшіне нақты өңірлік қажеттілікті белгілеу жүйесі әзірленеді;
  4. Елімізде шетелдік жұмыс күшін есепке алу, экономикалық талдау және болжамдау жүйесі жетілдіріледі;
  5. Білікті шетелдік жұмыс күшінің ағындарын еліміздің дамуының басым (серпінді) жобаларына бағыттау (жеңілдікті негізде);
  6. Ұзақ мерзімді еңбек келісімшартын ұсына отырып, білікті шетелдік мамандарды елімізге тұрақты тұруға тарту жүйесі пысықталады.

 

7. ТҰЖЫРЫМДАМАНЫ КЕЛЕСІ НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР АРҚЫЛЫ ІСКЕ АСЫРУ БОЛЖАМДАНАДЫ

 

         Мынадай нормативтік құқықтық актілер арқылы қойылған міндеттерге жету болжанады.

1) «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы Заңы;

2) «Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 маусымдағы Заңы;

3) «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңы;

4) «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңы;

5) «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген;

6) «Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі              № 118 Жарлығымен бекітілген.

7) «Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын және Әлеуметтік жаңғыртудың 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 сәуірдегі № 396 қаулысымен бекітілген;

8) «Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы № 732 Жарлығымен бекітілген;

9) «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы № 874 Жарлығымен бекітілген;

10) Инфрақұрылымды дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 1030 Жарлығымен бекітілген;

11) «Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негізгі ережелері» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 желтоқсандағы № 1434 қаулысымен бекітілген;

12) «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 168 қаулысымен бекітілген;

13) «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 919 қаулысымен бекітілген.

 

 

 

_________________________

 

 

 

ТіркемеМөлшер
Microsoft Office document icon pz_gos.doc47.5 KB
Бөлімдер:
19 шілде, 2017 - 18:38 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші